Адамзатты сөз бұзар
Тақырыбы: «Мақал — сөздің азығы, жұмбақ — ойдың қазығы»
Мақал-мәтел — ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі шағын болғанымен, мағынасы терең, құны қымбат қазына. Бұл сабақтың өзегі — мақал-мәтелдің тәрбиелік мәнін ашу, рухани байлық туралы түсінік беру және оқушылардың білімін жүйелеп, орынды қолдану дағдысын қалыптастыру.
Тіл — қай ұлтта, қай елде болса да құдіретті әрі қастерлі. Ана тілімізді дамыта отырып, орыс тілін қолданып, ағылшын тілін үйренуге ынталандыру — оқушылардың қызығушылығын арттыратын маңызды мақсат.
Мақсаты
- Мақал-мәтелдің мәнін таныту, тәрбиелік құндылығын түсіндіру.
- Оқушылардың білімін жүйелеу және пысықтау.
- Мақал-мәтелді орынды қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Дамытушылық және тәрбиелік бағыты
- Ойлау, есте сақтау, ой түйіндеу, ауызекі сөйлеуді дамыту.
- Шешен сөйлеуге, сөз астарын мағыналы жеткізуге тәрбиелеу.
- Салауаттылық пен мәдени қарым-қатынасқа баулу.
Сабақ құрылымы
Сабақ түрі: аралас сабақ. Әдістері: түсіндірмелі-иллюстрациялық, сарамандық, сұрақ-жауап. Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет, ағылшын тілі, музыка.
- Сәлемдесу, түгендеу
- Дайындықты тексеру
- Ой тастау арқылы топты бір арнаға жұмылдыру
Тіл туралы ой: адамның жанын ашатын құрал
Жанның жайын жарыққа шығару, ішкі сырды білдіру үшін адамның екі құралы бар: бірі — мимика, бірі — сөз. Мимика — жан күйінің дене арқылы көрінуі (күлу, жылау). Ал ым — ішкі сезімнің белгісі, бірақ ол арқылы ойды толық жеткізу мүмкін емес. Ойдың тілі — сөз.
Тіл болмаса, жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер мен жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқылы жан сырын сыртқа шығарып, өзгенің жан сырын ұғына алады. Сондықтан ұлт болудың бірінші шарты — тіл.
Өлең жолдары
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім.
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Таралған балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен жинап аларсың сен, тілім.
«Мақал — сөздің мәйегі. Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді», — деген қанатты сөзді негізге ала отырып, «Мақал — сөздің азығы, жұмбақ — ойдың қазығы» атты тіл білгірлер сайысын бастаймыз.
Сайыс форматы
Ойын барысы
Сайысқа 3 топ қатысады. Ойын 5 айналымнан тұрады. Әділқазылар таныстырылып, қатысушыларға сәттілік тілейміз.
5 айналым
- 1.Ойлы болсаң, озып көр — мақалдарды жалғастыру.
- 2.Тапқыр болсаң, тауып көр — жұмбақ шешу (3 тілде: қазақша, орысша, ағылшынша).
- 3.Біз білмейтін бір мақал — мағынасын ашу.
- 4.Айшықты сөздер — тұрақты тіркестердің мағынасын түсіндіру.
- 5.Кім жүйрік — жұмбақ шешіп, сәйкес мақал-мәтел құрастыру.
І топ — «Сұңқар»
Ұранымыз: «Білім алып бүгін алтын ұяда, ертең әлі шарықтаймыз қияда.»
ІІ топ — «Тұлпар»
Ұранымыз: «Асау тұлпар желдей ескен арынды, оқу менен еңбекке сал барыңды.»
ІІІ топ — «Болашақ»
Ұранымыз: «Болашақтың ұл-қызымыз, көркейтеміз елді біз.»
Жүргізуші сөзі: «Бәйгеге түсіп жарыспай, жүйріктің бағы жанар ма? Білім мен өнер жарысып, тәрбие, тәлім табар мән. Бұл бәйге — ойдың бәйгесі: кім жүйрік ойға, сол алда.»
І айналым: «Ойлы болсаң, озып көр»
«Сұңқар» тобы
- 1) Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді.
- 2) Сын түзелмей, мін түзелмес.
- 3) Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде.
- 4) Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ.
- 5) Байлықтың кілті — ғылым.
«Тұлпар» тобы
- 1) Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
- 2) Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз.
- 3) Ғылым — теңіз, білім — кеме.
- 4) Ұланы бар елдің ұраны бар.
- 5) Еңбек — ердің көркі, ер — елдің көркі.
«Болашақ» тобы
- 1) Көз — қорқақ, қол — батыр.
- 2) Батыр туса — ел ырысы, жаңбыр жауса — жер ырысы.
- 3) Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
- 4) Атаңның баласы болма, адамның баласы бол.
ІІ айналым: «Тапқыр болсаң, тауып көр»
Бұл айналымда жұмбақ жасырылады. Жауапты 3 тілде айту қажет: қазақша, орысша, ағылшынша.
1-топ
-
Қолы менен қаламы жоқ, бірақ сурет салады көп.Жауабы: аяз — мороз — frost
-
Қоймасын қыс ақтарып, жерді жапты ақ мамық.Жауабы: қар — снег — snow
-
Бір кісі бар дүниеде, шемішке шағып тұрады. Бұл кісіден әр уақыт әркім мезгіл сұрайды.Жауабы: сағат — часы — watch
-
Сыртқа шықсам түн екен. Моншақтарын шашып ап, бір сары қыз тұр екен.Жауабы: ай — луна — moon; жұлдыздар — звезды — stars
2-топ
-
Жұқа тақтай бөлшегі, ұзындықтың өлшемі.Жауабы: сызғыш — линейка — ruler
-
Қалқиып екі құлағы, елеңдеп, қорқып тұрады.Жауабы: қоян — заяц — rabbit
-
Жолбарыстан аумайды, тышқандарды аулайды.Жауабы: мысық — кошка — cat
-
Бір жәшік, төрт бұрышты, сырғасы бар. Көтерсең сырғасынан дауыс шығар. Қанша алыс болсаң да, екі «сырғасы» естіліп, бір-біріңе жақын қылар.Жауабы: телефон — telephone
-
Жаны жоқ болса да, ақылды адам ісін істейді.Жауабы: кітап — книга — book
3-топ
-
Жеп көріп ем өзім мен, жас шығарды көзімнен.Жауабы: пияз — лук — onion
-
Бұлаңдаған құйрығы, бір алдарлық қулығы.Жауабы: түлкі — лиса — fox
-
Әттең, даусым, тілім жоқ, құшағымда білім көп.Жауабы: кітап — книга — book
-
Өзі кірді ашады, суға салсам қашады.Жауабы: сабын — мыло — soap
-
Жел соқса жайқалып толқиды. Ел оқыса, тұла бойың балқиды.Жауабы: өлең — песня — song
ІІІ айналым: «Біз білмейтін бір мақал»
1-топ
«Қараңғыда тапқаныңды ханға берме, жарықта тапқаныңды жанға берме.»
Мағынасы: Еңбекпен тапқаныңды орынсыз шашпа, ақылмен жұмса.
2-топ
«Өзін-өзі сыйлаған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты.»
Мағынасы: Адам әуелі өз қадірін білсе ғана ел мен жер қадірін де терең ұғынады.
3-топ
«Шын ер жеңсе, тасымас; жеңілсе, жасымас.»
Мағынасы: Қандай жағдай болса да сабыр сақтап, өзіңді ұстай біл.
«Білген сайын келеді біле бергім... Білімдіні сүйерін — білім елдің», — деген оймен келесі айналымға өтеміз.
IV айналым: «Айшықты сөздер»
Бұл кезеңде әр топқа тұрақты сөз тіркестері беріледі. Міндет — олардың мағынасын толық әрі дәл түсіндіру.
1-топ
- Төбесі көкке жетті — қатты қуанды.
- Ине шаншар жер жоқ — бос орын жоқ.
- Қой аузынан шөп алмас — өте жуас.
- Ақсақ қой түстен кейін маңырайды — кеш қимылдайды, баяу.
- Тілдің ұшында тұр — айта алмай тұр, есіне түспей тұр.
2-топ
- Көзге түртсе көргісіз — тым қараңғы.
- Бетінен оты шықты — ұялды.
- Араларынан қыл өтпейді — өте тату, ажырамас достар.
- Күлін көкке ұшыру — түбегейлі құрту.
- Жүрек жалғап алды — тамақтанды.
- Көз шырымын алу — аздап ұйықтау.
- Көзді ашып-жұмғанша — лезде, өте тез.
3-топ
- Беті бүлк етпеді — еш қысылмады, ұялмады.
- Ит терісін басына қаптады — қатты ұрысты.
- Ат ізін бір салмады — мүлде келмеді, хабарласпады.
- Су тегін — өте арзан.
- Тісіңнен шығармау — сыр қылып сақтау, айтпау.
- Ешкімнен ештеңесін аямайды — жомарт, кең пейіл.
- Ала жіпті аттама — ұрлық жасама, адал бол.
V айналым: «Кім жүйрік»
Жұмбақ шешіледі, содан кейін сол жауапқа сәйкес мақал-мәтел айтылады.
1-топ
2-топ
3-топ
Қорытынды
Сөз кезегі — қазылар алқасында. Жеңген топ марапатталады.
«Ата салтым — асыл мұрам, ардағым. Бабалардың жалғастырар арманын, сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім, өткенімді бүгініммен жалғадым», — деп, бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз.
Ұлттық өнерімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін — өзіміз. Сондықтан құнды мұраларымызды насихаттап, күнделікті өмірде қолдана білейік.
Мәлімет
БҚО, Орал қаласы, «Мектептен тыс жұмыс орталығы»
«Атамұра» үйірмесінің жетекшісі: Утибаева Дамила Айдынқызы