Алтынсарин таңдамалы шығ
Шеберлік сынып: 10-сынып әдеби үйірмесі
Технология: Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерін сын тұрғысынан ойлау әдістері арқылы оқыту.
Формат
Интерактивті әдіс, топтық жұмыс, пікірталас, презентация.
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, мультимедиа, тірек сызбалар, Ы. Алтынсарин портреті.
Ұйымдастыру
Оқушылар 4 топқа бөлініп, әр топқа нақты рөлдер бекітіледі.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі мен шығармашылығынан мәлімет беру; әңгіменің негізгі идеясын ашу.
Ыбырай Алтынсарин — ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклортанушы, аудармашы; қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі.
Дамытушылық
Әдеби білік-дағдыларды дамыту: ауызша сөйлеу, мәнерлеп және түсініп оқу, ойды жүйелі жеткізу, талдау жасау, шығармашылық қабілет.
Тәрбиелік
Ы. Алтынсарин тұлғасын үлгі ете отырып, білімге құштарлық пен ізденімпаздыққа баулу; мәтін мазмұны арқылы еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Қызығушылықты ояту
Оқушылар 4 топқа бөлініп орналастырылады. «Тәубеңе кел!» видеоролигі көрсетіледі. Көрген материал негізінде рефлексия жасалады.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Бейнетаспадан қандай ой түйдіңіз?
- Өз рефлексияңызды айтыңыз.
- Өз өміріңізден осыған ұқсас мысал келтіре аласыз ба?
- Қандай тағылым алдыңыз?
- Өмір шындығын озық идея тұрғысынан көрсете білген кемеңгер суретші кім?
Адам белгілі бір қоғамда өмір сүреді, ал қоғам мен орта үнемі қарама-қайшылыққа толы: жақсы мен жаман, білімділік пен надандық, мейірімділік пен қатігездік, бай мен кедей. Жаманның жамандығы жақсымен қатар тұрғанда ғана айқынырақ көрінеді.
II. Мағынаны тану
Әр топ өз рөлі бойынша мәтінді талдайды: кейіпкерді сипаттау, сұрақ құрастыру, дәйексөздер мен мақал-мәтелдер табу, идеяны бүгінгі өмірмен байланыстыру.
I топ — Зерттеуші
Кейіпкер мен оқиғаны терең сипаттауБасты кейіпкер — Атымтай бай: жомарт, еңбекқор, адамгершілігі мол, қайырымды, жүрегінде иманы бар тұлға. Ол еш нәрсеге мұқтаж болмаса да, еңбектен қол үзбейді. Оның ұстанымы: «Еңбекпен табылған дәм тәтті болады».
Тірек сөздер (қысқаша)
- Жомарт
- кеңпейіл, қолы ашық
- Дәулет
- байлық, береке
- Жәрдем
- көмек
- Бейнет
- қиын еңбек, азап
- Әдет
- дағды
- Пұл
- ақша
Ескерту: Кейбір сөздер мәтінде диалект немесе ауыспалы мағынада кездеседі.
Қазақ қоғамында елінің қамын ойлаған тұлғалар аз болмаған: Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов және т.б. ХІХ ғасырда Батыс өңірінде де халықты білімге үндеп, мектеп ашуға, кәсіпке баулуға үлес қосқан қайраткерлер болды: Мақаш Бекмұхамбетов, Бөкейұлы Жәңгір хан.
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801–1845) — Бөкей ордасының соңғы ханы. Шын есімі — Жиһангер.
II топ — Сұрақ құрастырушы
Блум таксономиясыМәтін мазмұны бойынша деңгейлік сұрақтар құрастырылады. Бұл оқушыларды тек мазмұндауға емес, ойлануға, дәлелдеуге, бағалауға жетелейді.
Білім
- Атымтай қандай адам болған?
- Оны неліктен «жомарт» атаған?
Түсіну
- Ол нақты не істеген?
- Бай адамдар өз дүниесін ешкімге бермейді деген пікір қаншалықты дұрыс?
Қолдану
- Атымтай бай бола тұра, неліктен өзі жұмыс істеген?
- Оның себебін бүгінгі өмірмен байланыстырып түсіндіріңіз.
Талдау
- Еңбек ету «кемшілік» пе? Неге?
- Үзіндідегі «жел» сөзінің ауыспалы мағынасы қандай?
Синтез
- Үзіндідегі «әбірет» сөзінің мәнін түсіндіріңіз.
- «Еңбекпен табылған дәм неліктен тәтті, сіңімді?» деген ойға өз тұжырымыңызды ұсыныңыз.
«Әбірет» (Қостанай, Торғай) — ғибрат, өнеге. Дерек: диалектологиялық сөздік (Арыс баспасы, Алматы, 2007).
Бағалау
- Мал берген иесі кім, және ол неден қорқады?
III топ — Сілтемелер табушы
Афоризмдер мен мақал-мәтелдерТоп әңгіменің тақырыбы мен рухани өзегін ашатын нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді жинақтайды. Бұл қадам мәтін идеясын кеңірек мәдени контексте түсінуге көмектеседі.
Афоризмдер
- «Кейбіреулерге қанша мал бітсе де, байлық бітпейді.» (Абай)
- «Пейілі кедей байдан сақта.» (Абай)
- «Байлыққа қосар үлесің болмаса, байлықтан алар үлесің де жоқ.» (Ғ. Мүсірепов)
- «Байлықты малдан емес, адамнан іздеген жөн.» (Ғ. Мүсірепов)
- «Қанша байлық жиғанмен, бұйырғаннан артық жей алмайсың.» (Қорқыт ата)
- «Дәулет те біреуден көшіп, біреуге қона береді.» (Майлықожа)
- «Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.» (Ә. Бөкейханов)
Мақал-мәтелдер
- Бай болсаң, бәсең бол.
- Кедей — байға жетсем дейді, бай — құдайға жетсем дейді.
- Бақыт кілті — еңбекте.
- Еңбек етсең емерсің.
- Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
IV топ — Дәнекер
Идеяны бүгінгі өмірмен байланыстыруМен Атырау қаласының шетіне жақын, қаладан шамамен 3 шақырым жерде орналасқан Геолог ауылында тұрамын. Ауыл мұнайшылар мен геолог-барлаушыларға арналып салынған. Бұл ортада өнегелі өмір сүріп жүрген жерлестерім көп.
Қазіргі заманның «Атымтайы»
Солардың бірі — Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің түлегі Жаниязов Айбар Серікұлы. Қарапайым отбасынан шыққан: әкесі — мұнайшы, анасы — мұғалім. Айбар еңбексүйгіштігінің арқасында кәсіпкер ретінде танылды; кәсібін тек ел ішінде ғана емес, шетелде де дамытып келеді.
Оның елге сыйлы болуының сыры — қарапайымдылығы, адамгершілігі, еңбекқорлығы. Ол үлкен-кішіге ізетпен сәлемдесіп, өз мектебіне үнемі қолдау көрсетуге дайын.
Еңбек пен қайсарлықтың үлгісі
Ауылымыздың тағы бір белсенді азаматы — Нәрлі апа. Нәзік жанды бола тұра, ер азаматқа тән істі атқарып, еңбегінің жемісін көріп отырған қайратты ана. Жолдасынан ерте айырылса да, өмір сынағына мойымады: бес баласын өсіріп, тәрбиелеп, қатарға қосты.
Бүгінде ол қаладағы «Нәрлі» атты үлкен мейрамхананың иесі, сондай-ақ Дина сауда үйінде бірнеше сауда нүктесін жүргізетін кәсіпкер. Бұл жетістік — тынымсыз еңбек, жігер, қайсарлықтың нәтижесі.
Нәрлі апа мектеппен үнемі байланыста: ата-аналар комитетін басқарады, іс-шараларға қолдау көрсетеді. Бұл — жүрегі кең, елгезек азаматтың белгісі.
Дегенмен, кейде зәулім үйде тұрса да айналасына мейірімі жоқ, аста-төк тұрмыс кешсе де өзгеге жәрдемдеспейтін жандарды көргенде қынжыласың. Тәрбие мен білім бірдей берілсе де, өмірге көзқарас әртүрлі болуы мүмкін. Адамгершілік, қарапайымдылық, мейірім, еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттердің қалыптасуына отбасының әсері зор.
Ыбырай әңгімелерінің өзекті тақырыбы — еңбек және еңбек адамы. Маңдай термен жетістікке жету, туған елдің дамуына үлес қосу — бүгін де күн тәртібіндегі талап.
Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы туралы тұжырымдамасында еңбек ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік дәуірінде алдыңғы қатарға шығарылуы тиіс екені атап өтіледі.
III. Ой толғаныс
Әр топ өз жұмысының нәтижесін презентация түрінде сыныпқа ұсынады. Қалған оқушылар тыңдап, сұрақ қояды, пікір білдіреді, талқылайды. Сабақ соңында оқушылар ортақ қорытынды жасап, негізгі ойды жинақтайды.
Ортақ қорытынды
Жомарттық — тек беру емес, ең алдымен еңбекке адалдық, жауапкершілік, адамға жанашырлық. Еңбек — тұлғаны өсіретін, қоғамды алға жетелейтін құндылық.
Бағалау
Бағалау топтық белсенділік, сұрақтардың сапасы, дәлел мен дәйектің орнықтылығы, өмірмен байланыс орната білу және сөйлеу мәдениеті арқылы жүргізіледі.