Ақан серінің Құлагер әні

Сабақтың тақырыбы

Сал-серілік дәстүр және кәсіби музыка. Ақан сері — «Құлагер» (тыңдау). Е. Брусиловский — «Жалбыр» операсынан үзінді (тыңдау). А. В. Затаевич — «Айнамкөз» (тыңдау). К. Дүйсекеев — «Ана тілін сүйеміз» (үйрену).

Сабақтың мақсаты

  1. 1

    Музыкалық білімді жетілдіру; сал-серілік дәстүрді насихаттау және оның ерекшеліктерімен таныстыру; серілердің шығармашылығы мен өмірі туралы мағлұмат беру.

  2. 2

    Оқушының музыкалық талғамын дамыту; ән-жырға деген сүйіспеншілігін арттыру.

  3. 3

    Адамгершілікке, Отанды сүюге, елжандылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Оқулықпен жұмыс

«Сал-серілік дәстүр және кәсіби музыка» тақырыбындағы мәтін оқылады. Қазақ халқы әннің қасиетін ерекше бағалаған. Мұны мынадай даналық сөздерден аңғаруға болады:

  • «Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер.»

  • «Өнерлінің өзегі талмас.»

  • «Өнерлінің өрісі ұзақ.»

Ақын-жыршылар мен әнші-күйшілер қазақ тарихының әр кезеңінде өмір сүріп, елдің шын жанашыры, мұңын жоқтаушысы болған. Тілге шешендігімен, сөз тапқырлығымен, әншілігімен аты шыққан өнер иелері қатарында Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Шашубай және басқа да тұлғалар бар.

Музыка тыңдау

Ақан сері

«Құлагер»

Құлагер, кішкентайдан керім едің,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Асына арғын, қыпшақ қоқанымда,
Алдында алпыс аттың келіп едің.

Құлагер, жаз жайладым, күз жайладым,
Тұсына қызды ауылдың көп байладым.
Өлгенін Құлагердің көргенімде,
Жұлдым да сақалымды ойбайладым.

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай-Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім.

Е. Брусиловский

«Жалбыр» операсынан үзінді

Симфониялық оркестрдің бояуын, драмалық дамуын тыңдау арқылы кәсіби музыканың тілін тану.

Халық әні

«Айнамкөз»

Домбырамен орындалатын ән дәстүрінің әуездік ерекшелігі мен табиғи тембрін салыстыруға негіз.

А. В. Затаевич

«Айнамкөз» (фортепианоға өңдеу)

Фортепианолық фактура арқылы халық әуенінің жаңа қырларын, кәсіби өңдеудің мүмкіндігін сезіну.

Үш шығарманы тыңдай отырып, оқушылар домбырамен орындалған ән, симфониялық оркестр үні және фортепианолық музыканы салыстырады. Осы арқылы халық музыкасы мен кәсіби музыканың байланысын және айырмашылықтарын байқайды.

Қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуы мен дамуына халық әндері мен күйлері негіз болғаны анық көрінеді. Бұл туындылардан ұлттық музыкалық өнердің құрылымы, тембрлік ерекшелігі, әуеннің ғажайып иірімдері және ашық та айқын саздылығы айқын сезіледі.

Ән үйрену

К. Дүйсекеев

«Ана тілін сүйеміз»

  • Ән вальс ырғағында, жұмсақ әуенмен орындалады.

  • Өлшемді дирижерлау тәсілдерін еске түсіру ұсынылады.

Шығармашылық жұмыс

Тіл туралы мақал-мәтелдерді жинақтап, мағынасын талдау:

«Тіл — қылыштан өткір.»

«Өнер алды — қызыл тіл.»

«Қызыл тіл — жанның мияты, абырой — ердің қуаты.»

Сабақты қорыту

Оқулықтағы сұрақтарға жауап бере отырып, берілген кесте толтырылады. Талқылау барысында оқушылар тыңдалған шығармалардың жанрлық сипатын, орындаушылық құрамын және халықтық дәстүр мен кәсіби өңдеудің өзара байланысын қорытындылайды.