Қыс мезгіліне байланысты қандай өлең, тақпақ үйрендік
Әдебиеттік оқу (3-сынып)
Сабақтың тақырыбы: «Өзіңді тексер» — қайталау сабағы («Табиғат – менің өз үйім» тарауы бойынша)
Сабақ түрі: дәстүрлі емес ойын сабағы
Әдістері: сұрақ-жауап, СТО
Сабақтың мақсаттары
1) Білімділік
Өтілген материалдар бойынша білімді жаңғырту, тиянақтау және білімді қайталаудың маңызын ұғындыру.
2) Дамытушылық
Оқушылардың танымдық қызығушылығын, ой белсенділігін арттыру; өз бетімен орындау дағдыларын қалыптастыру.
3) Тәрбиелік
Табиғатты сүюге және қорғауға баулу; білімпаздыққа, шапшаңдыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Сыныппен амандасу, оқушыларды түгендеу.
- Ынталандыру, көңіл күйді ояту.
Өлең жолдары
Көп қызық бар әлемде,
Құштар бол сен білімге.
Бізбен оқы, жалықпа,
Білмегенді анықта.
Ойланайық, ойлайық,
Кітаптарды оқиық.
Жеңістерге әрдайым
Білімменен жетейік.
«Шаттық шеңбері»
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Барша жұртты құрметтеп,
Бас иеміз біз.
Сізге де, сізге де, сізге де,
Саулық тілейміз біз!
II. Үй жұмысын тексеру
1) Слайдпен жұмыс
- Суретте қандай құс бейнеленген? Дуадақ.
- Ол туралы не білесіңдер?
2) «Орамал тастамақ» ойыны
Үйге берілген «Дуадақ» тапсырмасы сұралады: мазмұндату, сұрақтарға жауап беру, берілген тапсырмаларды орындау.
III. «Қылқалам шеберлері» басқышы
Қыс тақырыбына сурет салу (қыс көрінісін бейнелеу).
IV. «Поэзия жырлайды» басқышы
Сұрақ-жауап
- Қазір қай жыл мезгілі?
- Қыс мезгіліне байланысты қандай өлең, тақпақ үйрендік?
- «Ақ қыс» өлеңінің авторы кім?
- Кім жатқа айтып береді?
Мәтінмен жұмыс
М. Мақатаевтың «Ақ қала – ақ бала» өлеңінен үзінді оқылады.
V. «Мақал-мәтел» басқышы
Мақалдардың жалғасын табу:
- 1. Білгенім бір тоғыз, …
- 2. Қыстың қамын жаз ойла, …
- 3. Қыс — қысыларсың, …
- 4. Қыстағы қар — жерге ырыс, …
- 5. Өнер көпке де жеткізеді, …
VI. Сергіту сәті
Қане, балалар, тұрайық,
Құшақты кең ашайық.
Айналаға зер салып,
Жаттығуды бастайық!
Оңға, солға бұрылып,
Қайыңдарша ырғалып.
Самал желмен тербелген
Жапыраққа ұқсайық.
VII. «Жаңылтпаштар әлемі» басқышы
Тараудағы жаңылтпаштарды қайталап, жатқа айту.
Шымшық шып-шып,
Шоқып шық-шық.
Ұшты шымшық,
Шошып быт-шыт.
VIII. «Жұмбақ әлемі» басқышы
Тары, арпа, бидай, жүгері туралы жұмбақтарды бір-біріне жасыру.
Ескерту
Оқушыларға алдын ала ізденіп келу тапсырылды. Сабақта әр оқушы жұмбағын сыныптастарына жасырады.
IX. «Құстар әлемі» басқышы
1-тапсырма
«Құс — табиғат, өмір көркі… Ертеде байлар мен патшалар, хандар бағында бұлбұл сайратып, үйінде тоты ұстаған, көлінде аққу жүздіртіп, қолына сұңқар қондырған. Боз даланың бозала таңынан шырылдап әнге басар құсы — …»
Сұрақ: Бұл үзінді қай мәтіннен алынған? Мәтіннің тақырыбы қалай аталады?
Жауабы: «Бозторғай — дала сәні».
2-тапсырма
«Мынау қандай құс?» (сурет/слайд бойынша анықтау).