Ердің жасы - адамның рухының кемеліне келіп, ақылы толысатын жасы
«Адамдық диқаншысы»
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ — қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Ахмет Байтұрсынұлы
Рухани кеселден кім емдейді?
Қазақтың тарихи жадындағы ең ауыр кезеңдердің бірі — отаршылдық. Қазақы ұғымда ол құлдық, құл болу деп танылады: сүйекке таңба, көңілге дақ түсірген қасіретті шақ.
Қазақ мемлекеттігінің жаңа тарихында Алаш Орда үкіметінің рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын ашындырып, қолына қалам алдырған басты себептердің бірі де — туған халқының адам төзгісіз халі, отаршылдықтың тепкісі еді. Қазақ халқы 150 жыл бойы орыс отаршылдығының масқара қамытын киді. Оның зардабы шексіз, тигізген зияны өлшеусіз.
Ең қиыны — ұлт санасына түскен қамыт
Отаршылдық кезеңде халық малынан да, жанынан да айырылды. «Орнында бар оңалар»: мал да өседі, жан да орнына келеді. Бірақ бәрінен қиыны — ұлт санасына орныққан құлдық сана.
Қазақ «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» дейді — дене кеселінен айығудың өзі ұзақ. Ал рухани дерттің салмағын кім өлшеп, кім дәл кесіп айта алады? Оның зардабы дене дертімен салыстырғанда мың есе ауыр.
Дана қазақ «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дейді. Отарлау ең алдымен басына ноқта түспеген бұла халықтың миына, санасына, ақыл-ойына жасалады. Миы мен санасы отарланбаған ел ешқашан ешкімге құл болмайды. Абайдың «бастағы ми, қолдағы малға талас қылған» деуі де осыны аңғартады.
Ел басына күн туған шақта
Елдің рухы езіліп, намысы тапталған кезеңде жұрт қамын ойлап, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылатын ерлер тарих сахнасына шығады. Сол ауырлықты жан-тәнімен сезінген, «ұйқы беріп, қайғы алған» Ахмет Байтұрсынұлы өзін «Адамдық диқаншысы» деп атайды.
Оның суреттеген «көлі жоқ, көгалы жоқ — қор жері» — елдігінен, сән-салтанатынан жұрдай болған басыбайлы қоғам, отар елдің күйі. Бір кезде айдынды да айбарлы болған халық бүгінде бәрін ұмытқан емес, көбіне ұмыттырылған.
Адамдықтың тұқымын егу
Жадынан айырылған жұртқа кезінде кім болғанын есіне түсіру үшін көп еңбек керек. Өліп қалған адамшылықтың жасыл дарағын тірілту үшін де адамдықтың тұқымын шашып, егу қажет.
Бұл — азапты міндет: қу тандырдай кеуіп қалған топырақты қайта ылғалдандыру, тыңайту, құмнан, тастан, арамшөптен тазарту, ерінбей егіп, суарып, өнім алу үшін қаншама төзім мен сабыр керек. Осы міндетін айқын сезінгендіктен Ахмет өзін «Адамдық диқаншысы» деп атады.
Дихан есімі және тағдыр
1966 жылдың 19 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында Қамзабек ақсақалдың көп балалы отбасында тағы бір ұл дүниеге келді. Әке-шешесі ырымдап оның атын Дихан қойды.
Оңтүстік — ежелден егіншілікке қолайлы, құнарлы өңір. Ал Дихан ата қазақ мифологиясында егіннің, егіншілердің пірі, иесі ретінде айтылады (Жалын журналы, 1974, №3, 147-б.). «Шылаулы есім» деген осы: бұл ат баланың азамат болып қалыптасуына, өмірлік жолын табуына әсер етпей қоймағаны анық.
Бұл есім қойылғанда оның болашақта бар күш-қайратын халықтың көңілін көгертуге жұмсайтын адамдық диқаншысына айналарын ата-анасы білді ме, білмеді ме — дәл айту қиын. Бірақ сәби дүние есігін ашқанда айтылатын көптің дұғасы қабыл болғаны анық.
Алашқа қызмет — өмірлік өзек
Дихан Қамзабекұлы құрастырып, алғысөзін жазған «Омбының Алаш дәптері» атты кітапта Жұманұлы Әбділда мынадай тілек айтады:
Шығады асыл — тастан, өнер — жастан,
Тәрбиәң тәуір болса әуел бастан.
Мисалы ғылым таппақ сол секілді,
Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.
Жігітке талаптанған сол мысалды,
Пайдасын ғылымының жұртқа шашқан.
Жаны ашып, нашарларға қызмет етіп,
Салса егер түзу жолға болса азысқан.
Халық үшін жанын қиып шыққан болса,
Қайырлы әр қадамы болсын басқан.
Көрсетіп тар орында таудай талап,
Құтқарса мұқтажлықтан болса сасқан.
Қазақ қор болар ма еді көп болса егер,
Шаһбазлар осы айтқандай өнері асқан.
Бұл өлең Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлына арналғандай әсер қалдырады.
Таныстықтан шәкірттікке дейін
Танысу тарихы да қызық. С. Торайғырұлы атындағы Павлодар мемлекеттік университетін қоғам қайраткері, ғалым Е. М. Арын басқарған жылдары тұрақты түрде Мәшһүр Жүсіп оқулары өткізілетін. 2003 жылы Керекуде кезекті оқуда мен баяндама жасап, ара-тұра үлкен ғалымдарға сұрақ қойдым.
Үзілісте бір азамат жаныма жақындап, сөзімнің мағыналы шыққанын айтып, өзін таныстырды. Астанадан келген ғылым докторы, әдебиетші Дихан Қамзабекұлы екен. Оның алғашқы сұрағы: «Қандай тақырыпта докторлық диссертация жазып жүрсің?» болды. Қапелімде не айтарымды білмей: «Мен әлі ғылым кандидаты да емеспін…» дедім.
2008 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен Астанаға ауысып, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасына аға оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Бірде досым әрі жерлесім, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес: «Дихан Қамзабекұлына сәлем беріп шығайық», — деді.
Проректордың алдында отырмыз. Қарапайым, қызметіне мастанбайтын жан екен. Баяғы Керекудегі әңгімені өзі еске салды. Көбіне ол кісі емес, біз сөйлеп отырмыз. Бір кезде Дәкең неге қорғамай жүргенімді сұрады. Тақырыбым Абай туралы екенін, қорғау жолындағы қиындықтарды шамам келгенше түсіндірдім.
Бағыт берген бір сұрақ
«Осы тұлғаны Алашпен жалғастырып, әдебиет проблемасы тұрғысынан қорғасаң қалай болады?» — деді ол. Мен қуана келістім. Профессор зерттеуге ұсынатын тақырыпты нақтылайтынын айтты. Ғылыми әрі адами байланысымыз осылай басталды; кейін ол кісінің маған жетекші, менің оған шәкірт болуыммен жалғасты.
Қазақта «Жақсының алдында жазыларсың, жаманның алдында тарыларсың» деген сөз бар. Көрген адамын жатырқамай, «ерді кебенек ішінен таны» дегендей, мені танып, ғылым жолының шытырман асуларын бағындыруға жетелеп кетті. Ол тек ғалым емес, іскер ұйымдастырушы да болып шықты.
Мен кейде тарпаң мінезге салып, «қорғамасам қорғамайын; менің білетінімді ешкім тартып ала алмайды; қорғаған адамның бәрі ақылды болып кетпейді» деген астам ойға да берілетінмін. Дихан Қамзабекұлы сол мінезімді бір-екі жылдың ішінде жөнге келтіріп, қорғатып шығарды.
Жақсының жақсылығын айту — мақтау емес
Мұның бәрін көпе-көрнеу мақтау үшін жазып отырған жоқпын. Бүгінде елдің азаматы, Алаштың азаматы болған Дихан Қамзабекұлы біздің мақтауымызға мұқтаж емес.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын; жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген қағида бар. Алайда біз кейде жақсының жақсылығын айтуды мақтаумен шатастырып аламыз. Негізі, жақсының жақсылығын айту — оның неге жақсы екенін, жақсы қасиеттерінің қалай көрінетінін нақты атап көрсету.
Ұстаз, тақырып және азаматтық кемел
Дихан Қамзабекұлы ердің жасы — елуге таяды. Бұл — адамның рухы кемеліне келіп, ақылы толысатын шақ. Оны қуаттандырып, тура жолдан тайдырмай келе жатқан күш не деп ойласақ, түйіні — адамның жүріп өткен жолы, ұстанған қағидалары және көрген ұстаздары.
Оның өмірдегі ұстазы, ғылыми жетекшісі — қазақ әдебиеттану ғылымының ақсақалы, академик Серік Қирабаев екені мәлім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»: Дихан Қамзабекұлының бойындағы білгірлік, кәсібилік, салқын сабыр мен ұстамдылық ұстаз алдын көргеннен.
Ал дүние соқпақтарының иір-шиырында адаспай, опа-жырасына сүрінбей, асыл мұратқа адал болуына келсек, бұл — таңдаған ғылыми тақырыбының табиғатымен де байланысты. «Білім — ауыс, ырыс — жұғыс» дегендей, оның мәртебесін өсіріп, абыройын асырған бірінші — Жаратушы Алла тағала болса, екінші — Алаш арыстары.
Тақырыпқа адалдық адамды да тақырыпқа айналдырады
Ғылым жолындағы талапкер таңдап алған тақырыбына адал болса, өзі де сол тақырыпқа айналып, бүкіл болмысымен, жан-дүниесімен соған қызмет етеді. Алаштың мұраты, арманы мен мұңы, қайғысы мен қапасы Дихан Қамзабекұлының ішкі өзегіне түскен.
Сол мұрат оны Омбы мен Ташкенттің, Мәскеу мен Орынбордың мұрағаттарына жетелеп, шаң басқан тарих беттерін аудартып, көкірегіне нық сенім мен мақсат ұялатты. Әсіресе, жас талапкердің назарын он бес жасында мұғалім, жиырма бес жасында Қазақ автономиясының оқу-ағарту министрі болған Смағұл Садуақасұлының тағдыры аудартты.
Смағұлдың ізімен ол туған-өскен Омбы өңіріне де барып, оны өсірген ортаны, қайраткерлік ғұмырына арқау болған қалаларды аралады. Небәрі 33 жасында Мәскеуде белгісіз себептермен қайтыс болған, өртелген мәйіті жат жерде қалған қайраткердің еңбегін тірнектеп жинап, алдымен екі том, кейін үш том етіп жариялады; талай белгісіз рухани дүниені ғылыми айналымға қосты.
Елге оралған аманат
Келесі мақсат — елі үшін еңбек еткен, елден жырақта жаны қиылған тұлғаның мәйітін туған жердің топырағына табыстау еді. Бұл арман да орындалды.
2011 жылдың 20 қаңтарында Мәскеудің Дон зиратханасында сақталып келген Смағұл Садуақасұлының мәйітін Астанаға жеткізу шарасын ұйымдастырды. Алаштан қалған жалғыз сүйек күлін елордадағы Кенесары сарбаздары жерленген ескі қорымға арулап қоюды, басына лайықты ескерткіш орнатуды үйлестірді.
Қорытынды орнына
Дихан Қамзабекұлының қайраткерлік қырлары туралы сөздің тобықтай түйінін Мағжанның мына жырымен аяқтауға болады:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!