Ата - ананың балаға деген сүйіспеншілігін байқау

3-сыныпқа арналған тренинг-жиналыс

Ата-ана мен баланың арасындағы махаббат

Бұл тренинг ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сүйіспеншілікті байқап, оны дұрыс білдіруге және тәрбиедегі оң психологиялық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.

Тренингтің міндеттері

  • Ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігін байқау және оны саналы түрде күшейту.
  • Өзінің және өзгенің даралығын бағалау, өзін құрметтеуді дамыту.
  • Көңіл-күйді көтеру, сезім мен эмоцияны реттеу дағдыларын қалыптастыру.
  • Бала тәрбиесіндегі оң психологиялық көзқарасты және жауапкершілік сезімін нығайту.

Кіріспе сөз (жүргізуші)

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы — отбасы. Отбасылық тәрбие — ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың тұтас жүйесі. Сондықтан ата-ана бұл жүйені ғылым да, өмір тәжірибесі де ретінде жан-жақты меңгеруі қажет.

Ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген. Тәрбиені балаға ата-ана, мектеп, қоғам береді. Ал бала тәрбиесіндегі басты тұлға, алғашқы ұстаз — ата-ана.

Сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ананың алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен міндет тұрады — ол бала тәрбиесі. Бала үшін үйдегі ең жақын тәрбиеші — ата-ана. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздер ата-ана тәрбиесінің бала өмірінде терең із қалдыратынын аңғартады.

Баланың бойына жақсы қасиеттерді дарыту, ортасындағы достарына да мән беру, табиғат берген дарыны болса дамыту, білім алуына жағдай жасау — әр ата-ананың парызы.

Жүру барысы

1-қадам

Топқа бөліну

Жылы атмосфера

Тренингті бастамас бұрын ата-аналарға 3 түсті жүрекшеден біреуін таңдауы ұсынылады. Бір түсті жүрекше таңдағандар бір топқа бірігеді.

2-қадам

«Есімдер аллитерациясы»

Нұсқау

Әр қатысушы өз есімінің алдына адамның бойындағы жағымды қасиеттердің бірін қосып айтып, өзі туралы қысқаша мәлімет береді.

  • Мен нұрлы — Нұргүлмін.
  • Мен көрікті — Әсеммін.
  • Мен дарынды — Дидармын.

3-қадам

«Мадақтау мен жазалау»

Мақсаты

Ата-ананың балаға қаншалықты көңіл бөлетінін және қарым-қатынаста қандай тілдік үлгілерді жиі қолданатынын байқау.

Барысы

Қағазды екіге бөліп, бір жағына баланы мақтағанда қолданатын сөздерді, екінші жағына ескерту немесе сөгіс айтқанда қолданатын сөздерді жазыңыз. Қай бөлікте сөз көп екенін талдап, қорытынды жасаңыз.

Нөмір

Абулхайырова Дильназ — скрипка

Қатысушының өнер көрсетуі (скрипкада орындау).

4-қадам

«Қолынан танып біл»

Нұсқау

Көзі байланған ата-аналар өз баласын қолынан танып тауып алуы керек.

5-қадам

Жағдаяттарды талдау

Нұсқау

Әр топқа жағдаят оқылады. Ата-аналар оны талдап, әрекеттің дұрыс немесе бұрыстығын дәлелмен түсіндіреді.

Жағдаят 1

Түскі ас уақыты. Отбасы жиналып, тамақтануға отырды. Осы сәтте телефон шырылдады. Тұтқаны бала көтерді. Әке-шешесі баласынан «біз үйде жоқпыз» деп айтуын өтінді.