Ұқтым әке

Сахналық қойылым туралы

Бұл сахналық қойылым бастауыш сынып оқушыларына ежелгі Отырар қаласының тарихын таныстыруға арналған. Қойылым арқылы қазақ тарихынан тәлім-тәрбие беру, ұлтжандылық пен әдептілікке баулу, сондай-ақ сахнада және көпшілік алдында өзін ұстай білу дағдысын қалыптастыру көзделеді.

Мақсаты

  • Отырар тарихымен таныстыру.
  • Тарих арқылы тәлім-тәрбие беру.
  • Ұлтжандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.
  • Көпшілік алдында өзін ұстауға дағдыландыру.

Көрнекіліктер

  • Көрпе, жастық, патша тағы.
  • Интерактивті тақтадан «Отырардың күйреуі» фильмінен үзінділер.
  • Ежелгі Отырардың қирауы бейнеленген суреттер.

Сахналық атмосфера

Қойылым басталғанда үнтаспадан күңіренген әуен естіледі. Интерактивті тақтадан Отырардың қирап жатқан көне көріністері көрсетіледі. Әуен бәсеңдегенде сахнада Шыңғысхан қаһарланып отырады; жанында нөкерлері, ал қарсысында басын төмен салған ұлы Шағатай тұрады.

Тарихи негіз

XI–XII ғасырлар

Отырар — мәдениеті өркендеген, сәулеті келіскен қала болды.

1218 жыл

Қайырхан әмірімен Шыңғысхан керуеніндегі көпестер өлтірілді. Бұл оқиға Шыңғысханның Орта Азияға жорығына түрткі болды.

1219 жыл

Монғолдар қаланы қиратып, тірі қалғандарды Моңғолияға айдап әкетті. Тарихта бұл қасірет «Отырар апаты» деп аталды.

Негізгі ой

Қойылым Отырардың тағдыры арқылы бірлік құнын, сатқындықтың салдарын және рухтың жеңілмейтін қуатын айқындайды.

Қойылым барысы (үзінді)

Автор сөзі

Сахнада Отырардың қирау көріністері көрсетіледі. Әуен тоқтап, Шыңғысхан қаһарлана сөйлейді.

Шыңғысхан мен Шағатай

Шыңғысхан:

Даңқың қайда төске өрлеген? Екі жүз мың әскермен алты ай бойы кіп-кішкентай Отырарды ала алмау — менің намысыма сызат түсірді. Тек жеңіспен көзін ашқан ұрпағымның сүйегіне бұл — зор таңба!

Шағатай:

Бұл өкініш мені де өртеп барады. Бірақ шындықты бүкпей айтсам: рухы — ер, тәні — бекем, бұл — қайсар халық екен. Олар тірліктен де артық қойған — бірлік. Қанша үмітім желге ұшты, қанша әскерім жер құшты...

Шыңғысхан:

Кез келген мықтының осал жері болады. Сол әлсіз тұсты іздеу — жеңістің құпиясы. Жақын барып, үңілмей тұрып, жеңіс тауына шығам деме.

Шағатай:

Ұқтым, әке.

Екі автордың баяндауы

Автор 1:

Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар, алты ай бойы алапатта жеңілмеген Отырар — алты-ақ күнде жермен-жексен қирады. Өнер мен ғылым шамын жаққан ұлы қала Азияның маңдайына сыймады.

Автор 2:

Үш күннен соң Шыңғысханға екі адамды әкелді: бірі — ел басқаруы өзгеше, Отырардың Қайыр атты ханы; екіншісі — қақпаны ашып берген Қарашоқы, қара түнде қаққан қара қанаттай сатқын.

Қайырхан мен Қарашоқы

Шыңғысхан:

Иә, Қайырхан... Жеңілістің өзін де өз пайдаңа шешкім келеді. Олар тәніңді қорлағанмен, жаныңды жеңе алмапты. Шіркін, сендей бес қолбасшым болса — бүкіл әлемді билер едім.

Шыңғысхан (Қарашоқыға):

Ал мына бір сатқынды саған қайдан ғана тап қылды? Өрлігіңе сыйлығым — осы сатқынның билігі.

Қарашоқы:

Ұлы ханым! Әділдік пе мұныңыз? Отырарға қол ұшын бермесем, оны оңай жаулап алар ма еді ұлыңыз?

Шыңғысхан:

Сатқындыққа сатқындықпен тіл қату — табиғаттың заңы тәрізді. Әділдікке сеніп аттан, сатқыным.

Шыңғысхан нөкерлеріне бұйрық береді: «Қайсар батыр Қайырханның қолына қылыш ұстатыңдар!»

Әке мен бала

Қайырхан:

Тоқта, Шыңғыс. Бұл баланың әкесі бір нар текті, елге сыйлы, зиялы адам еді. Әкесі үшін перзентіне сенген едім, ал мына тұяқ сатқын болып шықты. Егер мақұл көрсең, әкесін осы араға алдырған жөн болар.

Нөкерлер қаба сақал қартты алып келеді.

Қайырхан:

Жылан туса — жыланнан, құлан туса — құланнан, таңданатын түк те жоқ. Бірақ жылан қалай туды қыраннан?

Қария:

Сыйлы басым қуарды... Заман бүгін шындықты өтірікке шығарып тұр. Мына сатқын перзентіме қосақтап, мені де өлтіруге міндеттісің. Азғындықтың соңы бізбен құрысын — ертеңгі күнге сабақ болсын.

Үкім және үміт

Шыңғысхан:

Өкінгенмен болмайды. Ешкімге де бас сауғалау берілмейді. Бұйрық еттім: Отырарда еркек кіндік қалмайды.

Қария (Қарашоқының әкесі):

Қателестің — қалады. Жұма бұрын Шеткі елші қақпадан жүзін жалын қақтаған бір баланы құтқарып жібердім.

Қайырхан:

Бәрекелді. Бұл еңбегің жарады. Бірақ одан ұрпақ тарап, одан ақын туғанша, ол ақын ата жолын қуғанша, кеудесіне даланы сиғызғанша — талай өзен ағып өтер...

Күңіренген әуен қайта ойнайды. Қайырхан үнсіз тізерлей отырып қалады. Сахна жабылады.