Тәрбие - табалдырықтан басталады деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық

Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану

Бүгінгі мектепте оқып жатқан жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің тағылымды жолы — ұлттық рухта тәрбиелеу мен оқыту. «Тәрбие — табалдырықтан басталады» деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық. Халық тәрбиесі ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Адамды адам еткен — еңбек. Ал сол еңбекті ұрпағына үйретіп, адами қасиетке баулыған — халық тәрбиесі. «Білім туралы» заңда білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген елжандылықты қалыптастыру, өз Отаны — Қазақстанды сүюге және халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу екені атап көрсетілген.

Мұғалімнің міндеті

  • Жан-жақты жетілген, білімді шәкірт тәрбиелеу.
  • Халықтық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана ерекшеліктерін оқушы бойына сіңіру.
  • Ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді үйлестіре білу.

Себебі білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана экономикалық дамуда әлемдік үдерістің алдыңғы қатарында бола алады. Қазақ халқы ерте замандарда ғылым мен білімге еркін қолы жетпесе де, өмірлік тәжірибеден үйреніп, талғай біліп, шеберліктің сан саласын асқан ұқыптылықпен сақтап, бүгінгі дәуірімізге жеткізе білді.

Туған жер құндылығы

Елбасымыздың сөзімен айтқанда, Қазақстан — біреулердің қазақтарға тартуы емес, қазақ халқының тарихи Отаны. Адам бойындағы алуан қасиет пен дарын туған топырақтан дариды. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен мейірім кейінгі ұрпаққа ана сүтімен, бесік жырымен сіңеді.

Халықтық педагогика элементтерін қолданудың маңыздылығы

Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында қолдану білімділік, дамытушылық, тәрбиелілік мақсаттарды қатар жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол оқушының өмірге өзіндік көзқарасын қалыптастырып, оны қоршаған ортадағы қоғамдық ой-пікірлер мен ұлттық құндылықтарды саналы түрде байланыстыра білуіне негіз болады. Нәтижесінде ұлттық мәдениет пен рухты сақтауға тәрбиелейді.