Қош келдің, Наурыз төріме
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Әдіскер
Бурабай ауданының Тілдерді оқыту орталығының әдіскері — Махметова Жанар Қайртайқызы.
Сабақтың тақырыбы
«Қош келдің, Наурыз төріме!»
Мақсаты
- Наурыз — төл мерекеміз туралы мәлімет беру.
- Өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын түсіндіру, білімдерін толықтыру.
- Ой-өрісті кеңейту, сөздік қорды дамыту.
- Өлең, ойын арқылы қазақ тіліне қызығушылықты арттыру.
Сабақтың түрі
Дәстүрлі емес мерекелік іс-шара.
Көрнекілігі
Мерекелік дастархан, слайдтар, кәдесыйға арналған қалта.
Әдіс-тәсілдері
Сұрақ-жауап, сайыс, ойындар.
Қатысушылар
Ақ әже, келген қонақтар, тыңдаушылар, жүргізуші.
Іс-шараның барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Қонақтарды қарсы алу, сәлемдесу, дастархан басына шақыру. Іс-шара барысында баяу музыка ойнап тұрады.
Слайд 1
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Жүргізушінің құттықтауы
Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын! Шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңару мен жақсылық әкелсін. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,
Жап-жасыл болып кетті дүние жаңғырып.
Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!
Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!
Қыдыр атаға қатысты наным-сенімдер
Халық сенімінде жаңа жылда Қыдыр ата үйге кірсе, ол үй пәле-жаладан, ауру-сырқаудан аман болады делінеді. Сондықтан Наурызға дейін адамдар үйін қағып-сілкіп, тазартып қоятын болған.
Ел аузында 21 наурыз түні Қыдыр атаның даланы аралайтыны туралы аңыз бар. Сол себепті береке дарып, бақ қонсын деп, жұрт есіктерін ашық қалдырған.
Бұл күні бойжеткендер ұнатқан жігіттеріне соғым етінен дайындалған «Ұйқыашар» ұсынған. Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіссу секілді сыйлық беріп, оны «Селтеткізер» деп атаған.
Слайд 2
Қыдыр ата бейнесі.
Дастархан дәстүрі және Ақ әже
Наурыз күні әр үйде дастархан жайылып, сүт және нан тағамдары қойылады. Бүгін де мерекелік дастархан жайылып, қонақтар төрге шақырылады. Ерекше қадірлі қонақ — Ақ әже.
Шашу дәстүрі
Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу — салты елімнің.
Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
Слайд 3
Наурыз мерекесінен көрініс.
Наурыз көже: жеті дәмнің мәні
Ақ әженің айтуынша, Наурыз күні қазан толы Наурыз көже пісіріледі. Ол жеті түрлі дәмнен дайындалып, молшылықтың, берекенің нышаны саналады.
Құрамына кіретін дәмдер
- Соғымнан қалған ет
- Қойдың басы
- Сүт
- Тұз
- Сүзілген құрт
- Бидай, тары, күріш
- Пияз және сәбіз
Наным бойынша, Наурыз көжеден дәм татқан адам жақсылыққа кенеліп, жыл бойы тоқшылықта болады. Қонақтарға көже ұсынылып, мерекелік көңіл-күй жалғасады.
Ән шашу
«Наурыз — думан» (орындаушы: Вагаева Л.Н.).
Наурыздағы ұлттық ойындар: «Наурызнама» рухы
Қазақ халқының тарихымен бірге жасап келе жатқан ұлттық ойындардың көпшілігі Наурыз мерекесінде ойналады. Бұл күнгі ойын-сауық дәстүрі «наурызнама» деп аталған.
Той-думанда ат жарыс, балуан күрес, түйе жарыс сияқты бәсекелер өткізіліп, айтыс, ән-жыр, өлең және Наурыз жырлары айтылады. Халық арасында «Қыз қуу», «Арқан тартыс», «Айгөлек», «Көкпар», «Алтыбақан», «Аударыспақ» секілді ойындар кең тараған.
Ойындар мен сайыстар
1-ойын: «Орамал тастамақ»
Тыңдаушылар ортаға шығып, шеңбер құрады. Бір ойыншы шеңбер сыртынан жүріп орамалды бір қатысушыға тастайды. Орамалды байқамай қалса, ойыншыны қуып жетуге тырысады. Жете алмаса, кәде-сый сұрайды немесе тапсырма береді.
Би
Қазақ биі «Қамажай» (ІІІ–4 тобының қыздары).
2-ойын: «Білгір» (сұрақ-жауап)
-
1) Ұлыс күні жауған қарды қалай атайды?
Жауабы: ақша қар (нұр жауды).
-
2) Наурыз көжеден ауыз тию нені білдіреді?
Жауабы: тоқшылық.
-
3) Наурыз көжеге қыстың тағамын қосу нені білдіреді?
Жауабы: қыстың тағамымен қоштасу.
-
4) Екі ойыншы ойнайтын ұлттық ойын?
Жауабы: тоғызқұмалақ.
-
5) Туылмаған балаға ниет қылған құдаларды қалай атайды?
Жауабы: бел құда.
-
6) Үш байлық?
Жауабы: денсаулық, ақ жаулық, он саулық.
-
7) Адамдарға бақ-дәулет қондыратын ақсақал кейіпіндегі қиял-ғажайып бейне?
Жауабы: Қыдыр ата.
-
8) Сүйекпен ойналатын ойын?
Жауабы: ақсүйек.
-
9) Қазақтың ішекті музыкалық аспабы?
Жауабы: домбыра.
-
10) «Наурыз» сөзінің мағынасы?
Жауабы: жаңа жыл.
Кәдесый
Сайыс қорытындысында Ақ әже Наурыз мерекесіне арнап жасаған кәдесый қалталарын қонақтарға таратады.
Ортақ ән және мерекелік түйін
Жайнап мереке ажары,
Қайнап береке қазаны,
Той боп жәрмеңке базары —
Келді Наурызым.
Елім жоғын тапқандай,
Өшкен отын жаққандай,
Әлем шалқып жатқандай —
Бүгін шаттық, думан, береке!
Қорытынды бөлім
Баршаларыңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Елімізге тыныштық, берекелі бірлік, саналы да салауатты ұрпақ, әр отбасына ынтымағы жарасқан баянды бақыт, денсаулық және мағыналы ғұмыр тілейміз. Әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Ескерту
Слайдтар жүктеледі.