Құлаққап - дыбыстық ақпаратты шығаруға арналған құрылғы
7-сынып
Сабақтың тақырыбы
Компьютердің негізгі құрылғыларының міндеттері және мүмкіндіктері
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылар негізгі терминдер мен түсініктерді меңгеріп, дербес компьютердің құрылымы туралы ұғымды түсінуі тиіс.
Дамытушылық
Танымдық қызығушылықты, логикалық және шығармашылық ойлауды дамыту; қадағалау және тексеру дағдыларын жетілдіру; топпен бірлесіп жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
Пәнге қызығушылықты арттыру, тиімді қарым-қатынас жасауға баулу, ұжымдық сезімді ояту арқылы рухани тәрбие негізін қалыптастыру.
Сабақтың көрнекілігі
- Программалық-дидактикалық жабдықтамалар: дербес компьютер, компьютерлік презентация, интерактивті тақта.
- Тапсырмалар және бағалау парағы.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Үй тапсырмасын тексеру
«Есептеуіш техникасының даму тарихы» тақырыбы бойынша сұрақ-жауап.
Сұрақтар
- Бірінші электронды есептеуіш машина қалай аталған? Ол қай жылы жасалды?
- Mark I машинасы қандай элементтерден жасалды?
- Бұрынғы Кеңестер Одағында алғашқы ЭЕМ қай жылдары жасалды? Оны кім құрастырды?
- ЭЕМ-нің буындарын атаңдар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
- Қазіргі дербес компьютерлер қай буынға жатады?
Жаңа сабақты түсіндіру
Дербес компьютер — өзара байланысқан электронды құрылғылар жиынтығы. Әр құрылғы белгілі бір қызмет атқарады, ал барлығы бірігіп ақпаратты қабылдау, өңдеу, сақтау және ұсыну міндетін орындайды.
Компьютердің негізгі құрылғылары
Жүйелік блок
Жүйелік блок — ақпаратты (мәтіндік, графикалық және т.б.) электр сигналдары түрінде жоғары жылдамдықпен қабылдап, өңдеуге арналған негізгі құрылғы. Мұнда компьютердің басты бөлшектері орналасады, сондай-ақ қосымша құрылғыларды қосуға арналған порттар мен қуат түймесі болады.
Құрамына жиі кіретін құрылғылар:
- Аналық тақша (материнская, системная плата)
- Процессор
- Қоректендіру блогы
- Жедел жад (RAM)
- Қатты диск (HDD/SSD)
- CD-ROM (оптикалық диск жетегі)
- Бейнеплата
- Дыбыс платасы
Процессор
Процессор — компьютердің ең басты бөлігі. Ол берілген бағдарлама бойынша есептеулерді орындайды және компьютердің барлық жұмысын басқарады. Сондықтан оны компьютердің «миы» деп атайды.
Монитор (дисплей)
Монитор — ақпаратты (мәтін, графика және т.б.) экранға шығаратын құрылғы. Оны пайдаланушыға мәліметті жеткізетін компьютердің «тілі» ретінде қарастыруға болады.
Қауіпсіздік және гигиена
- Монитор алдында ұзақ отыру көзді тез шаршатады.
- Дисплей жұмыс істегенде электромагниттік және ультракүлгін сәулелену болуы мүмкін.
- Әр 20 минуттан кейін 5 минут демалып, көзге арналған жаттығулар жасауды ұмытпа.
Пернетақта (клавиатура)
Пернетақта — сандық және символдық ақпаратты компьютерге енгізуге арналған құрылғы. Пернелер бірнеше блокқа (топқа) бөлінеді.
Жұмыс ережелері
- Пернелерді ақырын бас.
- Қатты соққылардан сақтан.
- Қолың таза әрі құрғақ болсын.
- Пернетақтаның үстіне зат қойма.
Тышқан (mouse)
Тышқан — экрандағы нысандарды басқаруға және командаларды беруге арналған көрсеткіш құрылғы. Әдетте екі немесе үш батырмалы болады.
Дұрыс қалып
- Білек түзу болсын, буындарды бүкпе.
- Білегіңді үстелге сүйеме.
- Тышқанды қатты қыспа: бұлшық етті қажетсіз ширықтырады.
- Қолды толық созба; еркін қозғалтуға жеткілікті бос орын қалдыр.
Компьютердің қосымша құрылғылары
Қосымша құрылғылар компьютердің мүмкіндіктерін кеңейтеді: ақпаратты қағазға шығарады, дыбысты енгізеді/шығарады, желіге қосады және т.б.
Принтер
Ақпаратты компьютерден қағаз бетіне басып шығарады.
Сканер
Мәтіндік немесе графикалық ақпаратты компьютерге енгізеді.
Дыбыс колонкалары
Дыбыстық ақпаратты шығарады.
Құлаққап
Дыбыстық ақпаратты жеке тыңдауға мүмкіндік береді.
Микрофон
Дыбыстық ақпаратты енгізеді.
Джойстик
Көбіне компьютерлік ойындарда қолданылатын басқару тетігі.
Стример
Мәліметтерді магниттік таспаға сақтауға арналған құрылғы.
Плоттер
Сызбалар мен графиктерді қағазға шығарады.
Модем
Телефон желісі арқылы басқа компьютерлермен ақпарат алмасуға көмектеседі.
Желілік адаптер
Компьютерді жергілікті желіде пайдалануға мүмкіндік береді.
Сабақты бекіту
Негізгі ұғымдарды қайталау: дербес компьютердің анықтамасы, негізгі және қосымша құрылғылардың қызметі, сондай-ақ қауіпсіз жұмыс ережелері.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындауына қарай бағалау парағы бойынша қорытынды баға қойылады.
Үйге тапсырма
«Компьютердің негізгі құрылғыларының міндеттері және мүмкіндіктері» тақырыбын қайталау.