Балаларды резинаның қасиетімен таныстыру
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, І. Үренгішбаев атындағы орта мектебі. Шағын орталық тобының тәрбиешісі: Отарова Орынгүл Сансызбайқызы.
Бұл сабақ жоспары балаларды доп арқылы резинаның қасиеттерімен таныстыруға, ойыншықты дұрыс атап, сипаттауға үйретуге және мнемотехнология көмегімен тілін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу көзделеді.
Сабақтың мақсаты
- Балаларды резинаның қасиеттерімен таныстыру.
- Ойыншықтың атын дұрыс атап, сипаттау дағдысын жүйелеу.
- Мнемотехнология арқылы балалардың тілін дамыту.
- Ұқыптылыққа және тазалыққа баулу.
Көрнекіліктер
- Ойыншықтар
- Мнемотехнология сызбасы
- Интерактивті тақта
- Тақпақтар
I. Ұйымдастыру-бағыттау кезеңі
Сабақтың басталуы
Балалар шеңберге тұрады. Тәрбиеші оларды бірлікке, достыққа шақырып, өлең жолдарын айтқызады:
Бала, бала, баламыз,
Бақшамызға барамыз,
Тату-тәтті тұрамыз.
Тәрбиеші: Енді бір-бірімізге сәлем берейік.
Сәлемет бе, міне мен!
Доспын енді сенімен!
Балалар бір-бірінің қолынан ұстайды.
Тәрбиеші: Балалар, менің қолымда қандай зат бар?
Балалар: Доп.
II. Ұйымдастыру-ізденушілік кезең
1) Доппен ойнау
Мақсаты: мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын дамыту.
Тәрбиеші: Бұл жай доп емес — сиқырлы доп. Оны алақанымызға салып, айналдырып, доп туралы тақпақ айтайық.
Добым, добым, домалақ,
Қайда кеттің домалап.
Қызыл, жасыл, сары, көк —
Ойнайтын сенімен бала көп.
Тәрбиеші себеттен кішкентай доптарды алып, балаларға таратады. Балалар допты ұстап, қарап шығады.
Сұрақ-жауап
Тәрбиеші: Бұл доп неден жасалған?
Балалар: Резинадан жасалған.
Тәрбиеші: Доп қатты ма, жұмсақ па?
Балалар: Жұмсақ.
Негізгі ұғым
Допты соққанда ол секіреді, себебі ішінде ауа бар (жел толтырылған).
2) Мнемотехнология сызбасы (интерактивті тақта)
Мақсаты: сызбаға сүйеніп допты сипаттауға үйрету; түсін, пішінін, көлемін ажырату біліктілігін қалыптастыру.
Сызба бойынша үлгі
Мынау не? — Доп.
Доп қандай? — Домалақ.
Түсі қандай? — Қызыл, жасыл, сары, көк.
Көлемі қандай? — Үлкен (немесе кішкентай).
Нені бекітеміз?
- Түс атауларын дұрыс қолдану
- Пішінді ажырату (домалақ)
- Көлемді салыстыру (үлкен/кішкентай)
3) Эксперименттік жұмыс
Мақсаты: балаларды өз еркімен тәжірибе жасауға және қорытынды шығаруға үйрету.
Тәрбиеші: Допты басқанда ол жұмсақ басылады да, қайтадан өз қалпына келеді. Енді тәжірибе жасайық: допты суға саламыз. Қане, қараңдаршы, доп бата ма, жоқ па?
Нәтиже: доп батпайды.
Сұрақ: Неге батпайды деп ойлайсыңдар?
Балалар: Ол жеңіл, резинадан жасалған (ішінде ауа бар).
4) Дидактикалық ойын: «Дұрысын тап»
Мақсаты: заттарды бір-бірінен ажыратуға үйрету, салыстыра ойлауын дамыту.
Шарты: Үстел үстіне ағаштан, пластмассадан және резинадан жасалған бірнеше ойыншық қойылады. Балалар резинадан жасалған ойыншықты тауып көрсетеді.
Тәрбиеші: Ойыншықтар туралы қандай тақпақ білеміз? Қане, бәріміз бірге айтайық.
Ойыншықтар қандай, қандай,
Қызыл, жасыл, сары, көк.
Түрлі-түсті түстері
Көз тартады өздері.
III. Жетекші-жөндеуші кезең
Қорытынды
Тәрбиеші: Ойыншықпен не істейміз?
Балалар: Ойнаймыз.
Тәрбиеші: Ойыншықтар бізге ренжімеуі үшін не істеуіміз керек?
- Оларды лақтырмаймыз.
- Сындырмаймыз.
- Жуып, таза ұстаймыз.
- Ойнап болған соң, өз орнына жинап қоямыз.
Сабақта қолданылған ойыншықтарды жинап, өз орындарына қоямыз. Таза ойыншық — қуанышты ойын.
Материалдың толық нұсқасы
Қажет болса, толық нұсқасын бөлек файл ретінде жүктеп алуға болады.