Армысыздар құрметті оқушылар, ата - аналар
Сабақ тақырыбы: Наурыз көже
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпында ерекше орын алатын Наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру: табиғат пен адам байланысын ашу, қазақы жаңа жылдың келу салтанатын жас ерекшеліктеріне сай әрі оқушыларды белсенді қатыстыра отырып ұғындыру. Сондай-ақ ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғырту, имандылыққа тәрбиелеу, тіл мен діннің қадір-қасиетін нығайтуға бағыт беру.
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- Қима-кеспелер
- Суреттер
- Наурыз көже
Сабақтың барысы (I бөлім)
Үй жұмысын тексеру
Оқушылар үй жұмысын жұптасып бір-біріне әңгімелейді. Кейін мұғалім қысқа психологиялық дайындық жүргізеді:
- Көзіңді жұмып, жүрегіңнің соғысын тыңда.
- Өз отбасыңды еске түсір.
- Жан-жүрегіңді жылытатын ең ыстық сөзді ойла.
Оқушылар ата-аналарынан қандай жылы сөз естігілері келетінін айтады және өздері де ата-аналарына жылы сөздер арнайды.
Жаңа сабақ
Жаңа тақырып таныстырылады. Оқулықпен жұмыс жүргізіліп, мәтін талданады. Қосымша танымдық мәліметтер беріледі.
Наурыз мерекесінің танымдық мәні терең: өзіндік рәсімдері, шартты талаптары көп. Ұлыстың ұлы күні дайындалатын Наурыз көже туралы “Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар” деген наныммен, халық көжені тоя ішу ғұрпын сақтаған. Сол себепті Наурыз көжені “көп көже”, “тоқ көже” деп те атаған.
Наурыз көжеден әркімнің өзі құйып алуына ерік берілгені — бұл мейрамның теңдік, еркіндік, имандылық ұстанымдарымен астасатынын аңғартады.
“7” санының қасиеті
Қазақ танымында 7 саны киелі. Тілімізде де “біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу” деп айтылады. Ал “сегізеу”, “тоғызеу” секілді қолданыстар жоқ.
- 7 қазына
- 7 ата
- 7 күн
- 7 қат көк
- 7 музыкалық дыбыс
Табиғат пен тағам байланысы: Наурыз көженің “түстері”
Наурыз көженің қасиетін түсіндіру үшін халық тағам түрлерін даналықпен топтап, оларды белгілі бір түстерге балаған.
Көк
Көктемде тасқан су жер-дүниені көк толқынға бөлейді.
Қызыл
Ет тағамдарының бәрін қызылға балайды: қазақ ұғымында ет — қуат, жұғым, тоқшылық белгісі.
Жасыл
Жерден өсетін өнімдер, өсімдіктің дәні мен көгі.
Ақ
Сүт тағамдарының бәрі — ақтың, берекенің нышаны.
Сары
Май — “ең асылын сары майдай сақтау” түсінігімен астасады.
Қоңыр
Бидай, тары, талқан; көжеге қосылатын ұн, кеспе.
Қара
Тұз — қасиетті “қара дәм”. Халық “қара бас тұз” деп қадірлеген.
II бөлім: Мерекелік тәрбие сағаты (ашық сабақтың жалғасы)
Құттықтау сөздер
Мұғалім: Біздің кең байтақ даламызға жаңа жыл келді. Жыл басы — Наурызға арналған мерекелік тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті оқушылар мен ата-аналар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
2-жүргізуші: Армысың, Наурыз — аңсаған! Қуанып қарсы алдық сені біз.
Мұғалім: Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Әр адам келер жылдан үміт күтіп, ақ ниетпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын!
Ақ тілектер
1-жүргізуші: Наурыз тойы құтты болсын, дендерің сау, мықты болсын! Аман-есен болайық — баршаңызға тілегім осы!
1-оқушы: Айтқаныңыз келсін, пәле-жала жерге енсін!
2-оқушы: Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
3-оқушы: Еліміздің несібесі көп болсын, даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!
Қызыр баба туралы түсінік
Халықтың ежелгі түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды. Қызыр баба — адам баласына дәулет дарытып, бақ қондыратын, жақсылықтың жаршысы саналатын қиял-ғажайып кейіпкер. Наурыз қарсаңында Қызыр баба мұнтаздай таза үйге кірсе, ол отбасы жыл бойы ауру-сырқаудан, дау-дамайдан, пәле-жаладан аман болады деп сенген.
“Ұйқыашар” және “Селт еткізер” дәстүрі
Ұйқыашар
Наурыз мейрамында бойжеткендер өздері ұнатқан жігіттеріне арнап, соғымның соңғы етіне қосып пісірілген ерекше дәм — ұйқыашар дайындаған.
Селт еткізер
Ал жігіттер мен бозбалалар сүйіктілеріне айна, тарақ, иіссу секілді сыйлық ұсынып, оны “селт еткізер” деп атаған.
Наурыз сөзінің мағынасы
Наурыз — “жаңа күн” деген ұғым. Бұл атау иран тіліндегі “нау” (жаңа) және “руз” (күн) сөздерінен тараған.
Наурыз — мал төлдеп, ырыс-несібе артатын, тіршілік жаңаратын берекелі мезгіл.
Наурыздағы игі істер
“Бұлақ көрсең — көзін аш”: бастаулардың көзін ашу.
“Бір тал кессең — он тал ек”: бұлақ басына тал егу.
Күнге тәу етіп: “Армысың, қайырымды Күн Ана!” деп сәлем беру.
Бұлақ көзіне май құю, жаңа егілген ағаштарға ақ бүрку.
Дастархан мәні
Наурыз таңында үлкендер күрек алып, аналар құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. Сүр ет — қыс тағамымен қоштасуды, ал сүт пен айран — жас тағаммен қауышуды білдіреді. Наурыз көжені тоя ішу — жыл бойы тоқшылық болсын деген ниет.
III бөлім: Қорытынды тапсырмалар
Сабақты бекіту мақсатында әр қатарға төмендегідей тапсырмалар ұсынылады:
I қатар
“Жаңа жылдан біз не күтеміз?” тақырыбында эссе жазу.
II қатар
Топтастыру: “Наурыз мерекесі қандай мереке?”
III қатар
Наурыз дастарханындағы ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер және ұлттық ойындар туралы жазу.
Қорытынды ой
Наурыз — ең алдымен ізгі салт-дәстүрлерді еске түсіріп, мағынасын жас ұрпаққа ұғындыратын, халқымыздың асыл мұрасын сақтауға үндейтін мереке. Ол жаман әдеттерден қорғайтын, адамгершілікке тәрбиелейтін құндылықтарды дәріптейді.
Оқушылар хормен: “Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!”
Сабаққа белсене қатысқан оқушылар бағаланады. Сабақ соңында ата-аналар әзірлеп әкелген Наурыз көжеден дәм татылады.