Елге аман - сау барыңдар
Қонақ — атаңнан да үлкен
Бұл сахналық көрініс қонақ күту мәдениетін, үлкенге құрмет пен сөз қадірін көрсетеді. Оқиға киіз үй ішінде өтеді: домбыра үні, шайдың бабымен берілуі, дастарқанның жиналуы, бата, ән-күй — бәрі қазақы ықыластың айғағы.
Қатысушылар
-
Азамат Б.
Отағасы
-
Арайгүл
Азаматтың жары
-
Азамат С.
Қонақ, Азаматтың інісі
-
Жеміс
Қонақ
-
Жанар
Азаматтың әпкесі, қонақ қыз
-
Нұрбек
Азамат пен Арайгүлдің баласы
Көрініс
Орны
Киіз үйдің іші. Отағасы Азамат қолына домбырасын алып, күй шертіп отыр. Арайгүл шай қамына кіріседі.
Қонақтардың келуі
Азамат С.
— Ассалаумағалейкум!
Азамат Б.
— Уағалейкумассалам!
Жеміс
— Амансыңдар ма, қарақтарым?
Арайгүл
— Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер!
Жанар
— Сәлеметсіз бе, жеңеше?
Арайгүл
— Еркежан да келіп қалыпты ғой. Айналайын, кел, маңдайыңнан сүйейін.
Азамат С.
— Осы үйдің қазанын шегелей келдік.
Азамат Б.
— Жақсы болған екен. Өзіміз де қазан шегелейтін шебер іздеп жүрген едік. Төрлетіңдер.
Амандық-саулық сұрасу
Жеміс
— Ауыл-аймақ, көрші-көлем, мал-жан — бәрі аман ба?
Азамат Б.
— Бәрі аман. Құдайға шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз.
Жанар
— Жеңеше, мынау өзіңізге деген тартуым.
Арайгүл
— Рахмет, жаным. Сол өзіңнің келгеніңе не жетсін.
Шай үстіндегі әңгіме
Жанар
— Жеңеше, шайыңыз қандай тәтті еді. Тағы құйып беріңізші.
Арайгүл
— Іше ғой, жаным.
Азамат С.
— Шайға әбден үйрендік қой. Қанып ішпесең, тіпті басың ауыратындай. Құймасаңыз да сұрап ішетін едік. Жеңешеміздің бауырсағын сағынғанымыз рас.
Барлығы күледі.
Даналық сөз
Жанар
— Аға, бұрынғы дана адамдар мен билер туралы көп айтушы едіңіз. Тағы бір әңгімені айтып беріңізші.
Жеміс
— Е, бәрекелді!
Азамат Б. (әңгіме)
Бала би қартайған шағында елінің игі жақсыларымен кеңес үстінде: «Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не?» деп сұрайды. Ешкім көңілге қонымды жауап таба алмайды. Сонда Бала би өзі шешіп береді:
-
Жерден ауыр — ақыл-білім.
-
Судан терең — оқу-ғылым.
-
Оттан ыстық — адамның өмірі.
-
Көктен биік — тәкаппардың көңілі.
Барлығы: — Керемет, тауып айтылған сөз!
Дастарқан
Жеміс
— Шай ішіліп болған сияқты. Жинай бер, қалқам.
Шай құралдары жиналады.
Нұрбек
— Апа, ас дайын.
Арайгүл
— Ендеше, қолға су құя ғой.
Қолға су құйылып, табақ тартылады.
Азамат С.
— Осы үйдің баласы қайда? Шақыр. Ол да бізбен бірге ас ішсін.
Арайгүл
— Кенжетай, кел тамаққа. Ағаларыңның жақсы әңгімесінен ғибрат ал. Саған да осы ағаларыңның жасын, жолын берсін.
Жеміс
— Менің келінім қандай өнерлі! Еттің нанын ерекше, әдемілеп жайыпсың.
Арайгүл
— Анам нанды осылай жаятын. Көргенімді жасап, көпке үлгі болсын дедім.
Ет желініп, сорпа беріледі. Табақ алынады.
Бата
Азамат Б.
— Жасың кіші болса да, жолың үлкен — қонақсың. Астың батасын өзің бер.
Дастарқанға бата беріледі.
Нұрбек апасына шұбат құйылған ыдысты әкеледі. Арайгүл шұбатты зеренге құйып, қонақтарға ұсынады.
Ән-күй және қонақкәде
Азамат Б.
— Қарап отырғанша, ауылдың алты ауызын айтайын.
Құрманғазының «Адай» күйі орындалады.
Азамат Б.
— Енді қонақкәде айтыңыздар.
Жанар
— Бір халық әнін шырқап берейін.
«Әгугай» әні орындалады.
Барлығы: — Өнерің үстем болсын!
Азамат Б.
— Ақтан ауыз тиіңдер.
Ескінің көзі — сәндік бұйым
Арайгүл
— Еркежан, бері кел.
Жанар
— Жеңеше, мына бұйымдардың бәрін қайдан алдыңыз?
Арайгүл
— Бұлар менің жинап жүргендерім, ескінің көзі. Өз анамнан, енемнен қалған сәндік бұйымдар. Бұйымтайыңды айт, қалағаныңды берейін.
Жанар
— Мына біреуін таңдадым. Қалағаным — осы.
Арайгүл
— Қалағаның осы болса, ала ғой. Көзімдей көріп тағып жүрерсің.
Қоштасу
Жеміс
— Аманшылықта, саулықта кездескенше.
Азамат Б. мен Арайгүл
— Жолдарың болсын! Елге аман-сау барыңдар.
Негізгі ой
Көрініс қонақты төрге шығарып, дәм-тұз ұсынып, үлкеннің сөзін тыңдап, бата алып, өнермен көңіл көтеруді — яғни қазақы қонақжайлықтың тұтас бір мектебін көрсетеді. Әңгімедегі Бала бидің түйіні де ой саларлық: ақыл-білім, оқу-ғылым, өмірдің қадірі және тәкаппарлықтың қауіптілігі.