Балалардың бояумен сурет салуға қызығушылығын арттыру

Түсінік хат

«Өнерлі екен – он саусақ» вариативті сабағы — мектепалды даярлық сыныбына арналған 32 сағаттық авторлық бағдарлама. Бағдарлама әдістемелік бірлестікте қаралып, мектептің педагогикалық кеңесінде (28.08.2013 ж., №1 хаттама) бекітілді және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кеңесінде келісілді.

Бағдарлама құрастыру барысында «Коллекция идей» (Ресей) және «Айгөлек» журналдарындағы материалдар пайдаланылды. Еңбекте балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, көркем жапсыру, қол еңбегі, бейнелеу өнері мен мүсіндеуге үйретудің әдістері мен жолдары ұсынылады.

Көркемдік тәрбиенің мәні

Көркемдік тәрбие беру арқылы балалардың эстетикалық сезімі мен көркемдік талғамы дамиды, қоршаған ортаны көркем ой арқылы қабылдауы қалыптасады, мінез-құлық мәдениетінің дағдылары бекиді.

Табиғи материалдармен жұмыс жасау балалардың қиялын дамытып, шығармашылық еңбекке баулиды. Балалар өз қолымен жасаған бұйымдарын бір-біріне сыйлық ретінде ұсынуға, мерекелерде ата-анасына, достарына тарту етуге, топ бөлмесін безендіруге пайдалана алады. Мұндай жұмыстың тәрбиелік мәні зор.

Мақсаты

  • Балаларды түрлі материалдармен жұмыс жасауға дағдыландыру.
  • Саусақ бұлшық еттерін дамыту.
  • Көркемдік талғамы мен шығармашылық қабілетін дамытып, өнердегі әсемдікті сезінуге және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Композиция жасауды, заттарды қағаз парағына дұрыс орналастыруды үйрету.
  • Түстерді үйлестіріп, бояулардың әдемі сәйкестігін табуға баулу.
  • Мүсіндеудің алуан түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерту.

Күтілетін нәтиже

Қызығушылық

Сурет салуға және шығармашылық тапсырмаларға қызығушылығы артады.

Ұсақ моторика

Саусақ бұлшық еттері жаттығып, қол икемділігі дамиды.

Материалмен жұмыс

Табиғи және әртүрлі материалдарды қауіпсіз, ұқыпты қолдануды үйренеді.

Эстетика және ой-өріс

Эстетикалық талғамы дамып, ой-өрісі кеңейеді.

32 сағаттық тақырыптық жоспар

Әр тақырып — 1 сағат. Төменде сабақтар реті, бағыты және қысқаша мазмұны берілген.

1. Ұшақтар (бүктеу)

Қағазды бүктеу әдісін түсіндіріп, үлгі бойынша дайындау.

2. Аққулар (қол еңбегі)

Қағаз түрлерімен таныстыру, ұқыпты жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.

3. Сиыр (сурет салу)

Сурет салуға қызығушылығын арттыру, қарындашты оң қолмен дұрыс ұстауға жаттықтыру.

4. Паровоз (мүсіндеу)

Шағын көлемді кесектерді есу және біріктіру әдіс-тәсілдерін түсіндіру.

5. Әтеш пен бақа (жапсыру)

Түрлі-түсті қағазды таныстыру, үлгі бойынша бастырып қию, қағазбен жұмыс дағдыларын қалыптастыру.

6. Алтын балық (қол еңбегі)

Қағазбен жұмыс дағдыларын жетілдіру, дайын жұмыстарды әшекейлеу арқылы көркемдік тәрбие беру.

7. Қайық (бүктеу)

Бүктеу арқылы бұйым жасауды үйрету.

8. Қашқаргүл (астра) (мүсіндеу)

Мүсіндеу арқылы қол икемділігін арттыру.

9. Бетперде жасау (қол еңбегі)

Үлгі бойынша бетперде жасау, субояқпен жұмыс істеуге дағдыландыру.

10. Арыстан (жапсыру)

Түрлі қағаздардан арыстан бейнесін бастырып, қию және жапсыру.

11. Аққала (қол еңбегі)

Өз қолымен бұйым жасауға қызығушылығын арттыру, бөлшектерді әдемі орналастырып бекіту.

12. Үйрек (мүсіндеу)

Тұзды қамырды ұқыпты пайдалану, қол икемділігін арттыру.

13. Түймедақ (бүктеу)

Бүктеу әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, орындату.

14. Қысқы киім (қол еңбегі)

Матаның сапасымен және тігіншілер еңбегімен таныстыру, еңбек туралы мақал-мәтелдер жаттату.

15. Тасбақаның суретін салып үйренеміз (сурет салу)

Қызығушылықты арттыру, бояуды ұқыпты қолдануға жетелеу.

16. Досыма сыйлық (мүсіндеу)

Шағын көлемді кесектерді есу әдіс-тәсілдерін көрсету, сыйлықтық бұйым жасау.

17. Қалампыр (қол еңбегі)

Қағазбен әртүрлі жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру.

18. Тату жанұя (мүсіндеу)

Жасаған мүсіндерін тиісті бояулармен бояу, тұтастай композиция құрастыру.

19. Қоңыраугүлдер (сурет салу)

Қызығушылықты арттыру, қарындашты оң қолмен дұрыс ұстауға жаттықтыру.

20. Қояндар (бүктеу)

Түрлі бүктеу әдіс-тәсілдерін үйрету.

21. Молшылық, береке (түрлі материалдар)

Түрлі материалдармен жұмыс жасауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландыру.

22. «Наполеон» балапан (қол еңбегі)

Балаларды ине-жіппен жұмыс жасауға жаттықтыру.

23. Бақа (бүктеу)

Қағазды бүктеу тәсілдерін жасап, дағдыны бекіту.

24. Анамызға сыйлық (қол еңбегі)

Түсті қағаздардан гүл құрастыру, анаға сыйлық дайындау.

25. Бақ-бақ (қол еңбегі)

Балалардың ынта-ықыласын арттыру, көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыру.

26. Көлде жүзген аққу (мүсіндеу)

Тұзды қамырды ұқыпты бояу, қол икемділігін арттыру.

27. Қайықша (бүктеу)

Қайықшаны түрлі қағазбен бүктеу тәсілдерін орындап жаттығу.

28. Балықтар (мүсіндеу)

Саусақ икемділігін әрі қарай жаттықтыру, түрлі пішіндерді мүсіндеу.

29. Гүлдер әлемі (сурет салу)

Бояумен сурет салуға қызығушылықты арттыру, дөңгелек пішіндерді әртүрлі бағыттағы түзу сызықтармен үйлестіріп салу.

30. Жаңғақ аюлар (қол еңбегі)

Әртүрлі материалдарды біріктіріп аю бейнесін жасау, дене бөліктерін құрастырып желімдеу, ой-қиялды дамыту.

31. Алқаптағы гүлдер (жапсыру)

Көктем гүлдерін жинақтап, кептіріп, жапсырмалау арқылы композиция жасау.

32. Көрме ұйымдастыру

Ата-аналарға арнап балалар жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру.