Тас қақпа кезеңі Қола қақпа кезеңі Күміс қақпа кезеңі Алтын қақпа кезеңі

Л. Н. Толстойдың «Егер мұғалім өн бойына өз ісіне және шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол — нағыз ұстаз» деген өсиетті сөзін педагогикалық еңбегіне тірек еткен Базарбаева Айжамал Сағынғалиқызы — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жаңашыл ұстаз.

Сабақтың тақырыбы

Сөйлем

Мақсаты

Сөйлем — сөздердің әр алуан тұлғада өзара тіркесіп, белгілі бір дәрежеде тиянақталған ойды білдіруі.

Тәрбиелік мәні

Қазақ тілі — ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтың асыл мұрасы (22 қыркүйек — Тіл мерекесіне арналған).

Дамытушылық бағыты

Сөйлемнің басты белгілерінің бірі — интонация.

Көрнекілігі

Компьютер, интерактивті экран, музыкалық аспаптар және өзге де жаңа технологиялық құрал-жабдықтар.

Сабақтың түрі мен әдісі

  • Дәріс сабақ
  • Пәнаралық байланысқа негізделген оқыту
  • Жәрмеңке сабақ
  • Концерт сабақ
  • Көзқарас сабақ
  • Іздендіру сабақ
  • Практикалық сабақ
  • Ойын сабақ
  • Халықтық педагогика элементтері бар сабақ

Сабақ құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру бөлімі
  2. 2 Үй тапсырмасын пысықтау (алдыңғы сағаттарда берілген 2 сағаттық диктант)
  3. 3 Жаңа тақырып

Жаңа тақырып: сөйлем және оның қызметі

Мұғалімнің түсіндірмесі

— Мектебімізде Тіл мерекесіне арналған әдеби кеш өтетінін Еламан айтып еді.

— Әдеби кеш бүгін бола ма?

— Бүгін сағат алтыда басталады.

Бұл диалогте екі адам сөйлесіп, қарым-қатынасқа түсіп, пікір алмасады. Мұнда тиянақты ой білдіріп тұрған үш сөйлем бар: біріншісі — Еламанның айтқаны туралы, екіншісі — кештің болатынын нақтылау мақсатындағы сұрақ, үшіншісі — тыңдаушының жауабы.

Демек, сөйлем ең алдымен коммуникативтік қызмет атқарады: ол — қарым-қатынас жасаудың негізгі құралы.

Ойын арқылы меңгерту: «Алтын қақпа»

Сабақ әрі қарай ұлттық-танымдық мақсатта «Алтын қақпа» ойыны арқылы жүргізіледі. Ойын кезеңдері оқушының тілдік білімін ғана емес, ойлау мәдениетін, сөйлеу мәнерін, тыңдау дағдысын да дамытады.

Тас қақпа

Айдар: «Даналық ойдан дән ізде»

«Ана тілі дегеніміз — сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана аяққа басады.»
Ғабит Мүсірепов

Тапсырма

Ұлағатты сөзге түсінік беру. «Өгей» сөзінің мағынасын ашып, анықтама жасау.

Оқушы пікірі (үлгі)

Ана тілі — білімнің кілті, халықтың өткені мен бүгініне, болашағына жол ашатын құндылық. Ана тілін менсінбейтіндер — туған тіліне жанашырлық танытпайтын жатбауыр адамдар.

Оқушы пікірі (үлгі)

Ана сүтімен бойға даритын тіліміз — қазақ тілін мәңгілікке жалғастыратын да біз. Қазақ тілін өгейсініп, аяққа басуға жол бермейміз. Қазақ тілі — дара тіл, дана тіл.

Нәтиже: «Тас қақпа» кезеңінде тапсырманы сәтті орындаған оқушыларға гүл сыйланады.

Қола қақпа

Айдар: «Өнер алды — қызыл тіл»

Экраннан «Ананың тілі» әні (мәтіні және әуені) беріледі. Оқушылар мен сабаққа қатысушылар бірге орындайды.

«Ананың тілі»

Сөзі: Ш. Смаханұлы • Әні: Ә. Тінәлиев

Өмірге келдім, анамды көрдім,

Деді ұл-қызын: «Алтыным менің».

Әнімен әсем, жырыңмен желпіп,

Үйретіп тынбай бал тілін оған.

Қайырмасы:

Ананың тілі — қуатым менің,

Ананың тілі — мұратым менің.

Еске алам сені айға да қарап,

Жұлдызға қарап, жаныма балап.

Теңеймін гүлге қызылды-жасыл,

Ардақтым менің, аяулы анам.

Қайырмасы:

Ананың тілі — қуатым менің,

Ананың тілі — мұратым менің.

Мектепке бардым, ұстазды көрдім,

Сөзін тыңдадым, оған табынам.

Ананың тілі — аяулы ұлы,

Алдымнан шықты сөзі тағы да.

Қайырмасы:

Ананың тілі — қуатым менің,

Ананың тілі — мұратым менің.

Сұрақтар

  • Өлеңнің тақырыбы мен идеясы қандай?
  • Берілген шумақтарды өз сөзіңмен сөйлемге айналдыр.

Оқушы жауабы (үлгі)

1-шумақ: Біз анамыз арқылы өмірге келіп, қазақ тілін бал тілімізден бастап үйрендік.

2-шумақ: Анамызды айға, жұлдызға, гүлге теңеуге болады, өйткені ана тілі мен ана сүті — бір-бірімен сабақтас қасиетті ұғым.

3-шумақ: Мектептегі ұстаздар да ана тілінің қадірін танытып, оның ұлылығын үйретеді.

Оқулық тапсырмасы

10-жаттығу

Нәтиже: «Қола қақпа» кезеңінде оқушыларға бос уақытта өнерін шыңдасын деп домбыра сыйға тартылады.

Күміс қақпа

Айдар: «Аталар сөзі — ақылдың кені»

«Ата тұрып ұл сөйлесе, ержеткені болар…»

Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман Малайсарымен сөйлесіп отыр екен. «Балалар, аман ба?» — деп амандасқанымен, олар елемей өзара сөйлесе береді.

Сонда Сырым жолдасына: «Жүр, кетейік. Бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой!» — дейді. Малайсары жалт қарап: «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без. Ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сайраған мына бала кім?» — дейді.

Сырым: «Ата тұрып ұл сөйлесе, ержеткені болар. Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар», — деп жауап береді. Сонда Малайсары: «Сен толған екенсің, мен тозған екенмін», — деп Сырымды қасына шақырған екен.

Тапсырмалар

  • Мәтінді рөлге бөліп оқу.
  • «Ата», «ана» сөздеріне грамматикалық сатылай кешенді талдау жасау.

Нәтиже: «Күміс қақпа» кезеңінде естелік ретінде қоян ойыншығы сыйға беріледі.

Алтын қақпа

Айдар: «Бұлақ көрсең, көзін аш» (шығармашылық жұмыс)

Сандар

5, 20, 25 — тәуелсіздік

10, 15, 30 — қазақ тілі

Тапсырма

Сандардың артында жасырылған сөздер беріледі. Ашылған сөзге (мысалы, «Тәуелсіздік», «Қазақ тілі») өлең немесе шағын әңгіме жазу.

Кейін оқушылар өз таңдауы бойынша «сандықтағы қазынадан» кітап немесе сыйлық алып, таңдауының себебін қысқаша әңгімелейді.

Нәтиже: «Алтын қақпа» кезеңінде оқушыларға қазына сандығы және кітаптар ұсынылады.

Қорытынды

Мұғалім қорытынды сөзінде білім іздеген, ел ертеңін ойлайтын шәкіртке тілдің мәнін айқындай отырып, 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауында айтылған ойға назар аударады: қазіргі заманда қазақстандық үшін үш тілді білу — жеке табыстылықтың маңызды шарты; 2020 жылға қарай ағылшын тілін меңгерген тұрғындар үлесі кемінде 20% болуы тиіс.

Қазақ тілінде де, орыс тілінде де, ағылшын тілінде де «сөйлем» тақырыбы кездеседі. Сөйлем — адамның қарым-қатынас жасап, пікір алмасуы үшін қажет негізгі тілдік бірлік.

Үй тапсырмасы

«Гүлденерсің әлі де, түрленерсің, Қазақ тілі — мәңгісің, осыны бәрі білсін!» тақырыбында шығарма жазу.

Бағалау

Оқушыларға бағалау парағы үлестіріледі. Оқушы өзін-өзі бағалау арқылы өз жұмысына рефлексия жасайды.