Ақша сал

Төле би

«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.»

Қарым-қатынастағы ізгілік — ұқыпты сөйлеуден басталады

Қарым-қатынастағы ізгілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық — адамдардың мерейін үстем етеді. Ал ыңыранып, шікірейіп, өзгелерді менсінбеу жұртты алыстатады: ондай адамды қайта көргің де, алдына барғың да келмейді. Керісінше, қойылған сұраққа зейінмен жауап беріп, инабатты тіл қатқан жанға қайта қауышқың келеді.

Көшедегі бір сәт — мінездің айнасы

Кейде көшеде біреуден жөн сұрасаң, бірі таңдайын тақ еткізеді, бірі иығын көтереді, енді бірі басын шайқайды, ал біреуі алақанын жая салады. Мұндай ишаралар «түсінсең — түсін, түсінбесең — өз обалың өзіңе» дегендей әсер қалдырады. Өзің білмейтін жерді сұрап, әбігер болып тұрған сәтте ондай жауап жанды ауыртады.

Бұдан да сорақысы — кейбірі қазақша сөйлесең, көзіңе тіке қарап тұрып орысша жауап береді. Өз ұлтыңның адамы бола тұра мұндайды естігенде еріксіз қынжыласың. Бұл, бәрінен бұрын, өзін сыйламаудың белгісі емес пе?

Жақсы сөз — жанға қуат

Бала күнімізде дәмді сөзді көп естіп өстік. Ауылда біреу ретсіз сөйлеп қалса, үлкендер: «Айналайын, орнымен, жөнімен сөйле. Орынсыз сөз жағымсыз естіледі. Әйтеуір тілім бар деп бейберекет сөйлей берме. Кейде оның зияны өзіңе тиеді» — деп көңілге тимей-ақ түзеп қоятын.

Сөз бен болмыс

Адамды жақсы сөзден артық ештеңе серпілте алмайды. Жағымды сөз әңгіме үстінде кісіні ұнамды да сүйкімді етіп көрсетеді.

Жүсіп Баласағұн: «Адам көзінің нұры — жүзінің шырайы — түрі.
Тіл дегенің — ақыл гүлі,
Тілде жатыр сөздің сыры.»

Адам денсаулығын сақтауда, әсіресе жүрек-қан тамыры сырқаттарына шалдықпауда сөз құдіретінің әсері зор екені айтылып келеді. Бұл құбылысты кезінде академик И. Павлов та зерттеген. Өркениетті елдердің бәрі бұған ерекше мән беріп, оны үлкен мәдениет деп таниды. Шынында да, дұрыс сөйлей білу және ілтипатты жауап беру — мәдениеттіліктің бір өлшемі емес пе?

«Жоқ» деп айту да — өнер

Мәселен, Жапонияда «Болмайды!», «Жоқ!», «Мен қайдан білейін...» сияқты сөздерді мүмкіндігінше қолданбауға тырысады. Мысалы, бір-екі кесе шайдан кейін ішкісі келмесе, «жоқ», «болдым», «рахмет» деп қысқа қайырмай, оның орнына «Маған әбден жақсы болды» деп жауап береді деседі.

Тағы бір мысал: бір адам ұсыныс жасаса, екіншісі «ұсынысыңызды қабылдамас бұрын әйеліммен ақылдасайын» десе, басқаша түсінбеңіз — бұл көбіне ұсынысты қабылдамаудың әдепті түрі. Бір сөз кейде екі мағына беріп жатады; бәрі сөйлеу мәнеріне және жеткізу тәсіліне байланысты.

Айтылған ой бір, жеткізуі бөлек

Патша мен екі түс жорушы

Ертеде бір патша түс көреді: түсінде барлық тістері түсіп қалады. Ол түс жорушыға жорытқанда, жорушы: «Барлық туыс-бауырыңыз қырылып қалады. Ең жақындарыңыздан ешкім қалмайды. Сіз олардан кейін дүниеден өтесіз» — дейді.

Патша мұны ауыр қабылдап, екінші түс жорушыны шақыртады. Ол: «Уа, әміршім! Сіз басқа туыстарыңыздың бәрінен де ұзақ өмір сүретін көрінесіз» — деп жауап береді.

Екеуінің айтқаны мәні жағынан алшақ емес. Бірақ патшаға жеткізілуі мүлде бөлек еді. Қайғылы сөзді тіке айтып, көңілін қалдырғаны үшін бірінші жорушы дүре жейді, ал екіншісі көңілді тапқаны үшін сыйлық алады. Құдірет — сөзді қолдана білуде.

Бір ғана жылы лебіз адамға қаншалықты қуат береді десеңізші. Жақсы адаммен сөйлессең, жансарайың кеңіп, рахат күйге енесің. Ал санасыз жанмен сұхбаттассаң, уақыт өтпей, азапқа түскендей боласың. Қазақ мұны «жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесапат» дейді.

Бір хаттың екі түрлі әсері

Ата-ананың әлпештеп өсірген баласы алыс қалаға оқуға түседі. Бірнеше айдан кейін ұлынан хат келеді. Хат танымайтын әке оны көршісіне оқытады. Дауысы жуан, тік, дөрекі сөйлейтін көрші өз дағдысымен: «Көке! Қиналып қалдым! Ақша сал!» — деп оқығанда, әкенің көңілі күйрейді. «Менімен неге айқайласып, бұйырып сөйлейді?» деп ренжіп, ақша салмақ түгілі қатты қапа болады; тіпті төсек тартып жатып қалады.

Біраз уақыттан кейін сол хатты жылы шырайлы, нәзік үнді екінші көршіге оқытады. Ол: «Көке… қиналып қалдым, ақша сал…» — деп жұмсақ оқығанда, әкенің жүрегі езіліп кетеді: «Байғұс-ай, қатты қиналған екен ғой!» деп, дереу баласына ақша жібереді.

Бір ауыз сөздің өзі оқылуына, үнге, ырғағына қарай екі түрлі әсер етті. Сөздің салмағын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Атақты Кейкауыстың: «Ұқыптылық атаулының ішіндегі ең жақсысы — ұқыпты сөйлеу» — дегені де осыны меңзейді.

Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» (күнделік-эссе) шығармасынан ықшамдалып, редакцияланды.