Өлеңді сатылай кешенді талдау

Сабақтың тақырыбы

Тіл ұстарту. «Өлең, мен сені аялап өтем!»

Мақсаты

Ф.Оңғарсынованың шығармашылығы туралы мәлімет алып, өлеңдерін талдау арқылы оқушылардың тілін дамыту.

Міндеттері

1) Мазмұнға байланысты

  • Ақын өлеңдерінің тақырыбы мен идеясын түсінеді.
  • Мәтінді мәнерлеп оқиды.
  • Әдеби-теориялық талдау жасауға үйренеді.

2) СТО-ны дамытуға байланысты

  • Өлең мәтіндерін жан-жақты талқылайды.
  • Ақын ойын халық даналығымен салыстырады.
  • Сөздік қорын және тіл байлығын дамытады.

3) Топпен жұмыс

  • Өз ойын анық жеткізеді.
  • Басқалардың жауабын тыңдайды.
  • Бірін-бірі оқытады, сұраққа жауап іздейді.
  • Қорытынды шығарады.

Көрнекілігі

  • Ф.Оңғарсынованың портреті
  • Тапсырмалар берілген өлең мәтіндері жазылған слайдтар
  • Бағалауға арналған кесте

Пайдаланылатын стратегиялар

Ой қозғау Жигсо-I Сезімнен шыққан өлең РАФТ Сатылай кешенді талдау (СКТ) Ақын мен халық даналығын байланыстыру

Сабақтың түрі

Сайыс сабақ.

Бағалау

  1. Топтың қорытынды жауаптары
  2. Жазба жұмыстары
  3. Жеке оқушының жауабы мен пікірі

Сабақтың барысы

I. Қызығушылықты ояту (Ой қозғау)

Мұғалім оқушылармен амандасып, назарын тақтаға аударады және сұрақ қояды: «Берілген үзінді кімнің өміріне байланысты деп ойлайсыңдар?»

«Менің туған күнім — 25 желтоқсан, 1939 жыл. Жұлдызшылардың айтуынша, мен — Таутекемін. Жылым — қоян жылы. Менімен қатар дүниеге келген қазақтың біраз азаматтары бар».

Мұғалім толықтырады: бұл — Қазақстанның халық жазушысы, жерлес ақынымыздың өмірбаянынан алынған жолдар. Есімін нақтылау үшін келесі үзінді ұсынылады:

«Анам Халима көп сөйлеспейтін, аса ақылды, рухани қуатты, үнемі мақалдап сөйлейтін, мүсіндей сұлу, қараторының әдемісі еді. Әкем Оңғарсын мен ес білмей тұрып ауырып, дүние салыпты. Еліне сыйлы, ашық-жарқын адам деседі».

Осы әдіс арқылы сабақтың тақырыбы анықталып, мұғалім Ф.Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасайды.

II. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылар 2 топқа бөлінеді.
  • Бағалаушы топ анықталып, оның міндеті түсіндіріледі.

1) «Жигсо-I» стратегиясы

Әр топқа ақын өлеңдерінен үзінділер беріледі. Оқушылар өлең жолдарын ретімен қиыстырып, толық мәтінді құрастырады және мәнерлеп оқиды. Әр топ өзіне тиген бөліктің мазмұны мен мағынасын түсіндіреді.

(Мысал ретінде «Тақ пен тіл», «Өлең» өлеңдері кесінділерге бөлініп ұсынылады.)

2) «Ақын мен халық даналығы» байланысы

Әр топқа ақын өлеңдерінен 3 шумақтан үзінді беріледі. Тапсырма: мағынасын ашып, мақал-мәтелдермен байланыстыру.

Қорлыққа төзіп, сынға да
Туған елінің ар туын
Басына тіккен ұл ғана
Ары бола алар халқының

Мақал-мәтелдер:

  1. Ер үмітін ер ақтар.
  2. Ер ел үшін туады, ел үшін өледі.
  3. Отан үшін отқа түс — күймейсің.

3) Жеке оқушымен жұмыс (сатылай кешенді талдау)

Әр топтан екі оқушыға бір өлеңнен беріліп, оны сатылай кешенді талдау (СКТ) жасау тапсырылады. Оқушылар тақтаға шығып қорғайды.

Өлеңді сатылай кешенді талдау жоспары

  1. Авторы
  2. Тақырыбы
  3. Идеясы
  4. Жанр түрі
  5. Шумақ
  6. Тармақ
  7. Бунақ
  8. Санақ
  9. Ұйқас
  10. Әдеби-теориялық ұғымдар
  11. Түсіндірме сөздік
  12. Өлеңнің мазмұны

4) Пікірталас

Үнтаспадан ақынның «Баланың ойы» өлеңі тыңдалады. Өлеңдегі негізгі ой тақырып етіп алынып, екі топ өз пікірін дәлелмен айтады. Нақты және мазмұнды сөйлеген топтың жауабы ескеріледі. Қажет болса, топтар бір-біріне сұрақ қоя алады.

5) «Сезімнен шыққан өлең» стратегиясы

Алдыңғы тапсырмадағы тақырыпқа сүйене отырып, ақын өлеңдерінің алғашқы тармақтарын негізге алып, оқушылар өз сезімін қысқа мәтін немесе өлең жолдары арқылы білдіреді.

1-топ бастамасы

«Әкем — менің тәңірім, пайғамбарым…»

2-топ бастамасы

«Еркелесем, күлімдейтін…»

III. Ой толғаныс

Туған күніңмен! Туған күніңмен!
Мейірлі күніңмен,
Зейінді түріңмен,
Жастықтың құрдасындай,
Шаттықтың сырласындай,
Жарқылдап арамызда
Жүре бер күнде осылай!

РАФТ стратегиясы

R — Рөл
Оқушы
A — Аудитория
Фариза
F — Форма
Құттықтау сөз
T — Тақырып
Мерейтой

Бағалаушы топ өз бағасын беріп, сабақ қорытындыланады.

Үй тапсырмасы

  • Ақынның бір өлеңін жатқа айту.
  • Прозалық шығармаларын оқу.