Ақын қонақтар әңгімесіне сценарий жазу
Сабақтың тақырыбы
М. Әуезовтің «Ақын қонақтар» әңгімесі.
Сабақтың типі
Аралас сабақ.
Пәнаралық байланыс
Бейнелеу өнері.
Әдістер
- Құрылымдық талдау
- Сұрақ-жауап
- Түсіндіру
- Өзіндік жұмыс
- Проблемалық сұрақтар
Көрнекіліктер
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
«Ақын қонақтар» шығармасын талдау арқылы кейіпкерлердің ішкі әлемін, сезім сырларын ұғындыру және кейіпкерлер арасындағы ізгі қарым-қатынасты анықтау.
Дамытушылық
Оқушының тіл байлығын, ойлау қабілетін дамыту; есте сақтау мен танымдық дағдыларын қалыптастыру; ой белсенділігін арттыру; шығармашылыққа баулу.
Тәрбиелік
Ұлы тұлғалардың еңбек жолын құрметтеп, үлгі алуға тәрбиелеу; елінің саналы азаматы болуға баулу; рухани құндылықтар арқылы патриотизмді нығайту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу
- Оқушыларды түгендеу
- Сабаққа қажетті құралдарды тексеру
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Біз — ұлы халықтың ұрпағымыз. Қазақстан үшін Әуезов — «екінші Абай». Абай Құнанбаев та, М. Әуезов те — жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуар тұлғалары; халқымыздың парасат әлеміндегі ғасырлық ғажайыптары. Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы асқар белі — Абай, XX ғасырдағы заңғар биігі — Әуезов. Абайды Әуезовтен бөліп қарауға болмайды: Абайды әлемге танытқан — Әуезов.
Әуезов «Абай жолы» романы арқылы Абайдай ұлы бабамыздың ғұмырын ғана емес, халқымыздың биік рухын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін де терең танытты. Бұл шығарманы оқыған адам бейжай қала алмайды.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Сәйкесін тап» тапсырмасы: интерактивті тақта арқылы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру.
III. Жаңа сабақ
Бүгінгі сабақтың тақырыбы — «Ақын қонақтар» әңгімесінің құрылымын (композициясын) талдау. (Күні мен тақырыбы дәптерге жазылады.)
Кез келген шығармадағы оқиға кездейсоқ берілмейді: ол белгілі бір тәртіппен өрістейді. Оқиғаның орны мен мезгілі көрсетіледі; кейіпкерлердің сыртқы келбеті, мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөзі, күйінуі мен сүйінуі баяндалады. Сондай-ақ оқиғаның неден басталғаны, қалай дамығаны және немен аяқталғаны анық көрінеді. Жазушы осы бөлшектерді шебер құрастырады — мұны шығарманың құрылымы, яғни композициясы дейміз.
Әңгіменің композициялық құрылымы
-
1
Оқиғаның басталуы
Абайдың науқас күйі.
-
2
Оқиғаның дамуы
Зере мен Ұлжанның әңгімелері.
-
3
Шиеленісуі
Құтты қонақтардың келуі, айтылған жырлар.
-
4
Шарықтау шегі
Барластың батасы.
-
5
Шешімі
Қонақтарды аттандыру.
Талдау барысында кейіпкерлердің портреті мен мінездемесіне де назар аударылады. Әр бөлім слайд арқылы кезең-кезеңімен көрсетіледі.
IV. Жаңа сабақты бекіту
Семантикалық карта
Тапсырма: берілген репликаларды қай кейіпкер айтқанын анықтаңдар.
| Кейіпкер сөзі | Абай | Зере | Ұлжан | Барлас | Байкөкше |
|---|---|---|---|---|---|
| «Ал, балам, әжеңмен екеуімізді қажай беруші едің. Әңгіме, жырдың дүкені міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын.» | — | — | — | — | — |
| «Шешеннің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген дегендей, сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел-дағы.» | — | — | — | — | — |
| «— Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен?» — деп Барластан сұрады. | — | — | — | — | — |
| «Жүрмеңдер, асықпай, әлі біраз күн қонақ болып жатып кетіңдер.» | — | — | — | — | — |
| «Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін…» | — | — | — | — | — |
| «Апа, екеуіне де жақсылап сый беріп аттандыршы.» | — | — | — | — | — |
V. Жаңа сабақты қорытындылау
Проблемалық сұрақтар
- Әңгімедегі шаттық сыйлар құдіреті неден аңғарылады?
- Абайдың сауығып кетуіне не себеп болды?
Оқушылар өз ойларын жинақтай отырып, қорытынды жасайды: әжесі мен анасының аузынан әңгіме-жыр тыңдап өскен Абай бүгінде қазақ үшін шоқтығы биік, ұлы тұлғаға айналды.
Абайды білмейтін қазақ жоқ. Қалаларымызда Абай атындағы театр, жоғары оқу орны, даңғыл, мектеп бар; «Абай оқулары» сияқты байқаулар да өткізіледі. Бұл — ұлт руханиятының үзілмейтін арнасы.
Абайдай дананың ұрпағы — сендерсіңдер. Мемлекет басшысының Жолдауларында да оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мәселесі үнемі айтылады. Еліміз үшін адал еңбек етіп, Абай мен Мұхтардай халқын сүйетін азамат болуларыңа сенім мол.
VI. Оқушыларды бағалау
«5» бағасы
Абайдай дана, Мұхтардай ұлы —
Бүгінгі сабақтан байқадым мұны.
Оқушылардың аты-жөні: «5» деген баға алдыңдар бүгін.
«4» бағасы
Білімді нақтылап көздеген,
«Аламын» деп ізденген.
Оқушылардың аты-жөні: «4» деген баға алдыңдар.
Қанағаттанарлық
Жақсылардан әлі үлгі аларлық,
Шығарманы қайта қарап шығарлық.
Оқушылардың аты-жөні: бүгінгі бағаларың — қанағаттанарлық.
VII. Үйге тапсырма
- «Ақын қонақтар» әңгімесіне сценарий жазу.
- Абайдың балалық шағын бейнелейтін портрет салу.