Наурыз сауығын басқарушы кім

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып
Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі Әмірхан бейнесі
Сабақтың типі
Пысықтау сабағы
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Көрнекілік және құрал-жабдық
Таратпа қағаздар, интербелсенді тақта

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ж. Аймауытұлының өмірі мен шығармашылығы туралы білімді тереңдету; «Әнші» әңгімесінің тілі мен мазмұнына талдау жасау; Әмірхан бейнесін жан-жақты саралау.

Дамытушылық

Оқушының ойы мен қиялын дамыту; шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу; өз көзқарасын әдеби әрі жүйелі тілмен жеткізу дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Әңгіменің мазмұны арқылы адалдыққа, шынайылыққа тәрбиелеу; ән мен өнерді сүюге баулу; әсемдікті сезіне білу мәдениетін қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер

  • Ассоциация
  • Талдау
  • Сұрақ-жауап
  • Ішінара іздену
  • Әңгімелеу
  • Кесте құрастыру

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың дайындығын тексеру, назарды сабақ мақсатына бағыттау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінің мазмұнын меңгеру.
  2. «Ақтамақ» хикаясын өз қиялымен аяқтап жазу.

Автор және прототип: көркем бейненің негізі

Жүсіпбек Аймауытов туралы

Жүсіпбек Аймауытов — сегіз қырлы, бір сырлы дарын; жан-жақты талант иесі. Ол ақын, жазушы, драматург, сыншы, аудармашы, публицист ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне мол мұра қалдырды.

Әмірхан бейнесінің прототипі

«Әнші» әңгімесіндегі Әмірхан бейнесі арқылы жазушы өнері аңызға айналған әнші Әміре Қашаубаевтың әдеби тұлғасын сомдайды, оның өнерінің бір сәтін әңгімесіне өзек етеді. Демек, Әмірханға прототип ретінде атақты әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі алынған.

Термин

Прототип — әдеби шығармадағы белгілі бір көркем бейненің негізі етіп алынған нақты адам.

Шығармадағы кейіпкерлер

Кейіпкер Рөлі
1 Әмірхан Басты кейіпкер
2 Жүсіпбек Лирикалық кейіпкер
3 Ақтамақ Әмірханның сүйіктісі
4 Шәкет Қымызшы қыз
5 Рәзия Наурыз тойда тәтті сатушы әйел
6 Мәржім Скрипкаға ән қосушы бала
7 Дәулетжан Құс атуға шыққан үшінші адам
8 Әбіжан Наурыз тойдағы ойынды басқарушы

Әмірхан бейнесін талдау

Төмендегі мінездемелік жоспар кейіпкердің болмысын мәтіндегі үзінділер арқылы дәлелдеуге бағытталған.

1) Түр-түсі, сыртқы бейнесі

«Шәулі қаршығадай шап етер, киіктің асығындай тап етер» жігіт. Өзге шығарушылардан Әмірханның киімі де, түрі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді.

2) Қарапайымдылығы

Әмірхан қол ұстасып, сыпайы амандасып отырды. Әнеугі Шәкеттің үйінде көрген Әмірхан емес — бұйығы, момақан жігіт.

3) Орындаушылық шеберлігі

Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды.

Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді; бойыңды шымырлатты… Көңіл бір жадырап, шайдай ашылды.

Топ көргенде Әмірхан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен… тыңдаушының айызын әбден қандырды.

4) Өнерге сүйіспеншілігі

Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады; әуенге төңкеріледі. Оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады.

Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірхан кісі емес, әнге айналады.

5) Ән мен әншіге көзқарасы

«Әншілердің көбі түр шығарамын деп әуре болады… Есіл әнді бей-береке қылады».

«Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы… Ән салу көңілден. Мен өзім көңілденбесем, жақсы айта алмаймын, айтқым келмейді».

6) Адамға үйірсектігі

Әмірхан кісіге тез үйір болатын, жолдасқа жанын қиятын жігіт. Наурыздан кейін бізбен дос болып кетті: бір жаққа шықса, бізге соқпай кетпейді.

7) Қонақжайлылығы

«Менің құжырамды да бір көріңдер», — деп қайта-қайта шақырып, үйіне қонаққа апарды. Қымыз, ет алып, тыраштанып, шабылып қалыпты.

8) Махаббатқа адалдығы

«Сөйткен Ақтамақпен бір-ақ жұмадай дәурен сүрдім. Ой, дүние-ай!» — деп, Әмірхан ауыр күрсінді.

Бетіне қарасам, көзінің жасы парлап тұр екен… «Ақтамақтың қылығы бетер еді…» — деп солқылдап жылады.

9) Азаматтық тұлғасы (мәрттігі)

Ол «барды баламайды, жоқты санамайды»; өзінікін сұрасаң, бере салады; кісінің нәрсесін де, киімін де өзі киіп жүре береді. Ұят екен-ау демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді. Өзін талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды.

Шығарма тілімен қысқаша сипаттама (тірек сөздер)

  • Арсын-гүрсін
  • Барды баламайды, момын
  • Жоқты санамайды
  • Сыпайы, бұйығы
  • Әннен басқаға олақ
  • Еркін
  • Сенгіш
  • Адал дос
  • Әнді жүрегімен орындайды

Тест тапсырмалары

Төмендегі сұрақтар оқушылардың мәтін мазмұнын меңгеру деңгейін тексеруге бағытталған.

  1. 1. Жүсіпбек Аймауытов өлеңді кімге еліктеп шығара бастаған?

    A) Ахмет   B) Абай   C) Ыбырай   D) Мағжан

  2. 2. Жүсіпбектің поэмасын ата.

    A) «Әнші»   B) «Күнікейдің жазығы»   C) «Нұр күйі»   D) «Ақбілек»

  3. 3. «Жетішатыр» қаласының екінші аты.

    A) Семей   B) Павлодар   C) Өскемен   D) Қызылжар

  4. 4. «Бір шерік қымыз» деген қанша?

    A) бір бөтелке   B) бір шелек   C) бір кесе   D) бір тегене

  5. 5. Шәкеттің үйіне кіріп келген жігіт қайда отырды?

    A) жерге   B) орындыққа   C) керуетке   D) сандыққа

  6. 6. «Әмірханды үйден ұстай алмайсыңдар. Ол — бір …»

    A) көлеңке   B) сағым   C) елес   D) тұман

  7. 7. Әмірханды «Ербең құлақ, едірек, талтиған тәпек асық» деп кім суреттейді?

    A) Жүсіпбек   B) Бек   C) Нармамбет   D) Дәулетжан

  8. 8. Наурыз сауық-сайранын басқарушы кім?

    A) Әбіжан   B) Жәлел   C) Рахымбек   D) Жүсіпбек

  9. 9. Сахнада ән салғандағы «әсем-әсем нақыс» қандай болды?

    A) сыбызғының үніндей   B) айдынның сұлу қуындай   C) тас бұлақтың суындай   D) Арқаның қоңыр желіндей

  10. 10. Әнші құжырасындағы ең асыл бұйымы не?

    A) қызыл қоңыр домбыра   B) үлкен ақ сырнай   C) саз сыбызғы   D) үкілі сары домбыра

  11. 11. Әйелін қалай таныстырады?

    A) жампоз   B) тұлпар   C) сұлу   D) бастық

  12. 12. «Қорлан» әнін шығарушы кім?

    A) Жаяу Мұса   B) Балуан Шолақ   C) Естай   D) Мәди

  13. 13. Үшеуі қай жерге құс атуға барады?

    A) Кенжекөл   B) Керуенкөл   C) Құркөл   D) Алакөл

  14. 14. Ұрылар үшін ән салғанда арасында кімнің әні болмаған?

    A) Иманжүсіп   B) Балуан Шолақ   C) Исақ-Ермек   D) Жаяу Мұса

  15. 15. Ақтамақпен жақындасуына қандай ойын себеп болды?

    A) орамал тастау   B) ақсүйек   C) алтыбақан   D) сақина салу

Жауап кілті

1–B, 2–C, 3–A, 4–A, 5–D, 6–B, 7–C, 8–A, 9–B, 10–D, 11–A, 12–C, 13–B, 14–D, 15–A

Талқылау сұрақтары

1) Әңгімеден қандай әсер алдыңдар?

Оқушы пікірін дәлелмен айтуға, үзінді келтіруге, кейіпкер әрекетін бағалауға бағыттау.

2) Тәрбиелік мәні қандай?

Өнерді қастерлеу, шынайылық пен адалдықты бағалау, адамгершілік болмысты тану тұрғысынан қорытынды жасату.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  1. Ән туралы айтылған ақын-жазушылардың даналық ойларын жинақтап жазу.
  2. Түсініктеме күнделігін толтыру: мәтіннен ерекше әсер еткен тұстарды, үзінділерді жазып, оған өз пікірін білдіру.

Бағалау

Оқушылардың жауап беру белсенділігі, мәтінмен жұмыс істеуі, дәлел келтіруі және шығармашылық тапсырмаларды орындауы бойынша жиынтық баға қою.