Елім менің тірегім, Құшағыңда гүл атам
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Менің Отаным — Қазақстан»
Мақсаты
- Білімділік: Жас ұрпақты Отанын сүюге, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге, еліміздің бай әрі қуатты мемлекет екенін мақтан етуге баулу; туған елге, туған жерге сүйіспеншілігін арттыру.
- Дамытушылық: Отанды, туған жерді қорғай білуге тәрбиелеу; ақындардың өлеңдері мен ата-бабамыздың даналық сөздері арқылы ұлтжандылық пен патриоттық сезімді нығайту.
- Тәрбиелік: Ойды жүйелі жеткізу, шығармашылықпен жұмыс істеу, өлеңді мәнерлеп оқу және мағынасын түсіну дағдыларын дамыту.
Ұйымдастыру және мазмұн
- Көрнекілігі: Елбасы суреті, Қазақстан картасы, мемлекеттік рәміздер, авторлар суреттері, қанатты сөздер, гүлдер.
- Әдісі: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, көрнекілік.
- Формасы: Тәрбие сағаты.
- Тәрбие үрдісі: Азаматтық, патриоттық және полимәдениеттік тәрбие беру.
Барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды дөңгелене тұрғызып, қонақтарды қарсы алып, тәрбие сағатының тақырыбымен таныстырамын. Бүгін біз «Менің Отаным — Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағатын өткіземіз.
Сұрақ-жауап
— Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?
— Қазақстан.
— Қазақстан жері қандай?
— Қазақстан жері үлкен, әдемі әрі бай.
Қазақстан жері батыстан шығысқа қарай шамамен 3000 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1700 км-ге созылып жатыр. Еліміз жерінің кеңдігімен қатар табиғи байлығымен де ерекшеленеді: өріс толы малы, мол балығы, толқындай жайқалған егін даласы, аң-құсқа бай табиғаты және таусылмас кен қоры бар.
Осы ойлардың дұрыстығын айқындау үшін келесі өлең шумақтарына назар аударайық.
Өлең шумақтары
Отан — жерім, Отан — суым, Отан — қуат, нәр береді. Отан — ұран, Отан — туым, Отан мәңгі гүлденеді.
Сүйемін мен Отанымды, Гүл жайнаған жерімді. Сүйемін мен ата-анамды, Мені өсірген елімді.
Отан деген — Атамекен, Отан деген — туған жер. Отан — ана, Отан — пана, Қазақстан — туған ел.
Отанды біз — Атамекен, Деп аялап айтамыз. Өйткені оны мекен еткен Бабамыз бен атамыз.
Отанды жас-кәріміз де, Туған жер деп сүйеміз. Өйткені онда бәріміз де, Туып, өмір сүреміз.
Отан — менің өзегім, Қиының болса төземін. Алдағы бақыт шақтарды, Жүрегіммен сеземін.
Отаным — менің өзегім, Қырыңды шарлап, кеземін. Білу керек әр ұрпақ, Бес саусақтай өз елін.
Отаным — мәңгі қорғаным, Қалаймын бақыт қонғанын. Сүйемін және сондықтан, Өзенін, көлін, орманын.
Бақытты боп жүргенім, Сенің арқаң, Ұлы Отан. Елім менің тірегім, Құшағыңда гүл атам.
Ата, әжем, әкем, анам — Төртеуі де Отан маған. Төртеуі де «Ботам» дейді, Ер азамат атан дейді. Мақтанамын Отаныммен, Отаныма ботамын мен.
Сарқылмайтын қуатым, Тірегімсің сен, Отан! Мәңгі соғып тұратын, Жүрегімсің сен, Отан!
Біз — жас ұлан, Отан-ана өркені, Үміт артқан болашағы, ертеңі. Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені.
Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен — Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең-байтақ астананы, Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы. Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ, Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Қазақстан — көк байрақты ел едің, Сен дегенде лүпілдейді жүрегім. Өзің менің мақтанышым, тірегім, Өзің менің қуанышым, бақытым.
Қыран құсым көк аспанда самғасын, Желбіресін көк байрағың сан ғасыр! Жас ұландар, берік ұста туыңды, Жарқыратып туған елдің таңбасын.
Қазақ биі
Орындайтындар: сыныбымыздың бір топ қыздары.
Туған жер туралы мақал-мәтелдер
Туған жерін сүймейтін адам жоқ. Ендеше, туған жер туралы қандай мақал-мәтелдер білеміз?
Айгүл
Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың.
Әліби
Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
Бекнұр
Туған жер — алтын бесік.
Динара
Туған жердің топырағы да ыстық.
Асылай
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!
Мәдина
Отан — оттан да ыстық.
Отан ұғымы және мемлекеттік рәміздер
Отан — адамның туып-өскен жері, туған-туыстарымен, жақындарымен бірге өмір сүретін ата мекені. Қазақ елінде тұратын әр азаматтың Отаны — Қазақстан Республикасы.
Қазақстан — Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты мемлекет.
Мұғалімнің түсіндірмесі
1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздері — Елтаңба мен Ту бекітілді. Бүгінде Қазақстан — өз алдына Тәуелсіз мемлекет. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Біз — егемен Қазақстанбыз.
Қорытынды
Қазақстан — сен заңғар биіксің, кеңсің. Жүрегіміз мақтанышқа толы. Біз сенің атыңды жер жүзіне жар салатын перзентпіз, тәуелсіздікті мықтап ұстайтын ұрпақпыз.
Біз — тәуелсіз қазақ елінің жас жеткіншектеріміз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді ата-бабамыздай қадірлеуге, сүюге және қорғауға тиіс екенімізді ешқашан ұмытпайық.
Ұстаздар, ата-аналар, оқушылар — баршаңызға көп рақмет! Сау болыңыздар!