Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт - дәстүрлердің сақтаушысы
Кіріспе бөлім
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін — 29 қазан, Қамқоршылар күні. Қамқоршы — түрлі себептермен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына қабылдап, тәрбиелеп өсіруге үлкен жауапкершілік алған жан.
Бұл күн — қамқоршыларға алғыс айтып, олардың еңбегін бағалап, қолдау көрсетуге арналған мереке. Біздің мектебімізде қамқоршы болып жүрген Бисенғалиева Баян апайымызды бәріміз жақсы танимыз. Жыл сайын дәстүрге сай мереке күні апайымызды құттықтап, жүздесу өткізіп келеміз. Биыл да осы игі дәстүрді жалғастырамыз.
Сонымен бірге, мерекеге көпбалалы отбасылар да шақырылды. Бала тәрбиесіне қажымай еңбек етіп, жүрек жылуын сыйлап, мейіріммен аялап, қамқорлық көрсетіп жүрген барлық ата-аналарды бүгінгі мерекемен құттықтаймыз.
Отбасының орны
Отбасы — адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Ол — дәстүр мен өнегенің, мұра мен салттың сақтаушысы. Үлкенді құрметтеу, бір-біріне жауапкершілікпен қарау, борыш пен адамгершілік сезімдерін қалыптастыру — қазақы тәрбиенің өзегі.
Қазақ отбасында арнайы бекітілген жазба заңдар болмаса да, әке мен ұлдың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің және басқа да туыстық қатынастардың әдебі әркімді кішіпейілділікке, сыйластыққа тәрбиелейтін құнды үлгі болған.
Адамгершілік қасиеті мол, жүрегінен нұр, жүзінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын, әділдікке ұмтылатын жанды халқымыз «иманды» деп бағалаған.
Негізгі бөлім
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады: ата, әке, бала. Аталар мен әжелер — ауыл-аймаққа ақыл айтар, береке ұйытқысы болатын қадірлі тұлғалар. Үлкеннің сөзін тыңдау, ақылын алу — көргенділіктің белгісі деп есептелген.
Топтық жұмыс
Отырысты жалғастыру үшін ата-аналар әртүрлі бейнелер жазылған қағаздарды суырып, екі топқа бөлінеді. Балалар ата-аналарымен бірге қатысады.
1) Тренинг: «Бұл кім?»
Әр қатысушы ақ параққа сурет салады: ата-ана баласын неге теңейді, ал бала ата-анасын неге теңейді — соны бейнелеп, кейін түсіндіріп айтады.
2) «Аяқталмаған сөйлем» (оқушыларға)
- Отбасы — бұл… (жайлылық, жылылық, қуаныш, сүйікті адамдар, т.б.)
- Менің ата-анам — бұл… (достарым, сенімді серігім, мені сүйетін жандар, өзара түсіністік, т.б.)
- Менің отбасымдағы қуаныш — бұл… (көтеріңкі көңіл-күй, болашаққа жоспар, бақыт, т.б.)
- Үйімнен жыраққа кетсем, … (үйімді, ата-анамды, бауырларымды сағынамын, т.б.)
- Ата-анамның басты тілегі — бұл… (балалардың денсаулығы, менің болашағым, балаларымның бақыты, т.б.)
3) Міндеттер тізімі (ата-ана және бала)
Ата-аналарға тапсырма
«Менің балаға қатысты міндеттерім» тақырыбында қағазға жазып, дауыстап оқиды.
Балаларға тапсырма
«Менің ата-анаға қатысты міндеттерім» тақырыбында қағазға жазып, дауыстап оқиды.
Кім көбірек әрі мазмұнды жазса — сол жеңімпаз деп танылады.
Тәрбиенің мәдени негізі
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшелігі арқылы отбасы тәрбиесінің мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасылық тәрбиесінің айрықша белгілері халықтық педагогика мұраларында — оның мазмұны мен түрлерінде — көрініс тапқан.
Көне заманнан-ақ қазақ халқы жазбаша педагогикалық еңбектерді көп қалдырмаса да, тәжірибелі ұстаздар мен тәрбиешілер болған. Олар дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, ел мұраты мен арман-тілектеріне сүйенген.
Ырымдар мен тыйымдар (себебін түсіндіріңіз)
Үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығарып жібереді.
Себебі кей кездерде періштелер жылан бейнесіне еніп, жер бетін аралайды деген түсінік болған. Сондықтан жыланды «періште болуы мүмкін» деп, оған зиян келтірмеген.
Жайшылықта мініс аттың жал-құйрығын күзелмейді.
Себебі ат иесі қайтыс болғанда мініс ат тұлданады: жал-құйрығы күзеліп, қаралы күйге келтіріледі. Сондықтан тірі күнінде мұндай белгіні жасамаған.