Олардан қандай маман шықпақ және балаларға қандай білім бермек

Ұстаз — ұлағатты ұғым

Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық ұялататын, аяулы тұлға бейнесімен сабақтас ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — Ұстаз. Қазақ баласы үшін ұстаз қашанда қасиетті де қадірлі болған.

«Ұстаздан тәрбие алған» деген сөздің өзі «ана тәрбиесін алған» деген ұғыммен қатар айтылып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын ұғынуға жетелеп, сан қилы құбылысты терең түсінуге мұрындық болатын да — мұғалім. Ол жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулиды.

Ұстаздың миссиясы: білім дәнін себу

Ұстаз әр адамның жүрегіне білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіру жолында маңдай терін төгеді.

Неге кез келген мұғалім — ұстаз емес?

Менің ойымша, кез келген мұғалім бірден ұстаз бола алмайды. Өйткені ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс және ерен еңбек бір арнаға тоғысуы шарт.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек. Шәкірт — ұстаз еңбегінің айнасы, ұстаздың өмірлік мәнін айқындайтын өлшем.

Шәкірт құрметі — өмірлік парыз

Дүниедегі ең сыйлы адамдардың бірі — ұстаз. Себебі шәкірт өнер-білім, әдеп-тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздар санайды: ұстазының көзі тірісінде өзін, өмірден өткен соң аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық

Шын ұстаз — ұстаз болуды бала кезінен армандайтын жан. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы мамандықтың шынайы иесі болу үшін талай белестен өтеді. Әр сабағыңа мұқият дайындалып, тек білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту — оңай шаруа емес.

Дегенмен, балалармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді сәттерді бірге бөлісу — ұстазды бір сәтке бала қылатын ерекше шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей-ақ, олармен сырласа отырып жан дүниесін түсінуге болады.

Уақытпен санаспай еңбек ету

Мұхтар Әуезовтің «Ұстаз болу — өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деген сөзі ұстаздықтың мәнін айқын ашады. Уақытпен санаспай, балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етсең, маңдай тер еш кетпейді.

Ұстаздың ең басты қағидасы — үздіксіз ізденіс

Қанша жыл еңбек етсең де, «болдым, толдым, бәрін білемін» деуге болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Өмір бір орында тұрмайды: заман өзгереді, талап жаңарады. Сондықтан жаңа дәуірдің жаңа адамын тәрбиелеу үшін білімді де, біліктілікті де үнемі арттырып отыру қажет.

Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің?!
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
Сондықтан да келеді біле бергім…

Үлгі болу — ұстазға жүктелген жауапкершілік

Ұстаз бала алдында жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу мәдениетімен, дауыс ырғағымен — қысқасы, барлық болмысымен үлгі болуы қажет.

Жастар неге ұстаздықтан қашады?

Қазіргі жас жеткіншектердің арасында мұғалім болудан қашатындар бар: яғни үлкен жауапкершіліктен, қиындықтан тайсақтайды. Алайда қиындықсыз іс болмайды.

Сонымен бірге, жүрек қалауымен емес, жай ғана жоғары оқу орнын тәмамдап келіп, мектепте жұмыс істеп жүрген жас мамандар да кездеседі. Ондай адамнан қандай маман қалыптасады, балаларға қандай білім мен тәрбие береді? Мамандығын жетік білуге ұмтылмаған, талпынбаған мұғалімнің кәсіби деңгейі әлсірейді.

Үміт бар жерде — нәтиже бар

Дегенмен, ұстаз болуды армандап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қиындықтан қашпай, еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандар да аз емес. Оларға айтарым: еңбектеріңіз жана берсін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер. Уақытпен санаспай еңбек етіңіздер — түбінде сіздерден білікті маман шығады.

Өйткені алдарыңызда — өміріміздің аса бағалы иелері: болашағымыз, еліміздің ертеңі, жас өркендеріміз отыр.

Қорытынды үндеу

Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге бірге атсалысайық.