Мұхтар Әуезов Ақын қонақтар Сабақтың мақсаты
Көкшетау қаласы • №6 орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Самбаева Алмагүл Қадырбайқызы
Сабақтың тақырыбы
Мұхтар Әуезов. «Ақын қонақтар» (М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді).
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Үзіндінің мазмұнын талдау, автордың идеялық мұратын мәтінге сүйене отырып ашу. Абай өмірі мен ақындыққа бет бұру себептерін тану.
Дамытушылық
Идеялық мәнін түсіну, талдау мен жинақтауға дағдылану; жеке, жұптық және ұжымдық жұмыста шапшаңдық пен тапқырлық танытып, ойды әдеби тілмен жеткізу.
Тәрбиелік
Болашақ ұлы ақынның халық өнеріне, ауыз әдебиетіне сүйіспеншілігін және үлкенге құрметін оқушы бойына сіңіру.
Әдіс-тәсілдер
- Мәтіннен тауып оқу
- Сұрақ-жауап
- Топтастыру
- Шығармашылық жұмыс
- Тест
Көрнекілік және байланыс
Көрнекілігі
Абай мен Мұхтардың суреттері, қанатты сөздер, слайдтар, интерактивті тақта, музыкалық әуен, сөздіктер.
Пәнаралық байланыс
Тарих, тіл, халық педагогикасы, ауыз әдебиеті.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды сабақ мақсатымен таныстыру.
- Сабақтың үш кезеңнен тұратын жоспарымен таныстыру.
Үй тапсырмасы
М. Әуезовтің «Ақын қонақтар» үзіндісін оқу. Сонымен қатар Абай мен Мұхтардың өмірі мен шығармашылығы бойынша ізденіс жұмысын орындап келу.
I кезең: Этнографиялық бөлім
1) Мұхтар мен Абай сабақтастығы
Көркем сөздің зергері, заманымыздың кемеңгер жазушысы әрі ойшыл ғалым Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына тоқтала отырып, 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болған «Абай жолы» роман-эпопеясынан алынған үзіндідегі басты тұлға — Абай өмірі мен рухани әлемін талдау.
Қолданылатын тәсіл: топтастыру стратегиясы.
2) Абай мен Мұхтар (Венн диаграммасы)
Екі тұлғаның ортақ және дара қасиеттерін салыстыру арқылы дүниетаным, ұлтқа қызмет ету мұраты, өнер мен білімге көзқарас секілді қырларын жүйелеу.
II кезең: Лингвистикалық бөлім
1) Сөздер сырына үңілу
Мәтіндегі түсініксіз сөздерді анықтап, мағынасын сөздік арқылы ашу және сөздік дәптерге жазу.
| Сөз | Мағынасы |
|---|---|
| Мүсін | Бет әлпет, келбет, пішін |
| Рең | Шырай |
| Қылаң | Ақшыл, бозғыл |
| Құлан-таза | Әбден, мүлде |
| Сейілу | Айығу, жадырау |
| Машық | Әдет, дағды |
| Пейіл | Ниет, ықылас |
| Қажау | Мазалай беру |
| Қан базар | Қалың жиын |
| Сұм науқас | Созылып, айықпаған ұзақ ауру |
2) Әдеби-теориялық ұғымдарды тереңдету
Оқушылардың мінездеме, сипаттама, портрет туралы білімін еске түсіре отырып, мәтіннен:
- Абай мен Барлас ақынның портретін;
- Байкөкше, Ұлжан, Зеренің сипатталуын;
- ақындардың шабытын және Абайдың мінез ерекшелігін
— тауып оқуға бағыттау.
3) Жоспар құру
Мәтін мазмұнын еске түсіріп, оқиға желісін жоспарға түсіру:
- А.Абай он үште.
- Ә.Аналар мен Абай арасындағы машық.
- Б.Қонақтар.
- В.Ұлжан ана үйіндегі ән мен жыр.
- Г.Аурудан айыққан Абай.
- Д.Қонақтарға берілген сый.
4) Мәтінді мазмұндау (сұрақ-жауап)
«Тізбекпен жауап беру» ойыны арқылы төмендегі сұрақтарға жауап беру:
- Абайдың жасы нешеде? Сырт келбетінде қандай ерекшелік бар?
- Абайды аналарымен жақындастырған қандай құдіретті күш?
- Ұлжан ананың әңгімелеу шеберлігі несімен ерекшеленеді?
- Ауылға келген қонақтар кімдер? Олар қандай адамдар?
- Абайға домбыраны сыйға тартқан кім?
- Барлас ақын қандай бата берді? Бұл бата Абай үшін қабыл болды ма?
- Сый берудегі ана мен бала үндестігіне тоқталыңдар.
III кезең: Шығармашылық бөлім
1) Ауыз әдебиеті, дәстүр және ырым-жоралғыны тану
Интерактивті тақтада берілген үзінділер бойынша керекті сөздерді өз орнына қойып, түрлерін ажырату (жұмыс компьютерде орындалады).
Үзінділер
- 1) ... — Е-е, бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен...
- 2) ... Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер өтті...
- 3) ... Тағы бір күндері Мамыр, Еңлік қайғыларын да айтып берді. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын жырлап берді.
- 4) ... Осы түнде ас пісірілді... Асықпай әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер...
- 5) ... Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады.
- 6) ... Ұғымтал зеректігіне риза болған Барлас Абайға: «Шырағым, ер жетерсің... Шындасаң, шыңға жетерсің», — деп домбырасын ұсынды.
- 7) ... «Келген сапарларыңа тыста азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер... Риза, қош боп аттаныңдар!» — деді.
Керекті сөздер
Нәтиже
Оқушылар үзінділердің жанрын/дәстүрлік мазмұнын дәлелмен ажыратып, мәтін ішіндегі ұлттық таным белгілерін тануға үйренеді.
2) Көрініс
Үзінді мазмұны бойынша шағын сахналық көрініс қою (рөлдерге бөліп оқу немесе диалог құрастыру арқылы).
Қорытынды бөлім
1) Тест
Мәтін мазмұны мен кейіпкерлер жүйесін бекітуге арналған қысқа тест тапсырмалары.
2) Слайд қарау
Мұхтар мен Абай отбасыларына және дәуір көрінісіне қатысты иллюстративті материалдарды талқылау.
3) Үнтаспа тыңдау
Баяу күй әуені фонында ойтолғау мәтінін тыңдау және мазмұнын түсіну.
Ойтолғау
«Қазақстан үшін Әуезов — екінші Абай». — Николай Погодин
Салыстыру атаулының бәрі сәтті бола бермейді. Дегенмен Погодиннің метафорасында шындық бар: Абай да, Мұхтар Әуезов те — жомарт табиғаттың адамзатқа тым сараң сыйлайтын біртуарлары, халқымыздың парасат әлеміндегі ғасырлық ғажайыптары, саф таза сұлу да айрықша құбылыстары.
Олар бір ғана ұлттың кемелденуін көксеген жоқ — бүкіл адамзаттың игілігін ойлаған ақылман, данышпан, кемеңгер тұлғалар. Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы асқар белі — Абай болса, XX ғасырдағы заңғар биігі — Әуезов.
Әдебиетке ең қатал сыншы, ең әділ төреші — уақыт десек, уақыттың өзі осы ақиқатты дәлелдеп отыр.
Рефлексия
«Бүгінгі сабақтан біз өзімізге не алдық?» — деген сұрақ бойынша оқушылардың пікірін тыңдау.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Бүгін біз сабақ барысында халқымыздың мәңгі ұмытылмайтын ұлдарының бірі — Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармасын талдап, ой елегінен өткіздік. Бұл сабақтан Мұхтардың да ұлы Абай әнімен әлдиленіп, Абай өскен топырақта дүниеге келіп, сол ортада балалық шағын өткізгенін ұқтық. Әуезов осы шығармалары арқылы Абайды да, қазақ халқының рухани әлемін де әлемге танытты.
Сондықтан Мұхтардың ғажайып мұрасын халқымыздың ақ арындай қастерлеп, ақ жүрегіндей қадірлеп оқиық. Ол біздің жүрегімізде кемеңгерлігімен және мәңгі өшпес рухымен жарқырап тұра берсін.
Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәтінді талдауы, тапсырмаларды орындауы және шығармашылық жұмысы бойынша бағалау жүргізіледі.