Заттарды бір - біріне біріктіру

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Білім беру саласы

Шығармашылық

Бөлімі

Мүсіндеу

Тақырыбы

Алтын балық

Әдіс-тәсілдері

Түсіндіру, көрсету, әңгімелеу, сұрақ-жауап

Мақсаты

  • Балаларға балық туралы жан-жақты түсінік беру және тіршілік ортасымен таныстыру.
  • Ермексазбен жұмыс істеуде домалақтау, жаншу, жалпақтау, есу тәсілдерін бекіту.
  • Саусақ қимыл-қозғалыстарының ептілігін қалыптастыру, бірнеше бөліктен тұратын бөлшектерді біріктіруге үйрету.
  • Пішінді бұзбай, таза әрі ұқыпты орындауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Балықтардың суреттері, аквариум
  • Ермексаз, тақтайша, кескіш, сүрткіш
  • Үлгі мүсін, мүсіндеу схемасы

Сөздік жұмыс

алтын балық балдыр жүзу аквариум ұлу

Сабақ барысы

1) Мотивациялық-ынталандыру кезеңі

Шаттық шеңбері

Достар бірге жүреміз,

Бірге ойнаймыз, күлеміз.

Бірге балық аулаймыз,

Міне біздер қандаймыз!

Орман, көлге, шыңға біз

Саяхатқа шығамыз.

Бөлінбейді іргеміз,

Әрқашанда біргеміз!

Әрқашан тілектес,

Досыңа көмектес!

Жұмбақ

Шаңқ-шұңқ еткен үні жоқ,

Сусыз оның күні жоқ.

Жүріп кетсе соңында,

Қалып жатқан ізі жоқ.

Жауабы

Балық

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

Бүгінгі мүсіндеу сабағымыз ерекше болмақ. Біз жай балық емес, ертегідегі тілекті орындайтын алтын балықты мүсіндейміз. Ол үшін алдымен балықтар туралы қысқаша мәлімет алайық.

2) Ұйымдастырушылық-ізденуші кезең

Сұрақ-жауап

  • Балықтың аттарын білесіңдер ме? (Алабұға, шортан, сазан, табан, майшабақ және т.б.)
  • Балықтар қайда тіршілік етеді? (Суда. Сусыз өмір сүре алмайды.)

Қысқаша мәлімет

  • Балық — негізінен судағы тіршілікке бейімделген жануар.
  • Олар өкпе арқылы емес, желбезек арқылы тыныс алады.
  • Желбезек арқылы суда еріген оттегі балықтың ағзасына түседі.
  • Балықтар тек қана суда тіршілік етіп, суда көбейеді.
  • Балықтардың 22 000-нан астам түрі бар деп есептеледі.

Тақпақтар

1-бала

Табиғаттың бұйрығы —

Ол балықтың жүйрігі.

Құйрығы оның сияқты

Қарлығаштың құйрығы.

2-бала

Айқайлама, ұрыспа,

Тіпті ақырын тыныста.

Сазан — нағыз сақ балық,

Жоламайды дыбысқа.

3-бала

Қармақ салсаң сазанға,

Бар өзенге азанда.

Оңайлықпен сазанның

Түскісі жоқ қазанға.

Ертегіден үзінді

Орыс халқының «Балықшы мен балық» ертегісінен үзінді:

Тәрбиеші

Көк теңіздің жағасында бір ескі үйде шал мен кемпір өмір сүріпті. Олар кедей болыпты, күн көрісі — теңізден балық аулау екен. Бір күні шал торын тартып қалғанда, торға әдемі алтын балық түседі. Бұл жай балық емес — сөйлейтін балық болып шығады.

Алтын балық

Теңізге жібер, атай, тордан алып! Өлтіре көрме мені, қария. Үйіңе де апарма. Жөніме қоя бер — керегіңді сұрай бер!

Атай

Не сұрайын мен сенен, ғажайып алтын балық! Жүзе бер айдында, асыр салып.

Түсіндірме

Шал балықты теңізге жібереді. Алтын балық «жақсы тілектерді ғана орындаймын» деп уәде береді.

Сергіту сәті

Тұп-тұнық мөлдір суда

Балық жүзіп жүр екен.

Біресе керіледі, біресе жиырылады,

Біресе құмға тығылады.

3) Мүсіндеу жұмысы (схема бойынша)

Бүгін ертегідегі тілекті орындайтын алтын балықты мүсіндейміз. Жұмыс барысында пішінді бұзбай, таза әрі ұқыпты орындауға ерекше мән береміз.

  1. 1. Балықтың денесін жасау үшін ермексазды алақанға салып, айналдыра домалақтап шар пішінге келтір.
  2. 2. Домалақ пішінді екі алақанның арасына салып, жеңіл жаншып жалпақта.
  3. 3. Қанаттарын есу тәсілімен жасап, денесіне бекіт.
  4. 4. Құйрығын есу және жалпақтау арқылы қалыптастыр.
  5. 5. Бөлшектерді (қанат, құйрық) бір-біріне мықтап біріктір. Пішінді бұзбай, саусақпен тегістеп, ұқыпты орында.
  6. 6. Өз қалауыңша әшекейле: көзін, қабыршағын, өрнегін түсір.

4) Рефлексиялық-түзету кезеңі

Көрініс

Осы сәтте су сылдыры естіліп, су перісінің қызы кіреді.

Су перісінің қызы

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен су перісінің қызымын, суда ғана өмір сүремін. Сендердің балық мүсіндеп жатқан еңбектеріңе риза болып, аквариум ала келдім. Өйткені балық суда ғана тіршілік етеді.

Тәрбиеші

Рақмет сізге, су перісі! Біз жай балықты емес, тілегімізді орындайтын алтын балықты мүсіндедік. Аквариумыңызға көп рақмет!

Қорытындылау

  • Балалардың жұмыстарынан көрме ұйымдастыру.
  • Балалар ақ тілектерін айтып, мүсіндеген балықтарын аквариумға «жібереді».
  • Су перісінің қызы жұмыстарды бағалап, жылы пікір білдіреді.

Мысал тілек

Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін!

Бағалау және мадақтау

Жұмыстың тазалығы, ұқыптылығы, бөлшектерді дұрыс біріктіруі және әшекейлеудегі шығармашылығы ескеріледі.

Күтілетін нәтиже

Білуі керек

Балықтарды, олардың түрлерін, тіршілік ортасын және ермексазбен жұмыс істеу тәсілдерін.

Түсінуі керек

Таза әрі ұқыпты орындаудың маңызын, сабаққа қызығушылық танытуды.

Істей алуы керек

Нұсқаулықты түсініп, ермексаздан балықты кезең-кезеңімен мүсіндеуді.