Сан есімнің емлесі

Қазақ тілі • 6-сынып

Сабақтың тақырыбы: Сан есімнің емлесі

Бұл сабақ Блум таксономиясы мен халықтық педагогика элементтері негізінде құрастырылып, оқушылардың сан есімнің жазылу нормаларын дұрыс меңгеруіне және оны мәтінде сауатты қолдануына бағытталған.

Сабақтың түрі

  • Жаңа сабақ
  • Блум таксономиясы
  • Халықтық педагогиканы тану

Әдістер мен стратегиялар

  • ДЖИГСО стратегиясы
  • Сұрақ-жауап
  • Ізденіс, баяндау, талдау
  • Ойын элементтері

Ресурстар және байланыс

  • Көрнекілігі: слайдтар, постер, маркерлер, суреттер, үлестірме қағаздар
  • Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Сан есімдердің емлесі туралы түсінік қалыптастыру; сан есімдерді дұрыс қолдануға үйрету; сөйлем мәнеріне, ойдың нақтылығына мән беру.

Дамытушылық

Ойлау белсенділігі мен танымдық қызығушылықты дамыту; ой қорытып, нақты шешім қабылдату; шығармашылық ізденіске ықпал ету; сауатты жазуға төселдіру.

Тәрбиелік

Ел тарихын және ұлттық құндылықтарды ұмытпауға баулу; туған халқының өнерін қадірлеуге тәрбиелеу; Отанды сүюге, еңбексүйгіштікке және сан есім емлесін ажырата білуге қалыптастыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  1. 1 Сыныптың сабаққа қатысуын тексеру.
  2. 2 Оқушыларды 4 топқа бөлу.

II. Үй тапсырмасын сұрау және қызығушылықты ояту

Слайдтағы суреттер арқылы бүгінгі сабақтың Тәуелсіздік күні мерекесімен байланысты екенін хабарлау. Қазақ дәстүрінде қуанышты күндерде жасалатын «шашу» жоралғысын сабаққа кіріктіріп, әр топқа екіден «кәмпит-сұрақ» таратылады.

Білу деңгейі: сұрақтар

1. Сан есім дегеніміз не? Сан есім құрамына қарай нешеге бөлінеді?

2. Сан есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? Есептік сан есім дегеніміз не?

3. Реттік сан есім дегеніміз не?

4. Жинақтық сан есім дегеніміз не?

5. Болжалдық сан есім дегеніміз не?

6. Топтау сан есімі дегеніміз не?

7. Бөлшектік сан есім дегеніміз не?

8. Сын есім дегеніміз не? Сын есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді?

Жаңа сабақ: Сан есімнің емлесі

Негізгі ережелер

  1. 1) Күрделі сан есімнің әр сыңары бөлек жазылады.

    Мысал: жиырма жеті, екі мың он бес.

  2. 2) Цифрмен берілген сан есімдерге жалғанатын қосымшалар дефис арқылы жазылады.

    Мысал: Атам 60-қа толды. Інімнің жасы 9-дан 10-ға қарады.

  3. 3) Реттік сан есім араб цифрымен берілсе, жұрнақтың орнына дефис қойылады.

    Мысал: 6-сынып, 152-жаттығу, 2-топ.

  4. 4) Рим цифрымен берілген реттік мәндегі саннан кейін дефис қойылмайды.

    Мысал: II том, XX ғасыр, IX тарау.

Қосымша ережелер

  1. 5) Жыл, ай, ғасыр, күннің ретін білдіретін сан есімдер араб цифрымен берілсе де, дефис қойылмайды.

    Мысал: 1991 жыл, 16 желтоқсан.

  2. 6) Екі, алты, жеті сан есімдеріне -ау/-еу жұрнағы жалғанғанда, түбірдің соңындағы ы/і дыбысы түсіп қалады.

    Мысал: екеу, алтау, жетеу.

  3. 7) Болжалдық сан есім цифрмен жазылса, қосымша дефис арқылы жалғанады.

    Мысал: 10-даған, 20-дай, 100-деп, 40–45-терде.

Түсіну: ДЖИГСО арқылы меңгеру

Оқулықтағы кестелер бойынша оқушылар топ ішінде өз бетінше оқып, мазмұнын түсіндіреді. Әр топ өз бөлігін постер арқылы қорғайды.

1-топ

1–2-бөлім

2-топ

3–4-бөлім

3-топ

5–6-бөлім

4-топ

7-бөлім

Қолдану: «Қазақстан — кеше, бүгін, ертең…»

Қазақстан — кеше…

Қазақстанға тәуелсіздік оңай келген жоқ. Ел басынан өткен ауыр кезеңдерде аналар көз жасын тыймай, талай перзентінен айырылды.

Берілген жылдарды «сөйлету»: 1932, 1937, 1945, 1986. Әр топ осы жылдарға қатысты ой бөлісіп, сан есімдерді орынды қолданады.

Оқулықпен жұмыс: 153-жаттығу

Мәтіннен сан есімдерді тауып, түрлеріне қарай ажырату.

1-топ

Есептік сан есімдер: бір, төрт-бес.

2-топ

Жинақтық сан есімдер: екеуі, төртеуге, алтауға, екеуге.

3-топ

Бөлшектік сан есімдер: айдың бір ширегінде.

4-топ

Сан мөлшерін білдіретін сөздер: жалғыз, біршама.

Қазақстан — бүгін…

Бүгін тәуелсіздік — әр қазақтың жүрегіндегі үміт пен жауапкершілік. Бұл күн — елдің бірлігі мен болашаққа сенімін нығайтатын мереке.

Сандарды сөйлету

17 миллион, 550, 100, 50. Әр топ осы сандар нені білдіретінін түсіндіріп, шағын мәтін құрайды.

Топтардың үлгі жауаптары

1-топ: Қазақстан халқының саны бүгінде 17 миллионнан асады. Бұл — халық санының өсіп келе жатқанының белгісі.

2-топ: Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай мерейтой ел көлемінде аталып өтті. Біз де шығарма жазып, өлең шығарып, сурет салып өз үлесімізді қостық.

3-топ: Елдің дамуына бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасы қабылданды. Бұл — келешекке жоспарланған нақты қадамдар жүйесі. Сонымен қатар 100 жаңа мектеп пен 100 аурухана салынды.

4-топ: Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына қосылды — бұл үлкен жетістік. Енді біз де соған сай білімді, талапты оқушы болуға ұмтылуымыз керек.

Талдау, жинақтау және шығармашылық жұмыс

Талдау: 154-жаттығу

Сан есімнің емлесін еске түсіріп, мәтіндегі қате жазылған сан есімдерді түзету. Үш бөлікке бөлінген мәтіндердегі қателерді үш топ орындайды.

4-топқа қосымша тапсырма: «Тәуелсіздігім» сөзін септеу.

Жинақтау: «Қазақстан — ертең…»

«Қазақстанның ертеңі» тақырыбы бойынша берілген сандарды қатыстырып шағын ой толғау жазу. Жазба жұмысында сан есімнің емлесін сақтау міндетті.

Қазақ — егемен ел. Әлемге ашылған кеңістікте Қазақстанды тану мен тең дәрежеде мойындату — бүгінгі ұрпақтың мақсатымен сабақтас.

Шығармашылық тапсырмалар

1-топ

2017 жылы өтетін ЭКСПО туралы ой толғау.

2-топ

Қазақстанның келешекте дамыған 30 ел қатарына қосылуы туралы пікір.

3-топ

12 жылдық білім беру туралы ой.

4-топ

ҰБТ-дан 125 балл алу үшін оқушының әрекет жоспары.

Практика: «Сәйкесін табу»

Берілген мөлшерлі сөздерді дұрыс орнына сәйкестендіру.

1 асым ет

1 ұрттам су

1 жайым қамыр

1 ауыз сөз

1 шымшым тұз

1 үзім нан

1 елі қазы

Қорытындылау, бағалау және үй тапсырмасы

Қорытындылау: «Қайсысы дұрыс емес?»

Үш тұжырымның біреуі қате беріледі. Оқушылар дұрыс емес тұжырымды анықтап, не себепті қате екенін дәлелдейді.

Бағалау сұрақтары

  • Сан есімдердің күнделікті өмірдегі орны қандай?
  • Сан есімнің емлесін білу не үшін қажет?

Әр топ басшысы бағалау парағын ұсынады. Мұғалім қорытынды бағаны шығарып, ортақ нәтижені жариялайды.

Үйге тапсырма

156-жаттығу. Сан есімнің түрлерін қатыстырып шағын шығарма жазу.

Автор туралы мәлімет

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №11 мамандандырылған физика-математика мектебі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Ёлдашова Жамал.

CRITICAL RABBIT ERROR: stream_socket_client(): Unable to connect to tcp://45.86.81.61:5672 (Connection timed out) #0 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(253): PhpAmqpLib\Wire\IO\StreamIO->connect() #1 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(720): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->connect() #2 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(41): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->channel() #3 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(126): Corp\RabbitPublisherBig::channel() #4 [internal function]: Corp\RabbitPublisherBig::flush() #5 {main}