Зергерлік - әшекейлі бұйым жасау өнері

Қазақтың әшекей бұйымдары арқылы халық педагогикасындағы зергерлік өнерді насихаттау және дамыту — ұлттық болмысты сақтаудың, ұрпақ санасына көркемдік талғам мен тарихи жадты сіңірудің маңызды жолы.

Қолөнердің мәні мен сабақтастығы

Қолөнер — ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан қастерлі өнер. Ол атадан балаға мұра болып жеткен дәстүрлі халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі. Кез келген халықтың қолөнері оның тарихымен, қоғамдық құрылысымен, әдет-ғұрпымен, жөн-жоралғысымен, салт-санасымен астасып, қатар өркендейді.

Қолөнер адам баласының көркемдікке, нәзіктікке, сұлулыққа ұмтылысын танытады. Табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеу арқылы сұлулықты іздеу — осы өнердің өзегінде жатқан құндылық.

Зергерлік өнер: киелі әрі күрделі сала

Сан қилы кезеңдерден өтсе де, көркемдік бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін бұлжытпай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қолөнеріміздің киелі әрі күрделі салаларының бірі — зергерлік өнер.

Зергер

Сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасайтын шебер, ұста.

Зергерлік

Әшекейлі бұйым жасау өнері; материалдық мәдениет деңгейін де, рухани дүниені де танытатын көркем әлем.

Тәрбиелік және мәдени маңызы

Зергерлік өнердің ұлттық мәдениетіміздегі тарихи орны ерекше. Бір жағынан ол халқымыздың материалдық мәдениетінің дәрежесін көрсетсе, екінші жағынан рухани жан дүниесін, философиялық және эстетикалық көзқарастарын білдіреді. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде, халық өнері мен салт-дәстүрді меңгертуде зергерліктің мәні зор.

«Ақ ұста» ұғымы және шеберлік өлшемі

Ұлттық мәдениетіміздегі қолданбалы өнер тарихпен, дүниетаныммен, ұлттық болмыс-бітіммен үндесе дамыды. Тамыры терең қолданбалы өнердің көрнекті саласы — зергерлік — тылсым сыры бар қасиетті өнер, қастерлі кәсіп.

Осы өнермен айналысатын адамдарды бұрын «ақ ұста» деп атаған. Ақ ұста — алтын, күміс секілді қымбат металдар мен асыл тастардан сан алуан нәзік, көркем бұйымдар жасайтын, қолы қарықты шебер. Уақыт өте келе бұл атау кеңінен «зергер» ұғымымен орнықты.

Маңғыстау зергерлік мектебі: дерек, дәлел, сабақтастық

Әсіресе қазақтың қыз-келіншек, әйелдердің тағатын әшекейлерінің орны бөлек. Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы ұлттық зергерлік бұйымдардың көлемді коллекциясы бұл өлкеде зергерлік мектептің жоғары деңгейде қалыптасып, дамығанын айқын көрсетеді.

Ежелгі іздер мен археологиялық айғақ

Ғалымдар сақ дәуіріне қатысты деректерде, біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген сақ жауынгерінің киіміндегі ою-өрнектің Маңғыстау жеріндегі тастағы таңбалармен үндесетінін ерекше атап өткен. Сонымен қатар Түбіжік, Қосқұдық, Қызылқала сияқты тарихи ескерткіштер маңындағы қазба жұмыстары барысында ерте ғасырларға жататын әшекейлердің табылуы — өңірде зергерлік өнердің көне заманнан дамығанын дәлелдей түседі.

От жалынында, көріктің көмейінде металды балқытып, төс пен балғаның арасында икемге келтіріп, көркемдеп өңдеу — Маңғыстауда ертеден дағдыға айналған кәсіп. Зергердің арқасында білезік, жүзік тақпайтын, шашбауын сыңғырлатып шолпы қақпайтын адайдың қыз-келіншектерін сирек кездестірген.

Техника, пішін, талғам: Маңғыстау мәнері

Маңғыстау зергерлері алтын, күміс, қоланы құю, қақтау, термелеу, кіріктіру, өру, бұрау, қырлау, соғу, бедерлеу, зерлеу, сіркелеу сияқты тәсілдерді жоғары деңгейде меңгерген. Адай үлгісіндегі түрлі формадағы білезік, өңіржиек, алқа, түйме, қапсырма, белбеулердің үздік нұсқалары XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында сирек ұшырасар асыл мұра ретінде Санкт-Петербургтегі Шығыс халықтарының этнографиялық музейінде сақталған. Бірқатары кезінде Орынборда қалдырылған.

Маңғыстаудың киім үлгілері мен зергерлік бұйымдарының біраз бөлігі Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде және Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде сақтаулы. Өнер зерттеушілері А. Л. Мелков пен А. Н. Четыркина Адай әйелдері мен қыздарының өңіржиек, алқалары мен шашбауға тағылатын алтын-күміс әшекейлерін жасалу жағынан қолөнердің ғажайып туындысы ретінде бағалаған.

Есімдерде сақталған қолтаңба

Бұл баға жетпес туындыларда Маңғыстаудың айтулы зергерлері — Сартай, Сегізбек, Ізқара, Есет, Көбей, Сеңгірбек, Мұрын, Зәкір Нәдірбек, Мәрт Назаров, Бекқожа Қоштаев, Күмбетбай, Атанша, Қадырбай, Қонарбай — секілді шеберлердің қолтаңбасы мен шеберлік мәнері сақталған.

Күміс, асыл тас және сауда ықпалы

Зергерлер бағалы металдардың ішінде күмісті ең қолайлысы деп таныған. Себебі күмістің жалтыраған өңі, түрлі техникалық тәсілдерге икемділігі, жұмсақтығы және тазалығы жоғары бағаланған. Әшекей бұйымдардың жарасымдылығы мен айбындылығы — Маңғыстау әйелдері әшекейлерінің өзіндік ерекшелігі.

Маңғыстау зергерлері XX ғасырға дейін көне тәсілдерді кең қолданды: шағын материалдардан күрделі әшекей жасады, қажет пішінге келтіріп жымдастырды, дәнекерледі, бет жағын сіркелеп өңдеді, шиыршықтап жиектеді, көз салды, асыл тастармен безендірді.

Қолданылған тастар

  • Ақық (сердолик)
  • Бирюза
  • Маржан (коралл) және өзге де асыл тастар

Өлке үстімен өтетін Жібек жолы тармақтары арқылы сауданың дамуына байланысты зергерлер орыс және иран күміс теңгелерін де көп қолданған. Бұл тәжірибе материал таңдауды ғана емес, өңдеу мәнерін де байытып, өңірлік мектептің ерекшелігін айқындай түсті.