Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу
Қазақ тілі мен әдебиеті апталығының салтанатты ашылуы
«Мәңгілік ел – мәртебелі тіл»
Бұл апталықтың негізгі мақсаты — қазақ тілі мен әдебиетінің мол мұрасымен кеңінен таныстыру, пәннің адам өміріндегі маңызын айқындау, тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайту және қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.
Қазақ әдебиетін негізге ала отырып, көркем шығармалардағы кейіпкерлердің игі істерін насихаттау арқылы оқушыларды елжандылыққа, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу — апталықтың маңызды бағыттарының бірі. Ең бастысы — тілін, елін сүйе білуге үйрету.
Жүргізушілер сөзі
І жүргізуші
Қайырлы таң, құрметті ұстаздар!
ІІ жүргізуші
Армысыздар, қымбатты оқушылар!
І жүргізуші
Қазақстан — сан ғасырлық тарихы бар азат ел. Көк байрағы, елтаңбасы, әнұраны — тәуелсіздіктің айқын нышандары. Қазақ елі егемен, көпұлтты мемлекет.
Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болды. Өткен жолымызға көз жүгіртсек, әр жылдың өз шежіресі, сыры, тарихы мен қасиеті бар.
Қазақстанды мекендеген барша халықтың ұлттық мәдениетін көркейтіп, бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған — ұлы елміз.
ІІ жүргізуші
«Қазақ тілі — өміріңде, өлеңде,
Қазақ тілі — тамыр жайған тереңге.
Қазақ тілі болашаққа жетелеп,
Ұрпақты танытады әлемге», — демекші, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеретін — сендер, құрметті достар!
Осыған орай «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» атты қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өтеді.
Өлеңдер
1-өлең
Туған елім — тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылады сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін!
2-өлең
Өсірген ой-білімді, Сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің Мәнін терең білуді.
3-өлең
Ана тілім — ұраным, Ана тілім — құралым. Ана тілім болмаса, Мықты болмас тұрағым.
4-өлең
Туған тілім — бабам тілі — өз тілім, Туған тілім — анам тілі — өз тілім. Туған тілім — далам тілі — өз тілім, Туған тілім — адам тілі — өз тілім.
5-өлең
Ақыл-ойын дананың Ана тілден аламын. Ана тілі ардақты — Ақ сүтіндей ананың.
6-өлең
Қазақ тілі — қазақтың ана тілі, Бірақ оған адам аз бас иетін. Қазақ тілі — қазақтың дара тілі, Кейбіреулер түсінбес қасиетін.
7-өлең
Сүйем өз тілімді, Боламын білімді. Өз тілім үйретер Өнерді, ғылымды. Сүйем өз тілімді.
Қорытынды
І жүргізуші
Осымен қазақ тілі мен әдебиеті апталығына арналған салтанатты ашылу рәсімі аяқталды. Құрметті достар, апталыққа белсенді қатысасыңдар деп сенеміз!
ІІ жүргізуші
Апталықтың жоспарымен ақпарат тақтасынан таныса аласыздар. Баршамызға сәттілік тілейміз!