Жанұядағы сыйластық
Сабақтың тақырыбы: Жанұядағы сыйластық
Бұл тәрбие сағаты «Отан отбасынан басталады» атты апталық аясында 2-сынып оқушыларына арналған.
Сабақтың мақсаты
- Отан, ұлттың қара шаңырағы және отбасы арасындағы байланысты ұғындыру.
- Отан, отбасы, жанұя туралы түсінігін кеңейтіп, дүниетанымын, қиялын және тілін дамыту.
- Отансүйгіштікке, өзара сыйластыққа, отбасы мүшелеріне көмектесе білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Суреттер
- Жұлдызшалар
- Қосымша материалдар
Негізгі ой: Отанға сүйіспеншілік отбасындағы сыйластық пен бірліктен басталады.
I. Ұйымдастыру
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! «Отан отбасынан басталады» апталығы аясындағы «Жанұядағы сыйластық» атты тәрбие сағатына қош келдіңдер.
Шеңберге тұрып айтылатын өлең:
Қане, қане тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Тұрсақ үлкен шеңберге,
Алақанды ұрайық.
Неге шеңбер?
Шеңбер — мейірімділік пен жақсылықтың нышаны. Шеңбер арқылы бір-бірімізге күлімдеп қарап, бақыт, қуаныш, жылылық тілейміз.
«О» әрпімен байланыс
Шеңбер «О» әрпіне ұқсайды. «О» әрпінен басталатын маңызды сөздер: Отан, Отбасы.
Отан — адамның ата-бабасынан бері кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан қасиетті мекені. Сондықтан әр адам өз Отанын ең қымбат, ең аяулы деп біледі.
II. Отан туралы өлеңдер
Жақан Смақов — «Отан»
Гүлдердің ертемен
Қауызын ашқанын,
Көктемнің көкпеңбек,
Мөп-мөлдір аспанын,
Таулардың қол жетпес асқарын —
Ұнатам бәрін де,
Өйткені ол — Отан.
Бәрін де, бәрін де
Ұнатам,
Өйткені ол — Отан,
Ұлы Отан.
Мұқағали Мақатаев — «Отан туралы»
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған.
Отан, Отан,
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Өтебай Тұрманжанов — «Туған өлкем»
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем.
Ер еңбегі шалқып-тасқан,
Ел еркіндей бақыт тапқан.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем.
Би
«Қаражорға»
Отбасы туралы әңгіме
Отбасы деген не?
Отбасы — ата, әже, әке, ана, ұл, қыздан құралған жақындар бірлігі.
Үш ұрпақ
Қазақ отбасы көбіне үш ұрпақтан тұрады: ата, әке, бала.
Алтын діңгек
Отбасы — адам тәрбиесінің алғашқы әрі ең қажетті мектебі.
Отбасындағы адамдар бір-біріне мейірімді, кешірімді, қамқор болуы керек.
III. Әңгімелеу: «Отбасы татулығы»
Ерте заманда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасы мүшелері өте көп болып, бәрі бір қауымдай бірге тұрыпты. Бұл шаңырақтың ерекшелігі — өзара келісім мен татулық екен: ұрыс-керіс, дау-жанжал атымен болмапты.
Бұл жайлы патша да естіп, шындықты білгісі келіп ауылға келеді. Ауыл тап-таза, тұрмыс жеткілікті, тыныштық пен береке орнаған екен. Патша ақсақалдан мұндай бақыттың құпиясын сұрайды.
Ақсақалдың жауабы
Қарт үнсіз ғана қағазға жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп жазып шығады. Сәл ойланып, «шыдамдылық» сөзін қосады.
Сүйіспеншілік
Кешірім
Бірлік
Шыдамдылық
Адам үшін өмірдегі ең қымбат — отбасы. Сүйіспеншілік пен сыйластық, татулық пен бауырмалдық бар жерде бірлік нығаяды. Бір-бірін аялап, кешіріп, түсіне білген жанұя ғана берік болады.
Жанұя ұғымы
«Отбасы» сөзін кейде «жанұя» сөзімен де алмастырып айтамыз. Жанұя — мағынасы кең ұғым.
Жер бетіндегі әр адамның, жан-жануарлардың, құстардың өз «туған үйі — ұясы» бар. Ал біз өз үйімізді жанұя деп атаймыз. Жанұяның өзіндік салт-дәстүрі, өзара сыйластығы болады.
Оқушылардың тұжырымдары
- Әр адамның өз отбасы болады. Отбасы бірнеше адамнан тұрады; олар істі бірігіп атқарып, бір-біріне көмектеседі.
- Отбасында үлкенді сыйлауға, кішілерге көмек көрсетуге үйренеміз.
- Отбасы үлкен де, шағын да болуы мүмкін.
- Адам өмірі отбасынан басталады.
- Тәрбие отбасынан басталады.
IV. Көрініс: «Өмірлік сый»
Анасының «Әпкең мен ағаң — өмірлік баға жетпес сый» деген сөзін қалай түсінесіңдер? Бұл ой жанұядағы сыйластықтың қадірін терең ұғындырады.
Негізгі қорытынды
Жанұядағы сыйластықты сақтау — өз қолымызда. Ол үшін үлкенді құрметтеп, кешірімді болып, татулықты бағалауымыз керек. Татулық — табылмас бақыт.
Сыпайы сөздер — сыйластықтың кілті
Отбасындағы береке мен бірлікті сақтау үшін сыпайы сөздерді жиі қолданған дұрыс.
Жағдай 1
Апаң базардан алма әкеліп, ең үлкенін әрі жақсысын саған таңдады. Қандай сөз айту керек?
Жағдай 2
Әжең түскі асқа қант-кәмпитті молынан салды. Сен жұрттан бұрын өз бетіңше алып қойдың. Не айтуың керек еді?
Жағдай 3
«Добын апар, Назардың!» — деді ағаң. Сен бармадың, ағаңның тілін алмадың. Қай сөзді айтпай қалдың?
Ән
«Мен әдепті баламын»
V. Бекіту: ой түю
Бүгінгі тәрбие сағатынан қандай ой түйдік? Сыйластық — күнделікті іс-әрекеттен, айтылатын сөзден, көрсетілетін қамқорлықтан басталады.
Шығармашылық тапсырма
Үйден ата-анамен бірге жұлдызша жасап келу тапсырылды. Осы ойды бірге оқимыз: «Әр жанұяның басы жарқырап жанған жұлдыздай».
VI. Қорытынды
Енді бәріміз шеңберге тұрып, жанұямызға жылы лебізімізді білдірейік.
Сұрақ-жауап
- Біз қандай елміз?
- Еліміздің басшысы кім?
- Тату әрі өнерлі отбасы болудың маңызы қандай?
ХХІ ғасырда отбасы тату, берекелі, өнерлі болуы тиіс. Сондықтан өз жанұямызбен бірге жарқырап жанған жұлдыздай тату да, өнерлі де, әдепті балалар болайық.
Ән
Қорытынды ән орындалады.