Сабақтың тақырыбы. Табиғатқа саяхат
Сабақтың мазмұны
Сабақ тақырыбы: «Табиғатқа саяхат. Ә дыбысы мен әрпі». Бұл сабақта оқушылар мәтінмен және суретпен жұмыс істеу арқылы ойды жүйелеуді, ақпаратты көрнекі түрде жеткізуді және сөздерді орфоэпиялық нормаға сай дұрыс айтуды үйренеді.
Ресурстар
- Аудиожазба, таныстырылым
- Интерактивті тақта, проектор, электронды оқулық
- Рефлексия парағы, A4 қағаз, маркер
- Суреттер, ойыншықтар, стикерлер
Пәнаралық байланыс
Өнер және ана тілі сабақтарымен байланыс орнатылады. АКТ құралдары арқылы тыңдау, көру, талдау әрекеттері күшейтіледі.
Құндылықтарды дарыту
Оқушыларды бір-біріне құрмет көрсетуге, тыңдай білуге және жылы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.
Оқу мақсаттары
1.3.3.1 — Мұғалім көмегімен мәтінге суреттер мен сызбалар арқылы жоспар құрып, оған ат (тақырып) қою.
1.3.4.1 — Мұғалім көмегімен оқылған/тыңдалған мәтіндегі ақпаратты сурет, сызба, белгілер арқылы жеткізу.
1.9 — Сөздер мен дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту.
Сабақ мақсаттары
Барлығы: жаңа білімді меңгереді.
Көбі: тақырыпты түсініп, тыңдап, жетекші сұрақтар арқылы талқылайды.
Кейбірі: алған білімін өмірде қолдана алады.
Жетістік критерийлері
- Айтылған сөздер мен сөйлемдердің көпшілігін дұрыс қайталайды.
- Нақты сөйлеу арқылы тапсырманы түсінгенін көрсетеді.
Сабақтың барысы
Сабақтың басы
Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру, ұйымдастыру бөлімі және психологиялық дайындық жүргізіледі.
Амандасу және жылы байланыс
Мұғалім оқушыларға бүгінгі сабаққа қонақтар келгенін ескертіп, ата-аналармен және қонақтармен амандасуға шақырады. Одан кейін оқушылар бір-бірінің қолынан ұстап, алақан арқылы жүректің жылуын сезінеді.
Шағын өлең
Қайырлы таң, досым,
Қайырлы күн болсын.
Жеті күннің әр кезі
Сәттілікке толсын.
Біздің алар бағамыз —
Кілең бестік болсын!
Сабақтың ортасы
Жаңа сабақ жұмбақтар арқылы басталып, «Ә» дыбысы мен әрпін таныстыруға ұласады.
Жұмбақ 1
Ертегі айтып береді,
Сені жақсы көреді.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі.
Жауабы: Әже
«Әже» сөзінің басында қай дыбыс естіледі? Ә.
Жұмбақ 2
Бұрап қойған сағаттай,
Айғайлайды таң атпай.
Жауабы: Әтеш
«Ә» дыбысының ерекшелігі
- Ә — жіңішке дауысты дыбыс.
- Дыбысталуы: ауыз кең ашылып, тіл мен иек төмен түсу арқылы жасалады.
- Сөздің басында және ортасында кездеседі.
Әріп таңбасымен таныстырудан кейін сұрақ қойылады: «Ә дыбысынан басталатын тағы қандай сөздерді білесіңдер?»