Көмекей - мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші қуыс шеміршекті мүше

Сабақ туралы мәлімет

Мектеп және мұғалім

Өңірі
Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласы
Мектеп
Академик О. А. Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектебі
Пән мұғалімі
Бакирова Гүлмайра Малгаждаровна (биология)

Сабақ тақырыбы

Тыныс алу мүшелерінің құрылысы

Сабақтың түрі мен типі

  • Түрі: жаңа білімді меңгерту
  • Типі: аралас сабақ

Мақсаты

Білімділік

Оқушыларға тірі ағзаларға тән қасиет — тыныс алудың маңызын түсіндіру, тыныс алу мүшелерінің құрылысы туралы білім қалыптастыру және ғылыми дүниетанымын дамыту.

Дамытушылық

Ойлау қабілетін дамыту, өз бетінше ізденуге дағдыландыру, сабаққа белсенділік пен қызығушылықты арттыру.

Тәрбиелік

Салауатты өмір салтын ұстанатын саналы тұлғаны қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап

Көрнекілігі

  • Электронды оқулық
  • Муляж
  • Тірек-сызба нұсқалары

Сабақтың барысы

  1. I
    Ұйымдастыру кезеңі
  2. II
    Үй тапсырмасын сұрау
  3. III
    Жаңа сабақты түсіндіру
  4. IV
    Жаңа сабақты бекіту
  5. V
    Оқушылардың білімін бағалау
  6. VI
    Үйге тапсырма беру

Үй тапсырмасын тексеру (тест)

Үй тапсырмасы тест арқылы тексеріледі.

Көп таңдаулы тест

1) Қан қысымының көтерілуінен пайда болатын ауру:

  • A)гипотония
  • Ә)гипертония
  • Б)жүрек талмасы
  • В)қаназдық
  • Г)гемофилия

2) Қанайналымның екі шеңбері бойынша қан неше секундта толық айналып өтеді?

  • A)20–23 сек
  • Ә)19–20 сек
  • Б)17–18 сек
  • В)24–25 сек
  • Г)16–20 сек

3) Лимфа плазмадан қандай қасиетімен ерекшеленеді?

  • A)нәруызы аз
  • Ә)эритроциттері болады
  • Б)глюкозасы көп
  • В)нәруызы көп
  • Г)глюкозасы аз

4) Ең ірі лимфа тамыры:

  • A)лимфа түйіні
  • Ә)лимфа өзегі
  • Б)қақпақшалары
  • В)лимфа қылтамыры
  • Г)лимфа венасы

5) Гемоглобин мөлшерінің кемуінен болатын ауру:

  • A)қаназдық
  • Ә)лейкемия
  • Б)гипертония
  • В)гемофилия
  • Г)гипотония

Сәйкестік тесті

Тамыр түрлері

  1. Салатамыр
  2. Көктамыр
  3. Қылтамыр

Сипаттамалары

  • a)терең орналасады
  • ә)жүрекке қан әкеледі
  • б)қанды жүректен денеге тасымалдайды
  • в)қан қысымы жоғары болады
  • г)қанның түсі қошқыл болады
  • д)өте жіңішке болады
  • е)тері астында орналасады

Жаңа сабақты түсіндіру

Жоспар

  1. Тыныс алу процесі
  2. Тыныс алу мүшелерінің құрылысы

Негізгі ұғым

Тыныс алу — тірі ағзаларға тән қасиет. Бұл ұғымды Овидийдің «Тынысым барда — үміттенемін» деген сөзімен байланыстыру тыныс алудың өмір үшін маңызын аша түседі.

Маңызы

Адам аштыққа, шөлге, ұйқысыздыққа белгілі бір уақыт шыдай алады, бірақ ауасыз бірнеше минут қана өмір сүре алады.

Биологиялық анықтама

Биология тұрғысынан тыныс алу — ағза мен қоршаған орта арасындағы газ алмасу. Тірі ағзалар оттегін қабылдап, көмірқышқыл газын бөледі.

Энергия және оттегінің рөлі

Ағзаның әрбір жасушасының қызметі (бұлшықеттің жиырылуы, тер мен сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) энергия жұмсаумен байланысты. Энергия ағзалық заттардың тотығуы кезінде босап шығады, ал тотығуға оттегі қажет.

Ағзада оттегінің тұрақты қоры болмайды. Сондықтан тыныс алу кезінде оттегі үздіксіз қабылданып, ал ыдырау өнімдері сыртқа шығарылады. Газ алмасуды тыныс алу мүшелері мен қанайналым жүйесі бірлесіп қамтамасыз етеді.

Мұрын қуысының құрылысы

Ауа танау тесіктері арқылы кеңсірікке өтеді. Кеңсірікті сүйекті-шеміршекті перде оң және сол жақ бөлікке бөледі.

Кеңсіріктің қабырғасын эпителий ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар сілемейлі қабықша қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер орналасады. Без жасушалары бөлетін шырыш шаң-тозаңды ұстап, ауаны ылғалдандырады.

Сілемейлі қабықша қантамырларға бай болғандықтан, мұрын қуысындағы ұсақ тамырлар ауаны жылытады. Лейкоциттер мұрын қуысына енген микробтарды жоюға қатысады.

Кеңсіріктің жоғарғы жағында иіс сезу жүйкелерінің ұштары орналасады. Мұрын қуысы ішкі танау тесігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады.

Жұтқыншақ

Жұтқыншақта асқорыту және тыныс алу жолдары түйіседі: тағам жұтқыншақтан өңешке өтеді, ал ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге бағытталады.

Сондықтан жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі тыныс алу жүйесіне жатады.

Көмекей

Көмекей — мойынның алдыңғы жағында орналасқан, іші қуыс шеміршекті мүше. Ішкі бетін сілемейлі қабықша астарлайды.

Қабырғасы 3 сыңар және 3 жұп шеміршектен түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы жатады. Артқы жағында 3 жұп майда шеміршек болады.

Дыбыс қалай пайда болады?

Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістік дыбыс саңылауы деп аталады. Адам дем шығарғанда ауа ағыны дыбыс сіңірлерін тербетіп, дыбыс пайда болады.

Дыбыс сіңірлері ұзындау болса, тербеліс жиілігі төмендеп, жуан дауыс шығады. Ер адамдардың көмекейі әдетте үлкен, дыбыс сіңірлері ұзағырақ болғандықтан дауысы жуан болады.

«Жұтқыншақ шодыры»

Мойынның алдыңғы жағындағы ең ірі қалқанша шеміршектің үшкірлеу томпайған бөлігі «жұтқыншақ шодыры» деп аталады.

Орташа өлшемдер

  • Ер адамдарда: шамамен 44 мм
  • Әйелдерде: шамамен 36 мм

Ауыз қуысында дыбыстың қалыптасуына тіл, ерін және жақсүйектер қатысады.

Кеңірдек және ауатамырлар

Кеңірдек — көмекейдің жалғасы, іші қуыс түтік пішінді шеміршекті мүше. Ол өңештің алдыңғы жағында орналасады. Ұзындығы шамамен 9–12 см, диаметрі 15–18 мм.

Кеңірдектің алдыңғы қабырғасы бір-бірімен сіңірлер арқылы байланысқан жартылай шеміршекті сақиналардан тұрады. 5-ші арқа омыртқасы тұсында кеңірдек оң және сол жақ өкпеге баратын екі ауатамырға тармақталады.

Ауатамырлар (бронхтар) кеңірдектің жалғасы болып табылады және ішкі беті сілемейлі қабықшамен қапталған. Өкпеде олар көп тармақтарға бөлінеді. Ең жіңішке тармақтары ауа тамырлық тармақшалар деп аталады.

Альвеолалар

Альвеоланың диаметрі шамамен 0,2–0,3 мм. Қабырғасы бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады.

Өкпе көпіршіктерінің сыртын тұтас қылтамырлар торы қоршап жатады — газ алмасу осы аймақта өте тиімді жүреді.

Жаңа сабақты бекіту (сұрақтар)

1) Тыныс алу мүшелеріне қандай мүшелер жатады?

2) Көмекей қандай қызмет атқарады?

3) Кеңірдек қайда орналасқан?

4) «Альвеола» сөзі қандай мағына білдіреді?

Үйге тапсырма

«Тыныс алу мүшелерінің құрылысы» тақырыбын оқу, мазмұндап әңгімелеу.