Лепті сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға жаттықтыру

Қазақ тілі 2-сынып Жаңа білімді меңгерту

Сабақтың тақырыбы: Лепті сөйлем

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға лепті сөйлемнің мағынасын түсіндіру; көңіл күй мен сезімді білдіретін сөздер туралы алғашқы түсінік қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Тірек-сызба
  • Кестелер

Сабақтың міндеттері

  1. 1 Лепті сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға жаттықтыру; лепті сөйлемнің қандай мағына білдіретінін анықтату.
  2. 2 Өз бетімен жұмыс істеуге және өзін бағалай білуге үйрету; байланыстырып сөйлеуін, жазба тілін дамыту; сөздік қорын молайту.
  3. 3 Ұйымшылдыққа, әділдікке және адалдыққа тәрбиелеу.

Әдістер

Б. Блум таксономиясы, түсіндіру, сұрақ-жауап, тест, көрнекілік.

Бағалау

Әр кезең бойынша бағалау парағына ұпай қойылады.

Негізгі ой

Лепті сөйлем адамның көңіл күйін, сезімін білдіреді және көтеріңкі дауыспен айтылады.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Кіріспе кезең

1) Психологиялық дайындық

Өзімізге
Сәттілік, қуаныш!
Қонағымызға
Жақсы көңіл күй!
Елімізге
Ашық аспан, молшылық!

2–3) Бағдарлау

  • Сабақтың мақсатын хабарлау.
  • Сабақ кезеңдерімен таныстыру (Б. Блум бойынша).
  • Әр кезеңде бағалау парағына ұпай қою.

II. Негізгі бөлім

Жаңа ұғым

Білім

Мақсаты: өтілген материал бойынша білімін тексеру.

Тапсырма: «Сөйлем туралы не білеміз?»

Белгіленген уақыт ішінде сұрақтарға жауап беріңіз:

  1. 1 Сөйлем дегеніміз не?
  2. 2 Сөйлем айтылу мақсатына қарай нешеге бөлінеді?
  3. 3 Сұраулы сөйлем дегеніміз не?

Жауап парағы арқылы тексеріліп, нәтижесіне сай ұпай бағалау парағына қойылады.

Түсіну

Мақсаты: лепті сөйлем туралы түсінік беру (слайд, тірек-сызбамен жұмыс).

Тірек-сызба (сөйлем түрлері)

  • Хабарлы сөйлем
  • Сұраулы сөйлем
  • Лепті сөйлем

Назар аударыңыз

Лепті сөйлем соңында леп белгісі (!) қойылады.

Мысал сөйлемдер (мәнерлеп оқу)

Бейбітшілік жасасын!

Ұран, көтеріңкі көңіл күй.

Көйлегім қандай әдемі!

Сүйсіну, қуану.

Отансүйер ұлан бол!

Тілек, үндеу.

Жүйрік тұлпарым болса ғой!

Армандау.

Ережені өздері шығару үшін сұрақтар

  • Әр сөйлем қалай оқылды?
  • Сөйлемдегі ой қандай көңіл күймен айтылып тұр?

Қорытынды: адамның көңіл күйін, сезімін білдіретін сөйлем лепті сөйлем деп аталады. Лепті сөйлем көтеріңкі дауыспен айтылады, соңына леп белгісі (!) қойылады.

Ойын: «Сәйкестендір»

Топтық/жұптық жұмыс

Төмендегі сөйлемдерді мағынасына қарай сәйкестендіріңіз: өкіну, армандау, бұйрық, ұрандату.

Мағыналары

  • Өкіну
  • Армандау
  • Бұйрық
  • Ұрандату

Сөйлемдер

  • Сүйікті менің Қазақстаным жасасын!

  • Қап, бақшаның есігін жауып қоймағаным-ай!

  • Қане, күнделігіңді берші!

  • Шіркін, айға самғап ұшсам ғой!

Еске сақта

Лепті сөйлемді оқығанда дауыс ырғағы ерекше болады: ой сезіммен беріледі, интонация көтеріңкі айтылады.