Өсімдіктерге тән ұлпалардың құрылысын салыстырып зерттеу

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән / сынып
Биология, 6-сынып
Сабақ
№5
Тақырыптар
§5. Өсімдік ұлпалары
§6. Өткізгіш және бөліп шығарушы ұлпалар
Құрал-жабдықтар
Электронды көрсетілімдер, микроскоптар, дайын микропрепараттар
Сабақтың типі
Құрастырылған

Мақсаты мен міндеттері

Өсімдіктерге тән алты ұлпаның түрімен таныстыру: түзуші, жабын, негізгі, тірек, өткізгіш, бөліп шығарушы. Әр ұлпаның атқаратын қызметін және бір-бірінен айырмашылығын түсіндіру.

Білімділік

Өсімдіктерге тән барлық ұлпалар туралы толық мәлімет беру.

Тәрбиелілік

Адамгершілік қасиеттерді, тұлғалық қалыптасуды және қоршаған ортаға жанашырлық сезімін дамыту.

Дамытушылық

Пәнге және тақырыпқа қызығушылықты арттыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сабаққа қатыспаған оқушыларды белгілеу.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сұрақтар

  1. Пияздың мөлдір өңінен жасалған препараттан жасушаның анық көрінетін бөліктерін атаңдар.
  2. Жасуша қабықшасының қызметі қандай?
  3. Саңылау (устьице) дегенді қалай түсінесіңдер? Оның қызметі қандай?
  4. Цитоплазманың қасиеті қандай және оны неге тірі зат деп атайды?
  5. Ядроның цитоплазмадан айырмашылығы қандай және жасушаға не үшін қажет?
  6. Вакуоль қандай қызмет атқарады?
  7. Тек өсімдіктерге тән органоидтарды атап, олардың қайда кездесетінін схема немесе кесте түрінде көрсетіңдер.
  8. Жасуша қабықшасының қасиеттерін талдаңдар.

1-карточка (сәйкестендіру)

Әр сөйлемде берілген жасуша бөлімдерінің қасиеттерін және қызметін оқып, сәйкес келетінін кестеге түсіріңдер.

  1. Жасуша ішіндегі сұйықтық қысымын реттейді; қажетсіз улы заттарды ыдыратуға қатысады; жасуша шырыны жиналатын орын.
  2. Сыртында екі қабатты қабықшасы бар; көбеюге қатысады; цитоплазмасыз тіршілік ете алмайтын ең маңызды бөлік.
  3. Тек өсімдік жасушасында болатын, фотосинтезге қатысатын органоид.
  4. Құрамында су, нәруыз, май бар; тіршілік әрекеттеріне қатысатын желімтек, созылмалы, қоймалжың тірі зат.
  5. Жасушаға пішін мен беріктік береді; ішкі бөлімдерін зақымданудан қорғайды.

2-карточка

  • I. Пияздың мөлдір қабықшасы жасушасындағы көрсетілген сандарды кестедегі бөлімдермен сәйкестендіріп жазыңдар.
  • II. Көп нүктенің орнына тиісті жауаптың нөмірін жазыңдар.

Биологиялық диктант

  1. Өсімдікке жасыл түс беріп, фотосинтез процесіне қатысатын жасыл пигмент — ... .
  2. Цитоплазма ішіндегі шырынға толы, сыртында қабықшасы бар қуысты ... дейді.
  3. Жасуша ... , ... , ... .
  4. Қабықшасы қалың, қатты, ыстық суда, қышқыл мен сілтіде ерімейтін ... тұрады.
  5. Цитоплазманың ішінде ерекше оқшауланып тұратын тығыз дене — ... .
  6. ... жапырақтан сабақ бойымен қозғалып келген органикалық заттардың тамыр, түйнек, тамырсабақтарда қорға жиналуына қатысады.
  7. ... — жасуша ішінде болатын жұмыртқа ақуызына ұқсас мөлдір, желім тәрізді созылмалы, қоймалжың тірі зат.
  8. Хромопласт — пластидтердің дамуының ... .
  9. ... жасушалары мен өсімдіктің шырынды мүшелерінде жасуша шырыны өте көп болады.
  10. Пластидтер гүл күлтелеріне, піскен жемістерге, жемтамырларға ... , ... түс береді.

Жауаптар

1) Целлюлоза
2) Цитоплазма
3) Ядро
4) Хлорофилл
5) Лейкопластар
6) Вакуоль
7) Піскен жемістердің
8) Тыныс алады, қоректенеді, өседі
9) Қызыл, сары
10) Ақырғы кезеңі

III. Жаңа материалды түсіндіру

Алдыңғы тақырыптарда барлық тірі ағзалардың (өсімдіктер мен жануарлардың) денесі жасушадан тұратынын айтқанбыз. Тіпті біржасушалы ағзалар да көпжасушалылар сияқты қоректенеді, тыныс алады, өседі, көбейеді, қозғалады, тітіркенеді және зат алмасады.

Тарихи дамудың нәтижесінде құрылысы күрделеніп, көпжасушалы ағзалар пайда болды. Өсімдіктердің жеке мүшелерге жіктелуі олардың көлемін ұлғайтып, сыртқы ортамен байланысын күшейтті және қоректік заттарды сіңіруін жақсартты.

Өсімдіктің өсуі мен дамуы мүшелер қызметін күрделендіріп, құрылысы ұқсас әрі қызметі бірдей жаңа жасушалардың пайда болуына әкелді. Шығу тегі бірдей, құрылысы мен қызметі ұқсас жасушалар тобы ұлпа деп аталады.

Ұлпалардың дамуы

Нағыз ұлпалар қырықжапырақтәрізділерде, ашықтұқымдыларда және гүлді өсімдіктерде жақсы дамыған, ал мүктерде өте әлсіз дамыған.

Қызметіне қарай ұлпалар

Түзуші Жабын Негізгі (қоректік, фотосинтездеуші) Тірек (механикалық) Өткізгіш Бөліп шығарушы
  • Ұлпа жасушалары тірі және өлі болуы мүмкін.
  • Өлі жасушаларда цитоплазма болмаса да, өсімдік үшін маңызды физиологиялық қызметтер атқарылады.
  • Жасушааралық кеңістігі аз болса — жасушалар тығыз; кең болса — бос орын көп болып, босаң орналасады.

Анықтама

Ұлпа — жасушалардың бөлінуі, өсуі және жіктелуі нәтижесінде түзілетін, шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметі бірдей жасушалар жүйесі.

Түзуші ұлпа (меристема)

Меристема (грекше meristos — «бөлінуші») — жасушалары үздіксіз бөлініп, жаңа жасушалар түзетін ұлпа. Жануарларда түзуші ұлпа болмайтындықтан, олардың өсуі көбіне шектеулі болады.

Орналасуына қарай түрлері

  • Төбе (апикальды) меристема
  • Бүйір (латеральды) меристема
  • Қыстырма (интеркалярлы) меристема
  • Жарақат (каллюс) меристема

Жасушаларының ерекшеліктері

  • Бір-біріне тығыз жанасады
  • Өлшемі ұсақ, қабықшасы жұқа (пектинді-целлюлозалы)
  • Цитоплазмасы қою, ядросы ірі
  • Вакуольдері ұсақ (нашар дамыған)
  • Қарқынды бөлініп, үнемі жаңарып тұрады

Өсімдіктің алғашқы өсуі өркен мен тамыр ұшында орналасқан төбе меристема және жанама меристема жасушаларының бөлінуінен басталады.

№3–4 зертханалық жұмыстар

Тақырыбы

Өсімдік ұлпалары

Мақсаты

Өсімдіктерге тән ұлпалардың құрылысын салыстыра отырып зерттеу.

Құрал-жабдықтар

Бидайдың 10 күндік жас өскіні; қарағаш, қарағай, терек қабықтары; өрік және грек жаңғағының сүйектері; алмұрт жемісі; сәбіз, қызылша жемтамырлары; асқабақ немесе жүгері сабағы; бақбақ кеппешөбі (гербарий); бөлме өсімдігі (фикус); қарағай шайыры.

Жұмыстың барысы

  1. Бидайдың 10 күндік жас өскінінің тамыр ұшынан препарат дайындап, микроскоппен қарап түзуші ұлпаны анықтаңдар; жасуша ерекшеліктеріне көңіл бөліңдер.
  2. Бөлме өсімдігі жапырағының астыңғы мөлдір өңін сылып алып, препарат жасап микроскоппен қарап жабын ұлпамен танысыңдар. Қарағай, қарағаш, терек қабықтарын да қараңдар.
  3. Өрік сүйегін және грек жаңғағының сүйегін жай көзбен қараңдар. Алмұрттың жұмсақ бөлігіндегі қатты түйірлерді езіп, микроскоппен тірек ұлпа жасушаларын бақылаңдар.
  4. Сәбіз, қызылша жемтамырларын, пиязшықты және кактус (немесе басқа шырынды өсімдік) сабағын қарап, қор жинаушы ұлпамен танысыңдар.
  5. Жүгері немесе асқабақ сабағының көлденең кесіндісін микроскоппен қарап өткізгіш ұлпаны анықтаңдар (мүмкін болса дайын микропрепаратты пайдаланыңдар).
  6. Сүтті шырын бөлетін немесе шайыры бар өсімдіктерді (сүттіген, бақбақ, таусағыз, фикус т.б.) және қарағай шайырын қарап, бөліп шығарушы ұлпамен танысыңдар.

Нәтиже (сәйкестендіру тапсырмасы)

Берілген сипаттамаларға сәйкес келетін ұлпаны анықтап, тиісті бағанға жазыңдар:

  • аӨсімдікті әртүрлі қолайсыз жағдайлардан қорғайды.
  • әЖасушалары жас, үздіксіз бөлінеді.
  • бОрганикалық зат түзуге қатысады.
  • вЖерасты және жерүсті мүшелерінде қоректік заттарды қорға жинайды.
  • гӨсімдікті жуандатып өсіреді.
  • ғЖапырақтың жұмсақ бөлігіне күн сәулесін еркін өткізеді.
  • дЗақымданған жерін қайта қалпына келтіреді.
  • еСыртқы ортамен байланыс жасап, газ алмасуды және су булануын реттейді.
  • жҚұрғақшылық жерде өсетін өсімдіктердің жасушаларында су жинауға бейімделген.

Толық нұсқасын жүктеу