Мұқағали поэзиясы - таңғы шықтай мөлдір поэзия
Ұйымдастыру туралы мәлімет
Іле ауданы, Ю. А. Гагарин атындағы №16 орта мектебі жанындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар МКМ. Тарих пәні мұғалімі: Еркебаева Г. М.
Сынып сағатының тақырыбы: «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр». Өтетін орны: Арман мәдениет үйі кітапханасы.
Мақсаты
- Білімділік: М. Мақатаевтың өмір жолы мен шығармашылығымен оқушыларды таныстыру.
- Тәрбиелік: Отанды, туған жерді сүюге баулу, ақын жырларынан өнеге алу.
- Дамытушылық: Оқушының сөйлеу мәдениетін дамыту.
Көрнекілігі
- Ақынның портреті
- Шығармалары, ақын туралы естеліктер
- Нақыл сөздер, буклет, үнтаспа
Жоспары
- 1 Кіріспе бөлім
- 2 «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр». Ақын туралы естеліктер
- 3 Поэзия әлемі (өлеңдерді мәнерлеп оқу)
- 4 Әсем ән мен көңіл күй (әндерді орындау)
Кітапхананы безендіру
Көркемдік орта
Ақ қайың, құстар бейнесі, табиғат көріністері арқылы кеңістікке нәзік поэтикалық көңіл күй беріледі.
Көрме және материалдар
Мұқағалиға арналған естеліктер көрмесі, қабырға газеттері, альбомдар, жинақтар қойылады.
Әдеби-сазды кештің барысы
Жүргізушілер сөзі
Камила
Қайырлы күн, қадірменді достар! Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Камила
Кезінде ақиық ақын М. Мақатаев:
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Ақын қарапайым халықтың қара өлеңінің жілігін шағып, майын ішті. Дегенмен, өз дәуірінде әділ бағасын толық ала алмаған ақынның таразысы — халықтың өзі болды. Мұқағалиды күллі ел сүйіп оқыды, оның біртуар болмысын уақыт дәлелдеді.
Азим
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неғып жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау — шапан, мынау — атың, мін!» демей…
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Әкесі Сүлеймен осы өңірде колхоз ұйымдастырушы болды. 1941 жылы майданға аттанып, содан оралмады. Анасы Нағиман — қарапайым еңбек адамы.
Өмір жолы және қызметі
Ақын балалық шағынан-ақ ерте есейіп, еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң ауыл хатшысы, «қызыл отау» меңгерушісі, комсомол қызметкері болды.
- 1954–1962 жж. — Қазақ радиосында диктор
- 1962–1972 жж. — «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» басылымдарында бөлім меңгерушісі
- 1972–1973 жж. — Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші
Шығармашылық мұрасы
Мұқағалидің тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланды. Оның поэзиясы — таңғы шықтай мөлдір, жүрекке жақын сыршыл әлем.
Жарық көрген кітаптары қатарында: «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір-дастан», «Атамекен», «Райымбек» және т.б.
Маңызды дерек: «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Бүгінде ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең және 19 поэма бар екені анықталған. 35 мың жолға жуық жыры поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын қазынасына айналды. Өлеңдеріне 100-ден астам ән жазылған.
Ән және күй
Аружан
Домбыра, жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өмірдің не екенін білмес едім.
Орындау
Ән: «Бақыт деген»
Орындайтын: Тынышбай Аружан
Естелік және ой түйін
Сәкен
Бүгінде ақынның ортамызда жоқтығына налимыз. Дегенмен, медет тұтарымыз — алып ақынның өз көзіндей көрінетін өркеш-өркеш өлеңдері. Мұрасы халқының қалтқысыз бағасын алып, келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзатып барады. Азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұрат санаған ақынның жүрек сырлары — шынайы болмысымен, ақиқаттың алдында аласармауымен қымбат.
Өлең оқиды: Хамза
Хамза
Мұқағали — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Ақынның өзі: «Егер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам — соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем», — деген екен.
Камила
Ендеше, қашан да ақиқаттың ақ туын көтеріп, әділет пен адалдықты тең ұстаған ақынның ғажайып, сырлы өлеңдеріне кезек берейік.
Өлең: «Бабаларым, рахмет сендерге»
Оқиды
Нұржігіт
Бұл жырда ақын бабалардың аманатына, тіл мен күйдің киесіне, тарихи жадыға сүйеніп, бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігін биіктетеді.
Бабаларым, рахмет сендерге! Бабаларым, рахмет сендерге! Балаларым болмасын деп көркеуде, Қобызыңмен ән мен тіл бердің, Өмірге мен мылқау болып енгенде. Бабаларым, рахмет сендерге! Жыраулардың жазбай кеткен жырларын, Арулардың ашпай кеткен сырларын, Қорқыттың қорқынышты мұң-зарын, Қобызыңның шанағынан тыңдадым. Құлазыған сенің құла түздерің, Не білмеген, не көрмеген ізгі елім, Жазылмаған тарихымның жолдарын Ауызекі аңызыңнан іздедім. Мен білмеймін. Басыңа әлде орнап бақ, Шаһар салып, жасадың ба жаннат бақ... Әлдеқалай тасқа түскен таңбаны Табынам мен тарихымдай ардақтап. Сыр ашпайды сенің құла түздерің, Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, Домбыраңның пернесінен іздедім. Іздедім де сәттеріңде түңілген, Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем. Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем. Тарихыңды жазудамын бүгін мен, Бабаларым, сенің Ана тіліңмен! Менің мына қайта туған күнімде, Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде. Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде, Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.