Мұқағали - мәңгілік өмір
«Жырлайды жүрек» — Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-саазды кеш
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қонаев ауылы, Төле би атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мақашева Нұрзия Сағындыққызы ұсынған әдеби-саазды кеш материалы.
Кештің мақсаты
- Ақиық ақын, артына өшпес із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау.
- Өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу, поэзия әлемінің сырын ашу.
Көрнекілігі
- М. Мақатаевтың портреті.
- Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме.
- Видеосюжеттер, музыкалық сүйемелдеу.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырай түседі. Абаймен үндес Мұқағалидей перзенті бар халқымыз — шынымен де бақытты. Мұқағали — ғажайып, сыршыл ақын. Оның өлеңдерін оқыған сайын ақиқатқа суарылған рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
Ендеше ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-саазды кешімізді бастаймыз. Бүгін ақын өлеңдерін оқып қана қоймай, оның сөзіне жазылған тамаша әндерді тыңдаймыз, сондай-ақ ақын туралы бейнесюжеттерді тамашалаймыз.
Өмір жолына шолу
Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Ендеше қыран тағдырлы ақын Мұқағали Мақатаевтың өмір деректеріне назар аударайық.
Видео 1: «Ақиық ақын»
Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаев туралы бейнеролик көрсетіледі.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылғы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келді. Әкесі Сүлеймен — шаруа адамы.
Бастауыш сыныпты Қарасазда оқып, орта мектепті Нарынқолдағы интернатта тәмамдады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғашқы өлеңдерін жаза бастайды. 1948 жылы мектепті бітіргеннен кейін мәдени-ағарту саласында түрлі қызмет атқарды: әдебиет пәнінен сабақ берді, аудандық газетте әдеби қызметкер болды.
1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласты. Алматы Шет тілдері институтында неміс тілін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды, сондай-ақ Мәскеудегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында білім алды.
Кейін «Социалистік Қазақстан» (1962–1963), «Мәдениет және тұрмыс» (1963–1965), «Жұлдыз» (1965–1972) журналдары редакцияларында және Қазақстан Жазушылар одағында (1972–1973) қызмет атқарды.
Көзінің тірісінде жарық көрген жыр жинақтары:
- «Ильич» (1964)
- «Армысыңдар, достар» (1966)
- «Қарлығашым, келдің бе?»
- «Мавр» (1970)
- «Аққулар ұйықтағанда» (1973)
- «Шуағым менің» (1975)
Жүргізушінің ой-толғауы
Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер «жан еді» дер өр тұлғалы.
Біреулер «тұлпар еді» деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.
Иә, бүгін ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер де айтылып жүр. Дегенмен, айтылғаннан айтылмағаны көп. Мұқағали әлемін тереңірек танығымыз келсе — оның өлеңдерін оқиық. Алдымен ақынның өзі туралы жазылған «Менің анкетам» өлеңін тыңдайық.
Сезім мен сағыныш үні
Ақын жүрегі сезімтал. Ол замандастары мен кейінгі ұрпақтың өзін өлеңдерімен бірге еске алатынын алдын ала сезгендей. Бұған «Есіңе мені алғасың» өлеңі дәлел.
Видео 2: «Есіңе мені алғасың»
Интерактивті тақтадан бейнеролик көрсетіледі.
Негізгі тақырыптар: Отан, тіл, ел
Ақынның басты тақырыптарының бірі — туған жерге, елге, халқына, Отанына, ана тіліне деген махаббат. Ол ұлтын да, туған тілін де ерекше қастерледі.
Өлеңдер топтамасы
- «Үш бақытым»
- «Отан»
- «Қазақстан»
- «Қара өлең»
Ақынның өз дауысы
«Поэзия, менімен егіз бе едің…» — деп өзі жырлағандай, Мұқағали өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи білді. Бір кезеңде Қазақ радиосында диктор болып та қызмет атқарды. Оның дауысын, оқу мәнерін қазақтың «Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, қолдау көрсеткені айтылады.
Видео 3: Ақынның өз дауысы
Интерактивті тақтадан аудио/бейнеүзінді қойылады.
Осы өлеңдерді тыңдай отырып, мәнерлеп оқудың мәнін тереңірек түсінесің. Дауыс тазалығы мен интонациясы тыңдаушыны баурап алады. Ақын шеберлігі оқушыларға ғана емес, ұстаздар қауымына да өнеге.
Әнге айналған жыр
Өлең — өнер, өлең — дерт; оны туа біткен дарын иесі ғана өмірге әкеледі. Ақынның әрбір сөзі жүрекке ән болып жетеді. Мұқағали сөзіне жазылған әндер — таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуен. Кейде біз сүйіп тыңдайтын әндердің сөзін М. Мақатаев жазғанын аңғара бермейміз.
Видео 4: Әндері
Интерактивті тақтадан әндер топтамасы ұсынылады.
Оқушылар орындауындағы әндер
- Анарбекова Аружан — ән орындауы
- Нұрғалиева Айғаным — ән орындауы
Жас жүректердің жалғастығы
Бүгінде жас ұрпақ Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқумен қатар, ақынның жолын қуып, өз жырларымен арнау жазатындары да аз емес.
Видео 5: Оқушылар шығармашылығы
Интерактивті тақтадан бейнеролик көрсетіледі.
Алғыс сөз
Бүгінгі кешімізге белсенді қатысқан оқушыларға үлкен рақмет! Ақындық жолға басқан қадамдарың құтты болсын, талаптарыңа нұр жаусын! Болашақта өз араларыңнан арқалы ақындар шығады деп сенеміз.
Құрмет және тағзым
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы — мәңгілік. Ол — болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазына. Десе де, ғасырымыздың ғаламат ақынына деген мемлекеттік деңгейдегі құрметтің салмағы әлі де арта түсуі керек деген пікірлер айтылады. Келесі бейнесюжет осы ойға негіз болмақ.
Видео 6: «Туған күнім»
Интерактивті тақтадан бейнеролик көрсетіледі.
Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?
Әрбір әні толы ғой армандарға.
Шерте білген мұңдарын жас қайыңға —
Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма?
Елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын поэзияда ғана емес, өмірде де үлкен азаматтықпен қорғай білген Мұқағали Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес. Оны жаттау — біздің парызымыз. Жылдар өткен сайын ақын бейнесі тұлғаланып, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт игілігіне асыратын XXI ғасыр жастары — сендер. Ғасыр ақыны атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек. Мұқағали — мәңгілік өмір.
Қорытынды
Қадірлі тыңдарман қауым, бүгінгі кеште Мұқағалидың сырлы да әуезді, мұңлы да мөлдір жырларына қанық болдыңыздар деп ойлаймыз. Әдеби-саазды кешіміз осымен аяқталды.