Балалар бүгін бізде ашық сабақ

Сауат ашу

Сабақ жоспары

Сабақтың тақырыбы

З әрпі мен дыбысын қайталау.

Сабақтың түрі

Қайталау сабағы.

Сабақтың мақсаты

  • З/з дыбысы мен әрпін меңгерту.
  • З дыбысын сөз ішінен бөліп алып, дұрыс дыбыстату.
  • З дыбысына қатысты сөздерді оқыту, түрлі тапсырмалар арқылы тапқырлық пен шығармашылыққа баулу.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Отанды қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі және байланыс

Көрнекілігі: стенд, суреттер, шығармашылық тапсырмалар.

Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, еңбек сабағы.

I

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар, бүгін бізде ашық сабақ. Бүгін З әрпі мен дыбысын қайталап, бар білгенімізді ортаға саламыз.

II

Үй жұмысын тексеру

Шығармашылық тапсырма

Үй тапсырмасы: ермексаздан ішінде З әрпі кездесетін кез келген затты жасау. Кім не жасады? Әр оқушы жасаған затының атауын айтып, сол сөзді буынға бөледі.

Оқулықпен жұмыс

  1. «Дәрігер боламын» өлеңін жатқа айту.
  2. Сұрақ-жауап:
    • Дәрігер не істейді?
    • Сен өскенде кім болғың келеді?

Ойын: «Бұл үйде кім тұрады?»

Берілген дене мүшелерінің суреттері арқылы «тұрғындарды» анықтаймыз. Сөздерді тақтаға жазамыз:

қыз бұзау қозы қоян қаз

Талқылау: қайсысы бұл «үйдің тұрғыны емес»? Неге?

Сергіту сәті: «Поэзия минуты»

Қолдарыңа қарындаш алып, өлеңді бірге айта отырып сурет салайық.

«Қарындаштар»

Мынау – сары қарындаш, мұнымен күнді бояймын.

Мынау – қоңыр қарындаш, мұнымен тауды бояймын.

Мынау – жасыл қарындаш, мұнымен бауды бояймын.

Мынау – қызыл қарындаш, мұнымен гүлді бояймын.

Мынау – көк қарындаш, мұнымен үйді бояймын.

Мен суретші боламын, қарындашты аламын.

Туған жердің суретін әдемілеп саламын.

Мағынаны тану

Сұрақтар

  • Біз қандай сурет салдық?
  • Біздің еліміз қалай аталады?

«Қазақстан» тақырыбы

Стендпен жұмыс жасап, «Қазақстан – менің Отаным» өлеңін хормен оқимыз.

З әрпі кездесетін сөздер

«Қазақстан», «бәрімізге», «төбемізде» сөздеріндегі З әрпін табамыз және мағынасын талқылаймыз.

Дәптермен жұмыс

З әрпі бар сөздерді көркем жазу арқылы сауатты жазуға жаттығамыз.

III

Сабақты бекіту

Ойын: «Кім тапқыр?»

Берілген суреттерді атауымен сәйкестендіреміз. Әр сөзбен сөйлем құрастырамыз.

білезік қазан қобыз көзілдірік

«Галереяға саяхат»

Оқушылар ермексаздан жасаған бұйымдары мен сабақта салған суреттерін көрсетеді. Ұнаған жұмысқа «жақсы» деген пікір жазылған қима қағаз жапсырып, бағалау жүргіземіз.

Мұғалім сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды атап өтеді.

Қорытынды

Сабақ аяқталады.