Қазіргі тойларда дастархан жаю мәдениет дәстүр

Тақырыбы: «Бар байлықтың басы – нан»

Мақсаты

  • Нанды қадірлеп, қастерлеуге үйрету.
  • Нанның дастарханға қалай келетінін түсіндіру және оған көптеген адамдардың еңбек сіңіретінін ұғындыру.
  • Дәстүрді сақтауға, нанды қастерлеуге және ас ішу мәдениетін ұстануға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Нақыл сөздер Нан түрлері Ұннан жасалған тағамдар

Сабақтың өзегі

«Нан – дастархан байлығы». Бүгінгі әңгіме нанның қадірі, еңбек құны, дастархан әдебі және ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәні туралы.

Кіріспе сөз

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін біз «Нан – дастархан байлығы» тақырыбында тәрбие сағатын өткіземіз. Нанның қадірін білу — өз еңбегіңді де, өзгенің еңбегін де бағалау.

I. Қызығушылықты ояту

Сұрақ

Нан дастарханға қалай келеді? Оқушылардың пікірін тыңдау.

II. Мағынаны тану

Нан туралы қысқа кеңестер

1) Дүкенде нанның сапасын қолмен басып тексермеңіз — бұл тазалыққа да, мәдениетке де сай емес.

2) Нанды сатып алғанда міндетті түрде таза дорбаға салыңыз.

Топтарға бөліну

I топ

Алтын дән

Ұран

Дүниедегі көп байлықтың ең негізгісі — нан.

II топ

Береке

Ұран

Ас жүрген жер — береке.

III топ

Дастархан

Ұран

Дастархан дәмі — киелі.

III. Дастархан басындағы ырым-тыйымдар

I топ: «Алтын дән»

  • Ас жүрген жер — береке.
  • Нанды бір қолмен сындыруға болмайды.
  • Тамақты жатып ішуге болмайды: дені сау адам дұрыс отырып тамақтанады.
  • Ас үстінен аттама: астан үлкен емессің.
  • Әкесі отырғанда балаға бас тартылмайды.

II топ: «Береке»

  • Дастарханға алдымен нан әкеліп қойылады.
  • Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоюға болмайды.
  • Ас ішіп болған соң «тойдым» демей, «қанағат» деу керек.
  • «Ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама».
  • Тыйым өлеңі:
    «Ми жемейді жас бала,
    Миды ұсын басқаға.
    Былжыр болып өсеміз,
    Ынжық болу — масқара.»

III топ: «Дастархан»

  • Нанды төңкеріп қоюға болмайды.
  • Сыныеқ ыдыс туралы: Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды. Бұл — қонақты сыйламағандық әрі жаман ырым: «жүзің сынып, көңілің жарым болсын» дегенді меңзейді.
  • Дастарханнан аттауға болмайды.
  • «Өле жегенше, ағайынмен бөле же».
  • Ас ішу кезінде ізет, сыйластық, инабаттылық сақталуы керек.

IV. Дастархан басындағы дәстүрлер

I топ: Дәстүр мәні

  • Қуаныш та, қайғы да дастархан басында бөлісілген: өсиет айту, бата беру, достасу осы жерде өрілген.
  • Дастархан күнделікті тамақтануға, қонақ күтуге, той-томалаққа жайылады.
  • Ас үстінде тәртіп: сылпылдатпай жеу, қасықты оң қолда ұстау, түзу отыру, тазалық сақтау.
  • Қолға су құю — оң жақтан солға қарай.

Өлең жолдары:

«Той дастархан, той үлгі,
Бай дастархан жайылды.
Атап-атап ас қойдық,
Атаға деп бас қойдық.»

«Су құйдым да құманмен
Қолына мен әкемнің.
Содан кейін оған мен
Орамалды әпердім.»

II топ: Рәсімдер

  • Дастарханнан дәм татқан адамдар татуласу, келісу сияқты игі рәсімдерді бекемдейді.
  • Күнделікті өмірде ас қою, ас ұсыну, ас алу, ас қайыру, бата беру орындалады.
  • Дастархан басында жасына қарай отыру — сыйластық белгісі.
  • Тамақтан соң ең үлкен, құрметті адам бата береді.

Табақ тарту үлгісі (өлең):

«Жамбас қойдық құдаға,
Жал мен жая — сыбаға.
Қалақтай төс — жездеге,
Қазы-қарта — өзгеге.»

«Уыз, қаймақ тағы бар,
Уылдырық табылар.
Табан, сазан, майшабақ,
Табақ тарттық қайталап.»

III топ: Киелі дәм

  • «Таспен атқанды аспен ат» деген сөз бекер емес: дастархан дәмі — киелі. Дәм татып, келісімді бұзу — ауыр сын деп ұғынылған.
  • Алдымен асты ата-анаға, үлкенге ұсыну — тәрбиенің белгісі.
  • Тамақтың алдында да, кейін де қолға су құйылады; су жылы болғаны дұрыс.
  • Той дастарханы — мәдени дәстүр; жеміс пен көкөніс дастарханды көріктендіреді.

Өлең жолдары:

«Балаларға — тортымыз,
Барлық жұртқа — құртымыз.
Балмен піскен қауыршақ,
Балдай тәтті бауырсақ.»

«Қауын-қарбыз, көкөніс,
Қанша жидек, көп жеміс.
Қане, тойда тойыңдар,
Кәдеден соң ойын бар.»

V. Шығармашылық бөлім

I топ: Нан туралы тақпақтар

«Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан — өмірдің ана сүті арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар.»

«Бір кезде болып нанға зар,
Қадірін білген адамдар.
Әулие тұтып нанды ұстап,
“Нан ұрсын” деп қарғанар.
Нан — ардақты адал ас,
Кәрі-жас одан аттамас.»

«Нанға үлкен жүрекпен қараңдар,
Нанды өмір деп санаңдар.
Нан болмаса қызығың, бақытың —
Құр әуре, далбаса.»

«Нандай жоқ қой асыл дәм,
Жеп үйренген жасыңнан.
Дастарқаннан нан кетсе,
Береке кетер асыңнан.
Ей, балалар, балалар,
Болмаңдар, сірә, нанға зар.
Өмірдің алтын арқауы —
Бар қасиет нанда бар.»

II топ: Жұмбақтар

  • «Алға жайып тұз-дәмін,
    Келтіреді үй сәнін.
    Ол халқымның ақ жаны,
    Жақсы дәстүр маржаны.
    Кең пейілде арайлы,
    Осы жерден тарайды.»
    Жауабы: дастархан
  • «Беттескен қос табақ,
    Ортасында бас табақ.
    Көзбен шоққа ораса,
    Дәм піседі тамаша.»
    Жауабы: тары
  • «Келіге түйіп ақтадым — бұл не?»
    Жауабы: тары
  • «Шеңберлі есігі бар,
    Жүздеген тесігі бар.
    Ішіне кіргендердің
    Ұсағы жол табады,
    Ірісі тор қабады.»
    Жауабы: елеуіш

III топ: Мақал-мәтелдер

  • Қырман басы — береке, көп жүрген жер — мереке.
  • Егін ексең — тыңға, шықтым дей бер — шыңға.
  • Қоныс көркі — там, дастархан көркі — нан.
  • Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.
  • Тістем наның қадірін тарыққанда білерсің.

VI. Ас ішу тәртібі

I топ

  • «Тарта жесең — тай қалар,
    Қоя жесең — қой қалар,
    Қоймай жесең — не қалар».
    Сондықтан тамақты шектен тыс көп жеуге болмайды.
  • Асты асықпай, әбден шайнап жұту керек.

II топ

  • Тамақ ішіп отырып кітап оқуға немесе теледидар көруге болмайды.
  • Әр түрлі тағамда ағзаға қажетті дәрумендер бар, сондықтан талғаммен жеу керек.

III топ

  • Қазақтың ұлттық тағамдары өте пайдалы.
  • Ұлттық тағамдарға: бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, қымыз-шұбат, құрт және басқа да тағамдар жатады.

VII. Үй тапсырмасы және талқылау

Үй тапсырмасы

«Нан — ардақты адал ас» тақырыбында салған суреттерді қорғау.

Ситуациялық сұрақтар

Әр жағдайға байланысты дұрыс шешім ұсыну, өз ойыңды дәлелдеп айту.

VIII. Бата

I топ: Ас болған жерде бата беріледі.

Амандық берсін басыңа,
Қадір келсін қасыңа.
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Әумин!

IX. «Ас — адамның арқауы»

I топ

Ұннан жасалған тағамдар.

II топ

Еттен жасалған тағамдар.

III топ

Сүттен жасалған тағамдар.

Ой қорыту

Бүгін сендер ұлттық дәстүр туралы айтып, ырым-тыйымдарды қайталадыңдар. Дастарханға келген әр дәм өздігінен пайда болмайды — оның артында көп еңбек бар.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» — демек, еңбектену керек. Оқушының еңбегі: ата-ананың сөзін тыңдау, тапсырманы орындау, сабақты жақсы оқу.