Мұғалімнің сөзі - жан азығы
Мұғалім — киелі мамандық
Мұғалім — киелі мамандық. Патшалар да, президенттер де, академиктер мен генералдар да, дәрігерлер мен өнерпаздар да — бәрі де мұғалімнің алдынан өтеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесі мен дәрежесі әрдайым биік: асқақ, ардақты, атақты.
Мұғалімдік қызмет — адам жанына нәр беретін игілікті еңбек. Мұғалімнің сөзі — жан азығы: ол өсіреді, жалындатады, қанаттандырады, өмірге қызықтырады, шаттыққа бөлейді, өмір жолын нұрландырып, рухани биікке көтереді.
Өзіңді тану — бәрінің бастауы
Осы мәртебелі мамандық иелерінің бірі — менмін. Сірә, маңдайыма жазылғаны осы болса керек. Платонның айтуынша, Әлемнің жеті данагөйі Дельфадағы Аполлон ғибадатханасында бас қосып, ортақ бір ғана тұжырымға тоқтаған: «Өзіңді өзің таны» (латынша: nosce te ipsum).
Біз кез келген істі өзімізден — өзімізді танудан бастауымыз керек. Өйткені өзімізді танып-білмесек, өзгені қалай танимыз? Ақжан атамыздың «Өзіңді өзің танысаң — істің басы» деген сөзінің терең мағынасы да осында.
Ішкі тыныштықтың құны
Өз-өзіңмен оңаша қалып, тып-тыныш күйде ішкі ойыңмен сырласу — қандай ғанибет. Бұл — адамның өзін тыңдап, жан дүниесін реттеп, жүрек үнін айқындайтын сәт.
«Өзін-өзі тану» пәні және жас ұрпақ
Мен үшін әлемдегі ең басты құндылық — адам. Адамның өмір сүруі бақыт пен қуаныш үшін жаратылған деген ұстанымға негізделген «Өзін-өзі тану» пәнінен дәріс беріп жүргеніме көп уақыт бола қойған жоқ.
Дегенмен осы аз уақыттың ішінде-ақ, жауапкершілігі зор әрі күрделі міндет арқалаған бұл пәннің жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тұрғысынан білім берудегі тиімділігіне көз жеткіздім.
Нәтиже беретін құндылықтар
- Рухани-адамгершілік бағдарды айқындайды.
- Ішкі мәдениет пен жауапкершілікті күшейтеді.
- Өзін түсінуге, өзгені сыйлауға, мағыналы өмірге жетелейді.
Бүгінгі мұғалім қандай болуы керек?
Шәкірттің қабілетін жан-жақты дамытып, шығармашылығын, ізденімпаздығын ұштау үшін ұстаздың өзі де шығармашыл тұлға болуы тиіс. Бүгінгі заман мұғалімі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді, жаңашыл ойлайтын, оқушының дамуын ұйымдастыра алатын икемді маман болуы керек.
Ұстаздың кәсіби міндеті
Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын үздіксіз іздестіріп, өз ісінің қас шебері болуға ұмтылуы қажет. Ұстаздың өсуі — шәкірттің өсуі.