Екі таңбалы сандарды қосу және азайту

Сабақтың тақырыбы

Екі таңбалы сандарды қосу және азайту.

Сабақтың түрі

Дамытушылық

Әдіс-тәсілдер

Талдау, жинақтау, жүйелеу; дербес, жұптық, ұжымдық жұмыс

Көрнекіліктер

Интербелсенді тақта, дидактикалық материалдар, суреттер, ойындар

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Екі таңбалы сандарды қосу және азайту тақырыбы бойынша негізгі ұғымдарды қайталау, білімді тиянақтау.
  • Нумерациялық білім: ондықтар мен бірліктерден құралған сандарды дұрыс жаза білу.
  • Тура және кері сан қатары бойынша алдыңғы/кейінгі сандарды табу, сандардың орналасу ретін анықтау.
  • Қарапайым есептердің өтілген түрлерін шығару.
  • Есеп құрастыру, шығару және берілгенге кері есеп құрастыра білу.

Дамытушылық

  • Математикалық ойлау стилін, интеллект пен ерік-жігер сапаларын дамыту.
  • Меңгерген білімді өмірде қолдануға бағыттау.
  • Ойлау және есте сақтау қабілеттерін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Зеректікке, шапшаңдыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
  • Оқу-білімге құштарлық, ізденімпаздық және еңбекқорлықты қалыптастыру.

Сабақтың барысы

I. Амандасу

Нұрға толы бар аймақ,
Күн шыққанда арайлап.
Ұйқымыздан тұрғанда,
«Қайырлы таң, ботам!» — деп
Күлімдейді жан анам.

Қайырлы күн, ұстазым!
Қайырлы күн, достарым!
Қайырлы күн, қонақтар!

II. Психологиялық дайындық

Сұрақ-жауап

  • Көңіл-күйлеріңіз қалай? Керемет (бас бармақ көрсету)
  • Сабаққа дайынсыңдар ма? Тамаша (қол көтеру)

Оқушылардың сабаққа дайындығы тексеріледі, бір-біріне сәттілік тілейді. Ынталандыру: «О-о-о!» (шапалақ).

III. Қызығушылықты ояту

«Гүлдерге орналастыр» ойыны: сандарды алдымен кему, содан кейін өсу ретімен орналастыр.

51 47 26 48 36 55 23 19 21 32

IV. Ой қозғау

«Қай мысал шешілді?» ойыны: тақтада берілген мысалдардың жауабы жазылған карточканы көрсетіп, оның қай мысалға сәйкес келетінін табыңдар.

5 + 8
4 + 6
6 − 6
10 + 11
8 + 2
7 + 6
8 + 9
6 − 2
9 − 3

V. Жаңа сабақ: қызықты есептер (ауызша)

  1. Мұз айдында 11 бала сырғанап жүрді. Олардың екеуі түскі асқа кетті, ал түстен кейін қайта оралды. Мұз айдында қанша бала сырғанап жүр?
  2. Отбасында 12 бала бар: қыздар саны ұлдар санына тең. Отбасында неше қыз, неше ұл бар?
  3. Әсет Сәбитті шахматтан 2 рет жеңді, ал Сәбит Әсетті 3 рет жеңді. Тағы бір ойында олар тең түсті. Балалар барлығы неше рет шахмат ойнады?
  4. Арман тақта шоколадты екіге бөлді, содан кейін сол бөліктің бірін тағы да екіге бөлді. Шоколад неше бөлікке бөлінді?
  5. Сандар қандай тәртіппен орналасқан?
    1 2 3 4 5 6 7 8 9 | 9 8 7 6 5 4 3 2 1
  6. 4 литрлік және 6 литрлік ыдыстарды пайдаланып, краннан дәл 2 литр суды қалай құйып алуға болады?

Қосу және азайту кестесін қайталау

  • 9 бен 6-ның айырмасы нешеге тең?
  • Азайғыш — 15, азайтқыш — 8. Айырманың мәнін тап.
  • 10-ды 3 бірлікке арттыр.

VI. Сергіту сәті: «Кім жылдам?»

Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топ тапсырмаларды орындайды.

«Жәрмеңке» (топтық жұмыс)

Тапсырма: есептерді шығару арқылы керекті заттарды «сатып алу».

қалам дәптер қарындаш

1-топ

  • (7 + 2) + 1
  • (5 + 5) − 5
  • (7 + 2) − 5

2-топ

  • 5 + (4 − 2)
  • 6 − (4 + 1)
  • (10 − 3) + 3

3-топ

  • (20 − 10) + 4
  • (35 − 22) + 9
  • (66 − 15) − 23

VII. Қорытындылау: «Құстарды танисың ба?»

Тапсырма: құстың атын тауып, жасырынған есепті шығар.

Құс Өрнек
Қарға 62 + 30
Тауық 43 − 20
Үйрек 65 − 20
Тоқылдақ 45 + 20
Қаз 36 − 10
Сауысқан 92 − 30
Торғай 23 + 20
Кептер 46 − 10
Аққу 85 − 20

VIII. Рефлексия

Оқушылар «Бағдаршам» әдісі арқылы сабақ материалын қаншалықты түсінгенін көрсетеді.

Жасыл

Толық түсіндім

Сары

Әлі де сұрақтарым бар

Қызыл

Қиындықтар бар, қайталау керек

Мұғалім туралы белгі

Өткізген: Қитаманова Ә. С.

Тақырып: Екі таңбалы сандарды қосу және азайту