Бүгінгі қыз - ертеңгі ана

Қыз — ұлттың ұяты, халықтың шырайы

Сөз басын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де — біздің қазақ» деген пікірінен бастағым келеді.

Халқымыз «қыз — қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарын алтынның сынығына балап өсірген. Бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз тәрбиесіне айрықша мән берген. Қазақ қыздарының болмысына тән қасиеттер — қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық.

Қазіргі қоғамдағы алаң

Уақыт өте келе кейбір қыздарымыз теріс әдеттерге әуестеніп бара жатқандай. Бүгінгі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, киім киісі бұрынғыдан өзгеше. Қыз бала тәрбиесінде «ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені байқалады. Батыстан келген түрлі ықпал салт-санамызға әсер етіп отыр.

Осындай қоғамдық мәселелердің алдын алу мақсатында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға селосындағы Бейнеу мектеп-интернаты мемлекеттік мекемесінде «Қыз — ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты рухани-тәрбиелік кеш ұйымдастырылды. Төменде сол кештің мазмұндық өзегін әріптестеріме ұсынамын.

Кештің кіріспесі: өнегелі сөз

Кештің беташарын жас ұрпаққа ұлттық салт-сананы, дәстүр мен әдет-ғұрыпты өмірлік деректермен ұштастыра отырып өсиет еткен Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келіні «Айналайындарым менің…» кітабынан алынған үзіндімен бастаған жөн көрдік:

«Айналайындар, қыз баланың тәрбиесі қашанда аса мәнді. Қыз — бүгін әке-шешесінің қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағының сәні. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары да, азары да қыз бен қыз тәрбиесіне байланысты.

Ертеде «қызға қырық үйден тыю» деген болған. Мұның астарында қыз абыройы — ата-ананың абыройы деген мән жатыр.

Қызың көргенді де ибалы, сөзі сынық, ісі түзік, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жаймен жүріп, айтқаныңды екі етпесе — ажарың.

Ал айтқаныңды алмай бедірейіп, кісі көрсе кекірейіп, топ ішінде қарқылдап, ұятты жерде саңқылдап, етегін кесіп, омырауын ашып, көрінгенге көзін тесіп, күндіз кетіп, түнде келіп жүрсе — азағың.

Ұясынан ұшқан құсы ұясына абыроймен қонса — артындағы ата-анасына мерей. Ал оң босағада отырып қыз белгісін жоғалтып барса — арты үлкен дау мен шатақ. Бұрын ондай абыройсыз қызды атқа теріс мінгізіп, төркініне әкеліп тастаған оқиғалар да кездескен. Сүйекке сын деген — осы».

Осы ойлардың негізінде кеш барысында: «Қыз Жібек пен Баян сұлудай асылдардың бүгінгі сіңлілері қандай күйде?» деген сауал қойылып, тақырыпқа байланысты көрнекі материалдар көрсетілді.

Ар мен жауапкершілік туралы ой

«Қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды?» деген сөз бар. Алайда қырындады екен деп кез келген ортада қылымсу — қыз баланың өз қадірін түсіруі. Қоғамда ар-ұятқа қайшы құбылыстардың көбеюі — ұлт болашағына төнген қауіп.

Абыройды сатуға ақтау іздеу — қате түсінік. Арын сақтай алмаған «күнкөріс» ұлттың ең нәзік тұсын жаралайды.

«Бүгінгі қыз — ертеңгі ана». Ал ана — тәрбиенің, өмірдің бастауы. Сондықтан қыз тәрбиесі — тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Дәстүр сабақтастығы және білім

«Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» деген нақыл қыз тәрбиесінің мәнін айқын көрсетеді. Қыз өсіру — гүл өсірумен тең: күтім керек, қорғау керек, бағыт-бағдар қажет. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен өмір дейтін үлкен әлемге қанат қағады. Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай тәліммен өсіп келді.

Заман ағымына сай жан-жақты білім беріп, түрлі мамандыққа баулитын мемлекеттік тәрбие мен оқу мүмкіндігі қазақ қыздарына ХХ ғасырдың орта шенінде кеңірек жол ашты. Соның бір дәлелі — 1944 жылы Алматы қаласында қазақ қыздарына арналған мемлекеттік педагогикалық институттың ашылуы. Алғашында отбасылық тәрбиенің өзегін сақтай отырып, кейін әр салаға қажет білікті мамандар даярлайтын оқу орнына айналды.

Тәуелсіздік кезеңіндегі сұрақ

Бүгінгі тәуелсіз, еркін еліміз даму қарқынымен алға жылжып келеді. Осы үдерісте ұлттық сана-сезімге сіңген мәдени мұрамызды жоғалтып алған жоқпыз ба? Болашақта сүйікті жар, ардақты ана болатын қыз баланың қоғамдағы орны көмескіленіп бара жатқан жоқ па?

Кештің қорытынды бөлігі

Кеш соңында тақырыптың идеялық өзегін бекіту мақсатында «Қазақ қыздары» әні орындалды.