Пәк табиғат
Экологиялық форум • Үгіт-бргада сценарийі
Тақырып: табиғатты аялау және қорғау мәдениеті
1-көрініс: Табиғатқа немқұрайлық және табиғаттың үн қатуы
Сахналық эпизодСахнада бір топ жас табиғат аясында демалып отырады. Табиғатты сарқылмас қазына деп түсінген олар оның қорына бірте-бірте зиян келтіре бастайды: жағалауда отырып бос ыдыстарын, тамақ қалдықтарын лақтырады, су бойындағы ағаштарды шабуға кіріседі.
Ағаштың монологы
Ей, адамзат! Адам баласын дүниеге әкеліп, бойыңдағы махаббат пен мейірімді, күн шуағын жүрегіңе ұялататын аяулы Ана — табиғат. Табиғат — адамға қуат беріп, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат сыйлайтын сұлулық пен әсемдік әлемі емес пе?
Қазақ халқы табиғатты тумысынан сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған ел. Ал сен сол әсемдікті жойып, халық дәстүріне қарсы келіп тұрсың!
Ей, пенде, есіңді жи!
Ар алдында күнә болар табиғатты аямай жүру.
Туған жердің табиғатын аялау — ананың сүтімен қанымызға сіңген қасиет.
Үндеу
Табиғатты қорғау үшін бәріміз күресейік. Бір тал ағаш, бір гүл егейік. Жасымыз да, кәріміз де таза ауа үшін еңбек етейік.
Өсиет
«Мал қалғанша атаңнан, тал қалсын» — бабадан қалған орынды өсиет.
Арал тағдыры туралы ой
Біз Аралға да жанашырлық таныта алмадық: сарқылмайтын байлық санадық, талай елді асыраған теңіздің байлығын тонадық. Жыл сайын пәк табиғат тозып барады. Ойланайық: Арал жайы — ел жайы.
Өзімізді асыраушы Ана-табиғатты қорғауға әрқашан дайын тұрайық.
Хормен
Сұлу табиғатымызды аялай білейік: табиғатты сүю — парыз, ал сүю үшін қорғау — парыз.
2-көрініс: Табиғаттың төрт тірегі
Оқушылардың шығуыТабиғат — Су
Суды тіршіліктің көзі дейді. Сусыз жер бетінде өмірді елестету мүмкін емес. «Сулы жер — нулы жер» деген мақал бекер айтылмаған. Су — адам жүрегіне жыр, көңіліне нұр, сезіміне гүл сыйлайтын берекелі игілік.
Су — тіршіліктің қаны. Су — табиғаттың жаны.
Су жоқ жерде өмір жоқ — бұл ақиқат.
Табиғат — Топырақ
Жер бетіндегі тіршілік атаулы қоректік нәрді топырақтан алады. Топырақтан өмір иісі шығады — оны денең тиіп кетсе де сезесің.
Еңбегіңді еселеп қайтаратын береке де — топырақтан.
Жақсылықтың бастауы да — топырақтан.
Табиғат — Өсімдік
Өсімдік — жасыл желек, көк майса, алуан гүл. Ол ашыққанда — ас, шөлдегенде — сусын, ыстықта — көлеңке, суықта — пана, ауырғанда — дәрі, көңілге қуаныш сыйлайтын көркемдік.
Өсімдік — таза ауа, елдің дәулеті болған орман.
Тіршілік өсімдіксіз жараса ма?
Табиғат — Жануарлар әлемі
Жүгірген аң, ұшқан құс — табиғаттың ажары. Даланың сәні — ақбөкен, әуен мен әсемдіктің нышаны — бұлбұл, көлдің көркі — аққу.
Табиғатта сезім де бар, үн де бар: ренжітсең — мұңаяды, аяласаң — жаныңа шуақ сыйлайды.
Жалпы үндеу
Табиғаттан нәр алған жанымыз — жер бетінің ажары. Туған өлкенің табиғатын аялап, жүрек нұрын бәріміз ұсыналық.
Табиғаттың мөлдір тынысын тарылтпайық. Пәк табиғат — жүрегіміздің жыры. Ей, адамдар! Ол — сенің Анаң, ал сен — оның перзентісің.
Азаматтық борышымыз — табиғатты ұл-қызымыздай аялап, қорғаушысы болып өту.
Хормен
Жүрегімді тербеген бір арман бар:
Аман болсын аңдар, құстар, ормандар.
Ақыл-ойды жоюға емес, адамдар,
Тіршілікті қорғау үшін арнаңдар!
Табиғатты аялайық
Табиғатты қорғайық
Қоқыс тастама
Ағаш ек
Ән: «Жасыл ел»
Сарбаздар әніСөзін жазған: ЖМУ-дің 3-курс студенті — Әміржанова Меруерт Сабыржанқызы
Қайырма
Ай-хай, табиғатым-ай,
Жасыл елім-ай,
Мәңгі бақи өзіңді қорғап өтем-ай!
Негізгі ой
Табиғатты қорғаймын жігер-күшіммен. Жас ұландар қатар тізіліп, табиғат берген қорды көздің қарашығындай сақтайды.
Аманат
Бүгін бізге аманат — осы табиғат.
Табиғатты әрқашан қорғау — жарасатын қасиет. (екі рет)
Қорытынды үндеу
Пай-пай, жас ұландар-ай,
Қазақ халқым-ай,
Қорғайықшы мәңгілік табиғатты-ай!
Қысқа қорытынды
Табиғатты аялау — адамдық ниет қана емес, азаматтық жауапкершілік. Су, топырақ, өсімдік пен жануарлар әлемі — ортақ үйіміздің тірегі. Бүгінгі аманатты ертеңге жеткізу үшін табиғатты күн сайын қорғауға үйренейік.