Ардақтайық ананы
«Ардақтайық ананы!» ертеңгілігі
Бұл ертеңгілік 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған. Шараға шақырылған аналар мен әжелерге балалар өздері дайындаған шағын өнерлерін көрсетеді. Тақырыпқа сай нақыл сөздер, мақал-мәтелдер жазылып, топ іші безендіріледі.
Халқымыз ғасырлар бойы аналарды қастерлеп келген. Бұл дәстүр бүгін де жалғасуда. Ұрпақ өсіріп жатқан аналарға қалайша риза болмасқа?
Ел жатқанда жатпаған,
Мен деп тыным таппаған,
Бақыты үшін балаңның,
Аман-сау бол, ақ мамам!
Құрметті аналар және тобымыздың қыздары! 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Аяулы аналарға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға қуаныш пен амандық тілейміз.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру, белсенділігін күшейту және ұжымдық әрекетті нығайту.
Дамытушылық
Топ абыройы үшін жанын салып еңбек етуге баулу, бір-біріне жолдастық қолдау көрсетуді дамыту.
Тәрбиелік
Әдептілікке, әсемдікке, кішіпейілділікке тәрбиелеу; үлкенге құрмет, қамқорлық көрсетуге үйрету.
Көрнекіліктер
- Топ ішін мерекеге сай безендіру
- Аналар мен қыздарға арналған нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- Тақырыпқа сай жазулар мен плакаттар
Ертеңгілікті жүргізуші сөзі
8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған ертеңгілікті өткізу үшін шақырылған аналар мен әжелер, балалардың өздері дайындаған шағын өнерлерін тамашалауға рұқсат етіңіздер.
Бүгінгі ертеңгіліктің тақырыбы — «Ардақтайық ананы!». Ана туралы айтылған нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер ілінеді.
Оқушылардың құттықтау өлеңдері
1-оқушы
Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі — аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық.
2-оқушы
Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар,
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген — тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!
3-оқушы
Дүниедегі әр адамзат баласы,
Болсын мейлі ол бір елдің данасы,
Мәңгілікке қарыздар боп біреуге
Өтеді екен — ол өзінің анасы.
4-оқушы
Бауырсақ шайнап жегізген,
«Жая» десем — жал беріп,
«Шекер» десем — бал беріп,
Аялаған, мейір берген —
Аяулы анам аман бол!
5-оқушы
Айтсам болды — тіл алам,
Әдемі мамам, ақ мамам.
Сені көрсем қуанам,
Сен керексің әрқашан.
6-оқушы
Қасыңда жүрсем — қуанам,
Әдемі анам, асыл жан.
«Ботам» деген даусыңнан
Мен мәз болып оянам.
7-оқушы
Кір түсірмей жағама,
Шашымды да тарайсың.
Мектебіме барарда
Мейірлене қарайсың.
8-оқушы
Тау қопарып, тасты үгіп,
Тұрғыздың сен не қала.
Саған қандай жақсылық
Жасай алам мен, ана?
9-оқушы
Мамам менің ақ мамам,
Балын маған сақтаған,
Әнін маған сақтаған,
Бәрін маған сақтаған.
10-оқушы
Мамам менің ақ мамам,
Гүлді маған баптаған,
Жырды маған жаттаған,
Мен ұйықтамай — жатпаған.
11-оқушы
Шалқып тасып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
12-оқушы
Өмірге — ана бұлақ, ана — пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай шешен, талай көсем,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана — елге ардақты адам.
13-оқушы
Ардақты анам, асылым,
Теңдігіңді жырлаймын.
Жырымның ең асылын
Мерекеңе сыйлаймын.
14-оқушы
Келбетіңде — ұлылық,
Даладан кең пейілің.
Ана деген — жылылық,
Ана деген — мейірім.
Ақыл құйған санама —
Күннен де артық расында:
Күн алыста, ал анам
Үнемі менің қасымда.
15-оқушы
Сағындым мамық қолыңды,
Күтемін сенің жолыңды.
Сен үшін, ана, өмірде
Қиюға бармын жанымды.
16-оқушы
Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Сәлем жаздым бүгін саған —
Мерекеңмен құттықтаймын.
Музыкалық сәлем
Оқушылар аналарға арнап «Анаға сәлем» әнін (хормен) орындайды.
Қорытынды сөз
8 Наурыздың көктеммен үндес келетіні тегін емес. Өйткені көктем сияқты, әйел-ана да адамзатқа өмір, жылылық және әсемдік сыйлайды.
Құрметті аналар, бүгінгі мерекелеріңіз көңілді өтсін. Уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамыз.
Осымен «Ардақтайық ананы!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Егер араларыңызда қыздарға арнап тілек айтқысы келетіндер болса, сөз беріледі.
Рахмет! Сау болыңыздар!