Жақсылық жаса досыңа, Бірге ойнаған жасыңнан
Сабақтың бағыты
- Тақырып
- Жаным толған жақсылық
- Мақсат
- Оқушылардың қайырымдылық, қамқорлық, жақсылық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Жақсылық жасаудың адами қарым-қатынастағы мәнін түсіндіру.
- Жақсы істер жасай білу дағдыларын дамыту.
- Қайырымдылыққа, ізгілікке, қамқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Оқулық, дәптер, үнтаспа.
Сабақтың басталуы: «Шаттық шеңбері»
Жаңа сабақты өткен тақырыппен байланыстыру үшін үй тапсырмасы тыңдалады: «Мен мейірімді баламын» тақырыбында құрастырылған әңгімелер.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: оқушылардың мейірімді істері адамға да, қоршаған ортаға да жақсылық жасауға жетелейді.
Жақсылық жаса досыңа,
Бірге ойнаған жасыңнан.
Қиналған кезде әрқашан,
Табылсаң болды қасынан.
Болғың келсе жақсы адам,
Жақсылық жаса әрқашан.
Осы сабақта біз жақсылық жасаудың мәні мен көріністері туралы әңгімелесеміз.
Ой қозғау: сұрақтар арқылы талқылау
- «Жақсылық жасау» дегенді қалай түсінесің?
- Өзің қандай жақсылық жасай аласың?
- Жақсылық жасауды қайдан үйрендің?
- «Жақсы ісің алдыңнан шығады» дегенді қалай түсінесің?
Мұғалімнің толықтыруы
Жақсылық жасау — адамдарға, айналаға, табиғатқа қайырымдылық пен қамқорлық танытып, көмек көрсету. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады, сыйластықты арттырады.
Оқулықпен жұмыс: мәтін және талдау
Әңгімелеу
«Жан Ана» мәтінін оқып, мазмұнын әңгімелеп беру.
Сұрақ-жауап
- Ауылдағылардың жасаған әрекеттеріне көзқарастарың қандай?
- Осы әңгімеден қандай қорытынды шығаруға болады?
Дәйексөз және негізгі ой
Дәйексөз
«Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе»
Жақсылықты риясыз жасау керек: жанашырлықпен, шын көңілмен, адал ниетпен. Жақсылық үшін ақы сұраудың, «жақсылығымды қайтар» деудің қажеті жоқ. Жасалған жақсылық бәрібір алдыңнан шығады.
Ыбырай Алтынсарин: «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе» деп өсиет айтқан.
Мұхтар Әуезов: «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жаманшылыққа жақсылық ер кісінің ісі» деген.
Мақал-мәтелдер арқылы бекіту
Жақсылық қылсаң — жасыр,
Жақсылық көрсең — асыр.
Өзгеге жасаған жақсылығың —
Өзіңе жасаған жақсылығың.
Жақсылық жүрген жерде
Тапшылық болмайды.
Тапсырма
Негізгі ойды анықтап, өмірден мысал келтір.
«Өзіммен-өзім»: тыныштық сәті
Балалар ыңғайланып отырады. Қаласаңдар, көздеріңді жұмып, жақсылық жасауға асығып бара жатқандарыңды елестетіңдер.
Өзіңді көгілдір, мөлдір де таза су жағасында, жайқалған жасыл желек ортасында, сайраған әсем құстар үнін естіп, асқар таулар қоршаған әсем табиғат аясында жүргендей сезін.
Сен табиғаттың көркін, сұлулығын ұзақ сақтауға өз қамқорлығыңды көрсетіп жүрсің. Бұл да — жақсылық.
Шығармашылық жұмыс: «Тамшыдай жақсылық»
Оқушыларға алдын ала дайындалған тамшы пішініндегі қиынды қағаздар таратылады. Әр оқушы сол тамшыға өзі жасаған жақсы істерін суретпен немесе қысқа мәтінмен бейнелейді.
Қорытынды ой
Әрқайсыңның тамшыдай жасаған жақсылығың қосылса, үлкен дарияға айналады. Егер әр адамның жаны жақсылыққа толса, жер бетінде бейбітшілік орнап, адамдар бақытты өмір сүреді.
Ойын: «Ептілік пен жақсылық»
Оқушыларды жақсылық жасауға дағдыландырып, бой сергіту үшін «Ептілік пен жақсылық» ойыны ұйымдастырылады.
Қажетті құрал
Ұзындығы 5–6 метр жіп және жіптің екі ұшына байланған жіңішке (25–30 см) таяқшалар. Жіптің қақ ортасы белгіленіп, басқа түсті жіп байланады.
Ойын ережесі
Ортаға екі оқушы шығып, бір-бірінен алшақтап жіпті керіп тұрады. Белгі берілгенде әр ойыншы жіпті өз таяқшасына тез орай отырып алға жылжиды. Әр қадам сайын досының өзіне жасаған бір жақсылығын айтып отырады. Кім ортадағы белгіге бірінші жетсе — сол жеңімпаз.
Үй тапсырмасы
Дәптердегі «Жақсылық бастауынан тараған тармақтарға» төмендегі сұрақтарға жауап жаз:
- 1 Айналаңдағы адамдарға қандай жақсы тілектер айтып жүрсің?
- 2 Өз бойыңдағы жақсы қасиеттерді санамалап жаз.
- 3 Қандай жағымсыз қылықтардан аулақ жүруге тырысасың?
«Жүректен-жүрекке»: жылы тілек айту
Барлығымыз ортаға шығып, шаттық шеңберін құрамыз. Бір шумақ өлеңді қосылып айтып, өзіміз жақсы көретін жандарға тілегімізді білдірейік.
Жақсы сөз, жақсы тілекті —
Болайық ізгі ниетті.
Жақсылық ойлап кісіге,
Тілейік үлкен-кішіге.
Тілек үлгілері
- Мейірімді анама ұзақ ғұмыр тілеймін.
- Кең пейіл далама тыныштық тілеймін.
- Өнерлі балаларға талмас қанат тілеймін.
- Талапты достарыма табыс тілеймін.
- Сыныптастарыма амандық тілеймін.
- Отбасыма бақыт тілеймін.
Осындай жылы сөздер арқылы ата-анаға, туысқа, достарға, жақындарға және қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен құрметімізді білдіреміз.