Оқушыларға жіктеу есімдігінің септелуін зат есімнің септелуімен салыстыра отырып меңгерту, жіктеу есімдігінің тілде атқаратын қызметін байқату

Сабақтың тақырыбы

Жіктеу есімдігінің септелуі (слайдтар арқылы).

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Жіктеу есімдігінің септелуін зат есімнің септелуімен салыстыра отырып меңгерту.
  • Жіктеу есімдігінің тілдегі қызметін таныту.
  • Есімдікті сөйлеу тәжірибесінде саналы түрде қолдана білуге үйрету.

Дамытушылық

  • Қажет жағдайда зат есімдерді есімдіктермен алмастырып қолдануға дағдыландыру.
  • Ой-өрісін, тілін дамыту; ойын тез әрі жүйелі жеткізуге, шығармашылыққа баулу.

Тәрбиелік

  • Өз ана тілін сүюге тәрбиелеу.
  • Ұлттық музыкалық аспаптарға қызығушылықты арттыру арқылы ұлттық өнерді құрметтеуге баулу.
  • Берілген тапсырмалар арқылы жетістікке жетуге машықтандыру.

Сабақ барысы

I

Психологиялық дайындық

Бүгінгі сабағымызға қонақтар келді. Ұстаздарға қошемет білдіріп, қазақ тілі пәніне деген сүйіспеншілігімізді өлең жолдарымен жеткізейік (оқушы шығармашылығынан).

Қазақ тілім, менің бағым қолыңда,
Жеткізетін болашақтың жолына.
Білім нәрін қазақ тілім жетелеп,
Бақытым да қазақ тілі — бағым да.
Мен қазақтың баласымын,
Қазақ тілі — өз тілім.
Көк байрағым желбіреп,
Қазақтың төктім мен жырын.
Ана тілін қолға алып,
Ұстаздан алдым мен білім.
Алтын ұя мектептен,
Үйрендім тілдің қыр-сырын.
Анам маған үйреткен ана тілімді,
Құрметте деп қазақтың дана тілін.
Білгеніңе қуанам өзге тілді,
Биік тұрсын дейді ғой — ана тілің.

Оқушылар бүгінгі сабаққа өз шығармашылықтарын өлең жолдары арқылы тарту етті.

Үй жұмысын бастамас бұрын, сыныбымыздың оқушысы Байқонақтың қолөнерімен танысамыз: ол әкесімен бірге жасаған домбырасын алып келді.

1-слайд: Ұлттық аспаптар

Назар аударайық: домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, қоңырау, сазсырнай.

Домбыраны жақсы меңгеру үшін үй тапсырмасын орындаймыз: «Кітапханада» тақырыбына әңгіме жазу (30-жаттығу).

II

Үй тапсырмасын тексеру

Өтілген тақырыпты жүйелеу мақсатында 4 «Б» сыныбының оқушылары «Хат қоржын» ойынын ойнауды ұсынды. Ойын барысында бірнеше тапсырма орындалып, біліміміз сыналады.

2-слайд: «Хат қоржын» ойыны — сұрақтар

  1. Сөз таптары қалай аталады?
  2. Қандай сөз табын есімдік дейміз?
  3. Жіктеу есімдігі дегеніміз не?
  4. Жіктеу есімдігін жекеше және көпше түрде үш жақта жікте.
  5. Жұмбақ: Бас, құлақ, мойыны бар, үп-үлкен шанағы бар. Ысқышпен ысқанда, әндетіп шығар әні бар.

Жұмбақтың жауабы — қобыз. Ендеше, қобыз туралы не білеміз?

«Күй атасы» — Қорқыт

Қорқыт ата кішкентай кезінен ақылды әрі өнерлі болып өскен. Ол көптеген аспапта ойнай білген. Өзі ойлап тапқан қобыз арқылы жануарлар мен құстардың үнін салып, күй өнерін дамытқан.

III

Жаңа сабақ

Бүгін біз «Жіктеу есімдігінің септелуі» тақырыбын тереңдетеміз. Сабақ барысында ұлттық музыкалық аспаптарға да көңіл бөлеміз.

Мақсат — ұлттық аспаптарды тереңірек танып, оларға деген қызығушылығымызды арттыру және грамматиканы өмірмен байланыстыра меңгеру.

Жаттығу жұмысы

Оқулықтағы 31-жаттығуды іштей оқып, көшіріп жазамыз.

  • Есімдіктердің астын сыз.
  • Есімдіктердің қай септікте тұрғанын анықта.