Ұлы Отан соғысында ерлік жасаған даңқты жауынгер

Тәрбие сағатының тақырыбы

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран.

Мақсаты

а) Тәрбиелік

  • Отанды сүюге, елжандылыққа баулу
  • Табандылыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу
  • Батырларды тани білуге және Отанды қорғай білуге үйрету
  • Белсенділікке, әскери іске қызығушылық қалыптастыру

ә) Білімдік

  • Өз ойын жүйелі әрі анық жеткізе білуге жетелеу
  • Мәнерлеп оқуға дағдыландыру

б) Дамытушылық

  • Оқушының ізденісін арттыру
  • Түйінді ойды нақты айта білуге машықтандыру

Көрнекілігі

Суреттер, нақыл сөздер, буклеттер.

Тәрбие сағатының барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. «Ұрпағы батыр елдің арманы жоқ» — саяси-патриоттық тәрбие
  2. «Еңбегімен жеңісті жақындатқан» — еңбек тәрбиесі
  3. «Ұлыққа тағзым – ұрпаққа парыз» — адамгершілік тәрбиесі

Әнұран орындалады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгінгі Жеңіс күні қарсаңында қан майданда ерлігімен де, еңбегімен де елімізге бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың рухына тағзым етіп, оларды еске аламыз.

Халқымызға зор шығынмен келген Жеңістің қадір-қасиеті — майдангерлердің де, соғыс қасіретін бала болып тартып есейген әкелеріміздің де, кейінгі ұрпақтың да жадында. Ерен ерлік пен өлшеусіз еңбек арқасында қол жеткізген бейбітшілік 1945 жылдың көктемінде орнықты.

Жау келгенде қолына қару алып қарсы тұрған, ал бейбіт өмірмен қауышқанда қираған шаруашылықты қалпына келтіруге ғұмырын арнаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне біз мәңгі қарыздармыз.

Ажал оғын шашқан айбарлы жаумен айқасу үшін Маңғыстау түбегінен алты мыңнан астам азамат аттанған. Сол боздақтардың төрт мыңға жуығы от ортасынан оралмады. Соғыс салған сұрапылда із-түзсіз кеткендері қаншама! Маңғыстау топырағынан майданға аттанғандардың арасында есімдері белгісіз қалған ерлердің болғаны анық. Аласапыран кезең талай марапат қағазын да тасада қалдырды.

Маңғыстау түбегінен аттанған жауынгерлер соғысқа награда үшін емес, ел шебін қатыгез жау тырнағынан тезірек босатып, аман-есен елге оралуды мақсат етті.

Ұлы Отан соғысының тарихында лайықты орын алған Маңғыстаулық батырлар: Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Исатай Сүйеубаев, Біләл Қалиев.

Маңғыстаулық батырлар

Мәди Бегенов

Мәди Бегенов 1916 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Ақжігіт елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектептің жоғарғы сыныптарына дейін оқыған. Әкесінен 12 жасында айырылып, ерте еңбекке араласады.

1938 жылы күзде әскерге алынып, 1939 жылы Балтық жағалауында әскери борышын өтеп жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысады. Сталинград пен Курск маңындағы ұрыстарға қатысып, кейін 203-атқыштар дивизиясына ауысып, барлаушылар бөлімшесінің командирі болады.

1943 жылы 22 қыркүйекте Днепр жағалауындағы шайқаста Мәди жалғыз өзі жаудың жеті солдатын және бір унтер-офицерін жояды.

1944 жылы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Бегеновке Днепрден өтердегі асқан ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бейнеу ауданында батырдың есімі берілген мектеп бар.

Жұмағали Қалдықараев

Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы Кетік (Форт-Шевченко) қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын колхозда тракторшы болып бастаған. Соғыстың алғашқы жылдарында 7-гвардиялық атты әскер корпусында жаумен шайқасқан.

Орел, Курск, Белгород, Харьков бағытындағы шайқастарда ерлік көрсетеді. 1943 жылы қыркүйекте Днепрден өту кезінде жау пулеметі дамылсыз оқ жаудырса да, Қалдықараев бастаған жауынгерлер өзеннен өтуге кіріседі.

Өзеннің үштен екісінен өткен сәтте жау снарядтары қарша жауып, Жұмағали ерен ерлікпен қаза табады. Днепрден өтердегі ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенімен, марапатты өзі ала алмады.

Исатай Сүйеубаев

Исатай Сүйеубаев 1913 жылы Маңғыстау ауданы Тиген өңірінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында ерлігімен танылған даңқты жауынгер. 1942 жылдың тамызында әскер қатарына шақырылған.

Сталинград майданында 21-армияның 292-атқыштар дивизиясы 1036-полкінің автоматшылар ротасында қызмет етеді. 1942 жылғы 22 қарашада басталған қарсы шабуылда танк десантшылары құрамында жау шебін бұзу ұрысына қатысады.

Осы ұрыста жаудың 182 солдатын және 7 бекінісін жояды. Жараланғанына қарамастан ұрыс даласын тастамайды.

Исатай Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, белгісіз себептермен бұл атақ берілмей, 1943 жылғы 14 ақпандағы Жарлықпен Ленин орденімен марапатталды.

Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов інісіне отты жыр жолдарын арнаған. Исатай 1947 жылы 16 қыркүйекте Астраханьға бара жатып қайғылы қазаға ұшырады. 1993 жылы батырдың сүйегі туған жері Тигенге әкелініп, анасының жанына құрметпен жерленді. 1994 жылы зиратының басына күмбезді кесене тұрғызылды.

Біләл Қалиев

Маңғыстаудың бір перзенті — Біләл Қалиев. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. 1941 жылы 7 тамызда 16 ұшағы бар эскадрилья құрамында, Преображенскийдің басшылығымен Берлинге ұшып, 1760 шақырым қашықтықтағы әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап, өз базасына аман-есен оралған.

Әуе шабуылындағы теңдесі жоқ ерлігі үшін 1941 жылы оған Батыр атағы берілді. Алайда бұл ерлік туралы мәлімет елге дер кезінде кең таралмаған.

1942 жылғы 14 шілдеде Липецк аспанында күші басым жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келген.

Ән: «Өлгендерді ұмытпаңдар»

Сөзі: Сырбай Мәуленов

Әні: Шәмшәдин Сабытаев

I бөлім

От ішінде шыныққандар, Қасиеттен атқан таңдар. Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар, Құрбан болып жатқан жанды. Солар құрбан болған үшін Атады енді күліп таңдар. Солар — сенің ар-намысың, Ей, тірілер, ұмытпаңдар.

II бөлім

Қанды майдан түлектері, Жауды жеңген алыптары. Өлмес үшін жүректері Жалын болып жанып жатыр. Солар құрбан болған үшін Атады енді күліп таңдар. Солар — сенің ар-намысың, Ей, тірілер, ұмытпаңдар.

Еңбегімен жеңісті жақындатқан

Маңғыстау — соғыс жылдарында

Қасиетті Маңғыстау топырағы қай заманда да ат тұяғының дүбірінен, аласапыран кезеңдерден кенде қалған емес. Кезінде жұт келіп, сын сағат туған шақта да бұл өңірдің ұландары аттың жалы, атанның қомында белі қатып, ел мен жер намысын қорғап есейген.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Маңғыстау өлкесінде Маңғыстау және Форт-Шевченко аудандары болған. Маңғыстау ауданының экономикасы негізінен мал шаруашылығына сүйенді. Сондықтан еңбекшілер «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранды басшылыққа алып, мал басын аман сақтауға, шаруашылықты соғыс талабына сай қайта құруға және майданға көмек жіберуге жұмылды.

Соғыстың алғашқы айларынан бастап ауыл азаматтары Қызыл Армия қатарына алынып, майданға аттанды. Олардың орнында қалған әйелдер еңбек майданына белсене араласты: басқару орындарында, егін және мал шаруашылығында, тіпті көмір тресінде де жұмыс істеді. Күнделікті еңбек нормасын асыра орындап, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты.

Майданға көмектесудің маңызды бағыты — Қызыл Армияға жылы киім жинау болды. Соғыс жылдарында еңбекшілер тон, тоқыма шалбар, күпі, байпақ, қолғап, шұлғау, бас киім, көрпе жинап, майданға жөнелтті. Сонымен бірге ақша, облигация, күміс, тері және жүн тапсырды.

Жанқиярлық еңбектің арқасында қиындыққа қарамастан мал басының өсімі қамтамасыз етіліп, ет, сүт, жүн тапсыру жоспарлары жүйелі түрде артығымен орындалды. Еңбекшілердің қажымас қайраты мен Отанға деген сүйіспеншілігі аудан экономикасының нығаюына әсер етті.

Еңбегі жоғары бағаланғандар

Маңғыстау түбегі малшыларының соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланды: 1948 жылы 13 адам Ленин орденімен, 10 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Өлкеміздің 9 колхозшысына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді:

  • Ұзақбай Есқожаев
  • Балажан Қожашева
  • Кенхан Қошақанов
  • Нұрсейт Бейнеуов
  • Тұржан Құлбеков
  • Дүйіш Сәтбаев
  • Сатыбалды Сисенбаев
  • Дүйсе Бердібеков
  • Жанбөпе Мергенбаева

Тыл қаһармандары: қысқаша деректер

Дүйсе Бердібеков

Киров атындағы колхозды алғаш ұйымдастырушылардың бірі. Соғыс басталар қарсаңында Қызыл Армия үшін жылқы жинау науқанына байланысты бұл жауапты іске ел ішінде беделді азамат ретінде Дүйсе Бердібеков тағайындалды. Ол басқарған ферма соғыс жылдарында мемлекеттік тапсырмаларды тұрақты түрде асыра орындап, жеңісті жақындатуға зор үлес қосты.

Балажан Қожашева

Маңғыстау өңіріндегі әйелдердің соғыс жылдарындағы жиынтық бейнесін Балажан Қожашеваның өмір жолынан көруге болады. 1941–1958 жылдары колхоздың товарлы жылқы фермасын үздіксіз басқарды. Фермасы бірнеше мәрте табыс биігінен көрініп, аудандық және облыстық жарыстарда жеңімпаз атанды. Қазақстан Компартиясы съездеріне делегат болып қатысып, Орталық Комитет мүшелігіне сайланды.

Кенхан Қошақанов

1930 жылы жаңадан ұйымдастырылып жатқан балықшылар колхозында еңбек етті. Өндірістік тапсырмаларды асыра орындап, соғыс жылдарындағы ерлігіне пара-пар еңбегі үшін «1941–1945 жж. еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Соғыс аяқталар қарсаңында жаңа ұйымдастырылып жатқан Қарақұм колхозына төраға болып тағайындалып, артельдердің басын құрап, шаруашылық жоспарларын артығымен орындатты.

Ұзақбай Есқожаев

Жыңғылды колхозында жаңадан ұйымдастырылған жылқы фермасын басқарды. Соғыс жылдарында майданға Адай жылқыларын тапсыруды мүлтіксіз орындап, Құрмет белгісі және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, сондай-ақ 1945 жылы «1941–1945 жж. ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Тұржан Құлбеков

Соғыс басталған тұста Калинин атындағы колхоздың төрағасы болып сайланды. Ел басына күн туған ауыр жылдары қоғам малын бағып-күтудің барлық қиындықтарын еңсерді. Ұйымдастырушы, белсенді азамат ретінде Қамысты ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, ауылдастарының сауатын ашуға, білім мен мәдениетке ұмтылуына ісімен үлгі көрсетті.

Жанбөпе Мергенбаева

Жылқышы. Еңбек жолын 1938 жылы Ембі ауданында диқаншылықтан бастаған. 1942 жылы колхозда жылқышы, 1944 жылы ферма меңгерушісі болды. Соғыс кезіндегі қажырлы еңбегі ескеріліп, Қазақстан Компартиясының 5 және 8-съездеріне, ал 1952 жылы Дүниежүзілік әйелдер форумына делегат болып қатысты.

Дүйіш Сәтбаев

Соғыстың сұрапыл жылдарында ол басқарған ферма әскерге көмек ретінде жүздеген жылқы өсіріп, майданға жөнелтті. Бірнеше жыл қатарынан мал басын өсіру жөніндегі мемлекеттік тапсырманы орындап, озаттар қатарынан көрінді. Оның фермасы бүкіл Маңғыстау өңірінің мақтанышына айналды.

Сатыбалды Сисенбаев

Іскер әрі тындырымды басшы. 1942 жылы оған колхоз басқармасы жылқы өсіретін ферманы басқару міндетін жүктеді. Соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамастан жылқы шаруашылығын дамытуға күш жұмсап, ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Үш жыл ішінде фермадағы жылқы санын үш жарым еседей арттырды. Бұл еңбегі жоғары бағаланды.

Нұрсейт Бейнеуов

Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында 1930 жылы, 54 жасында, алғашқылардың бірі болып Орпа ауылшаруашылық артелін құрып, оны басқарды. Соғыс басталар қарсаңында жылқы өсіретін жаңа шаруашылықты басқару да оған тапсырылды. Маңғыстауда өсірілген Адай тұқымды жылқылардың даңқы сұрапыл кезеңдерде кең тарағаны белгілі. Нұрсейт Бейнеуов басқарған жылқы шаруашылығы соғыс жылдарында елеулі табысқа жетті.

Көркем сөз

«Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ»

Сөзі: жерлес ақын Есенғали Бөкенбаев

Білеміз сұм соғыстың кезеңдерін, Сел болып аққан қанның өзендерін. Елімді, Отанымды олжалауға, Жау оғы жан ұшырып кезенгенін. Көтердік сол соғыстың зардаптарын, Қайғылы, қатерлі кез салмақтарын. Елімнің бақыты үшін шейіт болған, Аяулы ардагерлер, саңлақтарым. Болса да жер шарының кеңдігі, Оңай бізге келген жоқ Жеңіс күні. Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп, Тылда да еңбегімен тер төккені.

Ұлыққа тағзым – ұрпаққа парыз

Соғыс жылдарында балалар әкелерін майданға аттандырып салып, елдегі шаруашылықтың тұтқасын аналарымен бірге өз қолдарына алды. Олар тылда тыным таппай еңбек етті. Байтақ елімізбен бірге, білек сыбанған қалың жұртпен қатар Жеңісті сағат сайын жақындата түсті.