Асанның тауып моласын, Соған тауап етейін
Мағжан Жұмабаев
1
Бүктетіліп жатқан бел
Сүтке тойған марқадай.
Бұйра қою қарағай
Белге біткен шалқалай.
Су жеп қойған жұмыр тас
Түйір-түйір малтадай.
Арнада өзен қылықты
Қылмаңдаған қалқадай.
Тайызға біткен құба тал
Мойындағы алқадай.
Жер еркесі жер мынау,
Шер қалар ма тарқамай?!
2
Түсте толқын еліріп,
Абыржып еді ойнақтай.
Кешке толқын тып-тыныш,
Қабыржыған қаймақтай.
Түсте толқын тулап ед
Ойнақтаған тайлақтай.
Кешке толқын тынып тұр
Қоңыр іңір бейуақтай.
Түскі толқын теп-тентек,
Бойлауық, көзсіз қайраттай.
Кешкі толқын тұңғиық,
Тек қоймас терең ойлатпай.
3
Тізілген толқын - меруерт
Бір-біріне тағылып,
Шұбырған толқын шуменен
Ағытқан қойдай ағылып.
Күңіренген толқын долданып,
Көпіріп жарға қағылып.
Жағада бұйра бала тал
Таң болып тұр аңырып.
Толқынға қарап мен тұрмын
Қоңыр оймен қамығып.
Сарыарқам қайда? Алыста!
Жүрмін мен мұнда нағылып?!
4
Ерте күнде Еділдің
Ертегі деген тоғайын,
Дүлей тоғай ішінде
Орманбеттің ноғайын.
Арқада жатқан алты алаш
Ол күнде болған ағайын.
Жорығы, жолы - бәрі ортақ,
Бірге де жеген уайым.
Өткен айқын, ұғымды,
Мынаны не деп ұғайын:
Дүлей тоғай тұлданған,
Танып болмайды ноғайын.
5
Ойнап тұрған оқадай,
Еділдің беті ақ ала.
Ақ аласы не? - десем:
Ылғи шаңқан шағала.
Суды сүйген сары алтын
Сәуле ғой сүйген бағана.
Кемеміз көлбеп келеді
Жібектей жасыл жағаға.
Шөккен бұйра бұлттай
Астрахань жатыр сағада.
Көрген соң оны, ой көшті
Ертедегі Асан ағаға.
6
Асан Қайғы салдырған
Астраханға жетейін.
Қайғысыз хандар күмбезін
Әдейі аттап кетейін.
Асанның тауып моласын,
Соған тауап етейін.
Моласына түнейің,
Ақ батасын күтейін.
Жолым қу! - десе болғаны,
Басқа жолды не етейін.
Әз Жәнібек сендер бол,
Мен Асан болып өтейін!
Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы тарихи шындық және көркемдік шешім
Рухани мәдениет. Дін. Өнер. Қазақстанның XIII-XV ғасырлардағы рухани мәдениеті
Әбу Ханифа ұлы ғалым
Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы
Ұлықбек
Асан қайғының көшпенділер философы, халық арманының жоқтаушысы аталуының себебі
АСАН ҚАЙҒЫ - ДАЛА ДАНЫШПАНЫ ТУРАЛЫ
Ислам дініндегі қажылық парыздың орны
Асан қайғы философиясы
Асан қайғының айтқандары
Бір түрлі жәндіктер бар, өзі балық секілді су ішінде тұрып, тірі бала тауып, емшегін емізіп өсіретін, сондай жәндіктердің ең үлкені - кит
Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін
Көкеңді көзіңе көрсетейін
Жаның барында қойды тауып бер
Кіндігін тауып Ұлы Даланың, Алдымнан шықты күліп арманым
Шеменге себеп болған дертті тауып емдеу
Уйезден Зайсандағы солдат шығып, Ұстамақ Күркебайды ебін тауып
Бұрынғы заманда Тәкір деген бір хан өзінің сүйікті уәзірін шақырып алып: - Бүгін төбемнен бес қаз өтті, қаздың алдындағы біреуі артқы төртеуіне бір сөз айтты, сол сөзді тауып бер, егер таба алмасаң, өлтіремін
Әлгі қызды қуып жетіп, тауып алайын
Азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәнібек, Алшынның бір алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші