Қызыл телпек сенде кел

Тақырып

«Қызыл Телпектің саяхаты»

Мақсаты

  • Балаларды «Қызыл Телпек» ертегісі желісімен саяхатқа қатыстыра отырып, ертегіде кездесетін аңдармен кездескен қиындықтарды жұптасып, бір-біріне көмектесу арқылы орындауға үйрету.
  • Дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер арқылы тапсырмаларды жұппен орындату барысында сөйлеу дағдыларын дамытып, сөздік қорын молайту.
  • Ойлау қабілетін, қиялын және есте сақтау дағдыларын нығайту.
  • Еңбекқорлыққа, достыққа, кішіпейілділікке, мейірімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Кіріспе

Балалар музыкамен залға кіреді.

Тәрбиеші:

Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің сабағымызға қонаққа апайлар келіп отыр. Ендеше, қонақтармен амандасайық.

Арайлап атты бүгін күн, Шашып бізге шапағын. Тілейміз сізге ақ таңның Қуанышын, шаттығын. Қайырлы таң, қайырлы күн! Қуанышты күн бүгін. Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Ендеше, орындықтарға барып отырайық.

Сұрақ-жауап:

  • Сендер ертегіні ұнатасыңдар ма?
  • Қандай ертегілерді білесіңдер?
  • Мен үзінді оқимын, ал сендер оның қай ертегіден екенін табасыңдар.

Қызыл Телпекпен жолға шығу

Қызыл Телпек:

Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендер қандай әдемісіңдер!

Тәрбиеші:

Міне қызық, балалар! Жаңа ғана ертегілер туралы айтып едік. Ал мына әдемі қыз қай ертегінің кейіпкері?

Қызыл Телпек:

Мен әжемнің үйіне қонаққа бара жатырмын. Сендер менімен бірге барасыңдар ма?

Әжемнің үйі алыста, жол ұзақ. Шаршап қалмаңдар. Ендеше, кеттік!

Тәрбиеші:

Онда жолға аттанайық. Жолда абай болыңдар. Жай жүрмей, жол-жөнекей өлең айтып барайық.

Шалшық сумен жүреміз — шолп-шолп-шолп, Тастарменен жүреміз — тарс-тарс-тарс. Жасыл шөппен жүреміз — сырт-сырт-сырт, Жолдарменен жүреміз — топ-топ-топ.

Қызыл Телпек:

Ой, балалар, аяғым талды, шаршадым.

Тәрбиеші:

Онда шаршағанымызды басып, демалайық.

Балалар шеңбер бойымен отырады.

Ормандағы тапсырмалар

Тәрбиеші:

Балалар, орманға да жақындап қалған сияқтымыз.

Міне, орманға да келдік. Қараңдаршы: құстар сайрап, гүлдер жайнап, көбелектер ұшып жүр. Өте керемет!

Орманда қандай ағаштарды көріп тұрсыңдар?

Сиқырлы гүлдердегі жұмбақтар

Тәрбиеші: Мына ағаш сиқырлы сияқты. Гүлдері де сиқырлы екен. Қане, бір гүлді алып көрейікші… Ой, балалар, гүлдің ішінде жұмбақ жасырынған екен. Жұмбақ шешейік.

  • Таңмен көзін ашады, әлемге нұр шашады.

    Жауабы: Күн

  • Сайға қарай ағады.

    Жауабы: Жаңбыр

  • Гүл ұшып, гүлге қонады, гүл бақшам гүлге толады.

    Жауабы: Көбелек

  • Көрсең де күні-түнімен, қанша аяз болса да, айырылмайды гүлінен.

    Жауабы: Шырша

  • Жылт-жылт еткен, жыралардан өткен.

    Жауабы: Су

Кездесу: Түлкі

Түлкі:

Келгендерің қандай жақсы болды! Ішім пысып жүр еді. Жалғыз ойнай алмай қойдым. Менімен ойнайсыңдар ма?

Тәрбиеші:

Қандай ойын ойнаймыз, Түлкі?

Ойын: «Үй құрастыру»

Балалар пішіндерден үй құрастырады.

Тәрбиеші:

Балалар, үйді қандай пішіндерден құрастырдыңдар?

Түлкі:

Рахмет, балалар! Енді достарыма барып ойнайын. Сау болыңдар!

Кездесу: Қасқыр

Тәрбиеші:

Балалар, саяхатымызды жалғастырайық. Мынау тұрған кім?

Қасқыр, сен неге ойланып тұрсың?

Қасқыр:

Мына көбелектерді санай алмай тұрмын. Ашуланып кеттім.

Қызыл Телпек:

Ой, аяғым шаршады.

Тәрбиеші:

Қасқыр, ұялма. Біздің балалар саған көмектеседі.

Тапсырма: 1-ден 5-ке дейін тура және кері санау

Балалар бірге санайды, Қасқырға көбелектерді санауға көмектеседі.

Қасқыр:

Рахмет, балалар! Енді үйіме барайын. Сау болыңдар!

Сергіту сәті

Тәрбиеші балалармен бірге сергіту жаттығуларын жасайды.

Жол таңдау: оң жақ па, сол жақ па?

Қызыл Телпек:

Ой, балалар, біз адасып кеткен сияқтымыз! Енді не істейміз?

Әжеме қоңырау шалып, жолды сұрап алайын.

«Әже, біз адасып кеттік. Алдымда екі із жатыр: бірі оң жаққа, бірі сол жаққа апарады. Қайсымен жүрейік?»

Әженің кеңесі: сол жақтағы ізбен жүру.

Тәрбиеші:

Балалар, сол жақ қайсы? Көрсетіңдерші.

Қызыл Телпек:

Жарайсыңдар, балалар! Әжем күтіп қалған болар, жүрейік!

Әженің үйі

Әже:

Амансыңдар ма, қарақтарым? Немереммен бірге орманда серуендеп жүрсіңдер ме?

Қызыл Телпек:

Әже, мен сізге бәліш пісіріп алып келдім.

Әже:

Ой, рахмет, қызым! Балалар, сендердің де қарындарың ашқан шығар. Келетіндеріңді естіп, тәтті тоқаш пісірдім. Ала қойыңдар.

Тәрбиеші:

Рахмет, Әже. Балалар, тәтті тоқашты топқа барған соң жейміз.

Мейірімділік тапсырмасы: Қарғаға көмектесу

Тәрбиеші:

Ой, балалар, қараңдаршы… Қарға жылап келеді. Қарғажан, не болды? Неге жылайсың?

Қарға:

Жаңа ғана бір топ бұзақы балалар ұямды таспен атып, бұзып кетті.

Талқылау

Тәрбиеші: Бұл іс дұрыс па?

Тәрбиеші: Құстар туралы тыйым сөздер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер білесіңдер ме?

Шешім

Тәрбиеші: Қарғаға көмектесейік. Уәдемізде тұрып, оған жаңа ұя жасап берейік.

Шығармашылық жұмыс: ұя жасау

Балалар стол басына тұрады. Ұяны ермексаздан жасайды. Музыка ойнап тұрады, тәрбиеші жасау жолдарын түсіндіреді.

1-қадам

Ермексазды жұмсартып, негізін дайындау.

2-қадам

Шиыршықтап, шеңберлеп өріп ұя пішінін шығару.

3-қадам

Ұяның ішін тегістеп, берік ету.

Әже:

Қарағым, қане мен де көмектесейін.

Тәрбиеші: Иә, Әже, келіңіз. Қызыл Телпек, сен де қосыл.

Нәтиже

Балалар Қарғаға жаңа ұя жасап береді.

Қарға:

Ой, қандай керемет! Көп рахмет, балалар! Енді ұямды апарып орналастырайын.

Қызыл Телпек:

Әже, жүріңіз, Қарғаға ұясын орналастыруға көмектесейік. Сау болыңдар, балалар!

Қорытынды

Тәрбиеші:

  • Саяхатымыз ұнады ма?
  • Біз қайда бардық?
  • Қандай ертегі кейіпкерлерін кездестірдік?

Жарайсыңдар, балалар! Сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Рахмет!

Енді қонақтарымызға арнап жасаған сыйлықтарымызды тарту етейік.

Автор туралы

Көкшетау қаласы, «Бота» шағын орталығының тәрбиешісі — Жакенова Айнаш.