Жиынға қатысушылар

Салтанатты жиын туралы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы №100 орта мектептің тәлімгері Пшанова Айгүл Әубәкірқызы 1 қыркүйек — Білім күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты салтанатты жиынның бағдарламасын ұсынады.

Өтетін орны

Мектеп ауласы. Алаң тақырыпқа сай жалаушалармен, шарлармен және мазмұнды үнпарақтармен безендіріледі. Тәуелсіз Қазақстан және мемлекеттік рәміздерге арналған плакаттар, ұстаздар мен оқушылар жетістігін таныстыратын ақпараттық стендтер орналастырылады.

Арнайы қонақтар

Жиынға шақырылған қонақтар мен ардагер ұстаздарға арнайы орын қарастырылады.

Қатысушылар

  • Ата-аналар

  • Қонақтар

  • Ұстаздар мен ардагерлер

  • Оқушылар

Жиынның барысы

Жүргізушінің құттықтауы

Қайырлы күн, құрметті жиналған қауым! Әлемдік өркениетке ұмтылудың өзегі — білім мен ғылым екенін ұғына отырып, қуаты күшті Ата Заңымыздың аясында нық сеніммен болашаққа қадам басқан жас өрендер, ата-аналар және ұстаздар! Алғашқы қоңырау салтанатына қош келдіңіздер!

Арайлы жаздың үш айын мазмұнды да мәнді өткізіп, сағынышпен алтын ұя мектебімізге оралған оқушыларымызды құттықтаймыз!

Өлең жолдары

Өмір бойы мектебімді жыр етем, Біз өзіңде бақыт, білім берекем. Шәкірттерің өрістесін, өрлесін, Құтты болсын Білім күнің — мерекең!

Назар аударатын сәт

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкелінеді. Туды алып келу құрметі — қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, сыныптастарына үлгі болып жүрген 11-сынып оқушылары Алмас Әлия, Әнуарбек Ардақ, Бақтыбай Самалға беріледі. «Елім менің» әні орындалып, озат оқушылар саппен адымдай басып Туды алып кіреді.

Жиынды ашу

Еңсесі биік еліміздің айбынды Ата Заңының 17 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, 2012–2013 оқу жылының басталуына арналған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты жиынды ашық деп жариялаймыз.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

Құттықтау сөздер

  • Мектеп директоры

    Алғашқы құттықтау сөзі мектеп директоры Мәмбетов Әлішер ағайға беріледі.

  • Құрметті қонақ

    Майлыбас ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қартабаев Қазбек ағайға сөз беріледі.

  • Ардагер ұстаз

    Қарт-зейнеткер ұстазымыз Оразбаев Мақсат ағай құттықтау сөз сөйлейді.

  • Ардагер ұстаз

    Сапалы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстазымыз Нұрбаев Қойтанбай ағайға сөз беріледі.

  • Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар

    Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Карчалова Бақытжан апайға сөз кезегі беріледі.

Ән-әдеби бағдарлама

Ән

Озат оқушымыз Айтас Родомир «Мектебім» әнін орындайды.

Өлең жолдары

Жүздеріңнен көрем арай шаттығын, Болсын солай әрбір күнің, әр айың. Мерекеңіз құтты болсын ата-ана, Мерекеңіз құтты болсын ағайын!

1-сынып оқушыларын қарсы алу

Бүгінгі мереке — мектеп табалдырығын алғаш аттайын деп тұрған 1-сынып бүлдіршіндеріне арналады. 1-сынып оқушылары жетекшілерімен бірге сап түзеп ортаға шығады. Ұстаздар мен бүлдіршіндерді қошеметпен қарсы алайық.

Тілек

Қош келіпсің, бүлдіршін, Құтты болсын қадамың! Шуақ шашып күн күлсін, Таудай болсын талабың.

Бүлдіршіндердің құттықтауы

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің құттықтау тақпақтары орындалады.

Алғашқы қоңырау

Аңқыған жұпар гүлімен, Бірінші қыркүйек күнімен Қуана қарсы алған мектебім, Сүйкімі қоңырау үнімен.

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу құрметі Дүйсен Диана мен Ердәулет Расулға беріледі.

Ізгі тілек

Қиындықтар мойытпасын сендерді, Батылдықпен асыңдар сан белдерді. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер, Білімдеріңмен қуантыңдар бізді енді.

Құттықтау және ән

  • Құттықтау сөз

    1-сынып оқушысы Бердіғали Аружан.

  • Ән

    «Мерекем» — Қуантқан Айда, Ібайдулла Дәуіржан.

Әлеуметтік қолдау және сыйлық табыстау

Соңғы жылдары мектеп табалдырығын аттаған әлеуметтік санаттағы балаларды қолдау дәстүрге айналды. Осындай бүлдіршіндердің бір тобына қамқор көңілмен сыйлық табыстау үшін сөз мектеп директоры Мәмбетов Әлішер ағайға беріледі. Директор бір топ оқушыға сыйлық тапсырады.

Бүгін қандай шаттыққа толы күн еді, Бүкіл әлем ерекше бір түлегендей. Балдырған жетектеген ата-ана, Қуаныштан жарылардай жүрегі.

Осыдан кейін сөз кезегі ата-аналарға беріледі.

Қорытынды және тарату

Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкетіледі. Осы сәтте Әнұран орындалады.

Бүлдіршіндер, сендерге артылар міндет көп, Көтеріңдер мектептің атын құрметтеп. Білімнің көзін аша білсең тереңнен, Жетелейді армандарға бұл мектеп.

Осымен Білім күніне арналған мерекелік жиынымыз аяқталды. Оқушылар мен ата-аналар мектеп ғимаратына кіріп, мұражайдан бастап сынып бөлмелерімен танысуға мүмкіндік алады.