Мамандық иелері

Оқу іс-әрекет тақырыбы

«Мамандық иелері!» тақырыбындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесі аясында ұсынылады.

Білім беру саласы

Қатынас

Оқу іс-әрекет түрі

Тіл дамыту

Негізгі идея

Мамандықты қадірлеу, құрметтеу

Мақсаты

Балаларды мамандық түрлерімен таныстыра отырып, олардың өмірдегі орны, атқаратын қызметі және қоғамдағы маңызды рөлі туралы түсінік қалыптастыру. Әртүрлі мамандықты бағалай білуге, еңбекті құрметтеуге тәрбиелеу.

Мотивациялық кезең: «Шаттық шеңбері»

Қайырымды жандар айнала,
Шеңберге келсін жайлана.
Жалықпастан қайта біз,
Достық сөзін айтамыз.

Сүйеміз барлық әлемді,
Әлемдегі бар елді.
Бақыттымыз осы біз,
Қасымызда досымыз.

Айтамыз алғыс қайталап,
Тыңдайды бізді шартарап.
Өмір сүру — бір бақыт,
Дос бола білу — шын бақыт.

Ұйымдастырушылық-ізденушілік кезең

Өткенді қайталау (интерактивті тақтамен жұмыс)

Мультимедиялық әдіс арқылы балалардың жыл мезгілдері туралы білімін нақтылап, сұрақ-жауап жүргізіледі:

  • Бір жылда неше мезгіл бар?
  • Жыл мезгілдеріне нелер жатады?
  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыс мезгілінде неше ай бар?
  • Қыс айларын кім атап береді?
  • Қыста ауа райында қандай өзгерістер болады?

Қыста қар қалың жауса, жолды тазартуға тура келеді. Ендеше, жолды қардан кім тазартып, аршып береді? Осы сұрақ арқылы балалар мамандықтар әлеміне біртіндеп жетелейді.

Жұмбақтар арқылы мамандықтарды анықтау

Тәрбиеші жұмбақтарды оқиды, балалар жауаптарын табады:

Мектептің жүрегі, білімнің тірегі.

Сырқатты сауықтырар, жылы үнмен тіл қатты.

Тікті әсем киімді, дүкенге әкеп ілінді.

Зымыранды ерттеген, ай-жұлдызды зерттеген.

Тәртіп заңын сақтайды, ел сенімін ақтайды.

Тыныштықты Отанның күзететін адам кім?

Өскен шашты жаратпайтын, қайшысы бар жалақтайтын.

Дабылға тез жететін, жалынға сүңгіп кететін.

Бал татыған мәзір — ол бар жерде әзір.

Жалтылдап қалағы, салатын кім қаланы?

Әркез сауда-саттықта: таразы, есеппен дос.

Ол көлікті тізгіндейді, жол бойы жанынан жолаушы үзілмейді.

Балалар жұмбақтардың жауаптарын қорытындылап, бәрін бір сөзбен «мамандықтар» деп атайды.

Тақырыпты ашу: «Мамандық иелері»

Өмірде мамандық түрі өте көп, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдейді, мұғалім білім береді, әнші ән орындайды, құрылысшы үй салады, тігінші киім тігеді. Тағы да көптеген мамандық бар.

Адам мамандықты жүрек қалауымен таңдауы керек. Өз ісін сүйіп, үлкен жауапкершілікпен атқарған жан ғана шынайы бақытқа жетеді. Ал адамға көмектесу — игі істің бастауы.

«Полиглот» бөлімі: жауап үш тілде

1-қонақ: Ұстаз

Жаңылсын апай балаларды оқытып жүр. Оның мамандығы қандай?

Қазақша

Ұстаз / мұғалім

Орысша

Учитель

Ағылшынша

Teacher

Бүгінгі оқу іс-әрекетіміздің алғашқы қонағы — Есбол Өмірбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шәудірова Жаңылсын Қуанышбайқызы.

Жаңылсын Қуанышбайқызының сөзі:

Сәлеметсіздер ме, балалар! Менің мамандығым — ұстаз. «Ұстаздық ету жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, балабақшамен санаулы айдан кейін қоштасып, мектеп өміріне қадам басасыңдар. Сол кезде қолдарыңа қаламсап, алдарыңа кітап ұстатып, білім атты дариямен достастырамыз. Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығасыңдар. Сол жолда сіздерге бағыт беретін — ұстаздар қауымы. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын, өйткені шәкірт жетістігі — ұстаз еңбегінің жемісі.

Бастауыш мамандығым — болашағым,
Білімге әрқашанда жол ашамын.
Дақ келтірмей ұстаз атты есімге,
Данасына ұстаздардың ұласамын.

Балалар интерактивті тақтадан ұстаздың еңбек сәттері көрсетілген бейнематериалды тамашалап, ұстаз туралы білетін өлең шумақтарын айтып береді.

2-қонақ: Дәрігер

Ақілгек адамдарды емдеп жүр. Оның мамандығы қандай?

Қазақша

Дәрігер

Орысша

Врач

Ағылшынша

Doctor

Бүгінгі қонағымыз — дәрігер, Айсұлу Бердібекқызының анасы Ақілгек Арқабайқызы.

Ақілгек Арқабайқызының сөзі:

Сәлеметсіздер ме, балалар! Менің мамандығым — дәрігер. Мен өз мамандығымды мақтан етемін, өйткені бұл — өз қалауым. Науқас адамдарды емдеймін: дәрі беремін, қажет кезде ине саламын, сырқат жанға демеу болуға тырысамын. Мүмкін, араларыңда болашақ дәрігерлер де отырған шығар.

Қонақ дәрігер балаларға өзімен бірге әкелген құралдар мен дәрі-дәрмектердің қызметін түсіндіреді:

  • дәрі-дәрмектер;
  • ине;
  • тамыр арқылы берілетін сұйық дәрілер;
  • дәрумендер.

Бұл құралдардың бәрі адамға күш-қуат беріп, шипа болуға арналған. Дәрігер мамандығы — аса жауапты әрі қадірлі еңбек.

Автор туралы мәлімет

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, «Айгөлек» балабақшасының II санатты тәрбиешісі Алипкалиева Тажигүл Ибраевна.