Өмірлік жолы мен шығармашылық жолын зерделеу
Сабақтың мақсаты
1) Білімдік
Оқушыларға Шәкәрім Құдайбердиев туралы жүйелі, толық мәлімет беріп, білімін кеңейту; ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын зерделету.
2) Дамытушылық
Ізденімпаздықты дамыту, шығармашылыққа баулу; өз ойын еркін, дәл жеткізу дағдысын қалыптастыру.
3) Тәрбиелік
Халқымыздың тарихына, әдебиетіне, ұлы тұлғаларына сүйіспеншілікті арттыру; адалдыққа, адамдыққа тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
3 минут
Сабақ басында күй орындалады. Оқушылар «Қылқалам ұшындағы данышпан бейнесі» атты суреттер көрмесін мұқият қарап шығады.
Сұрақ: Суреттерді қарағаннан кейін қандай ойлар туындады?
II. Мағынаны ажырату
Негізгі бөлім
1) Кіріспе сөз
2 минут
Биыл еліміз ұлы ойшыл, дана Абайдың нағыз шәкірті Шәкәрім Құдайбердиевтің 150 жылдығын атап өтті. Бүгінгі сабағымызды осы мерейтойға қосқан шағын үлесіміз деп бағалайық.
Сабақ барысында ақынның өмірлік жолын да, шығармашылық мұрасын да шоламыз. Жұмысты электрондық оқулық материалдары арқылы ұйымдастырамыз. Дегенмен бүгін оқулықтың барлық тарауларына тоқталмай, негізгі екі бағытқа — өмірі мен шығармашылығына — басымдық береміз.
2) Электрондық оқулықпен жұмыс
15 минут
1-топ
«Өмірлік жолы» тарауын ашады, негізгі деректерді іріктейді.
2-топ
«Ұрпақтары» тарауын ашады, ақпаратпен танысып, қорытынды жасайды.
- Әр топ зерттеген мәселесін ортаға салады.
- Екі топқа ортақ ББҮ (Білемін – Білгім келеді – Үйрендім) кестесі толтырылады.
3) Шығармашылығына шолу
Музыкамен сүйемелдеу
Осы кезеңде Ғафиздің күйі орындалып тұрады. Мұғалім Шәкәрімнің шығармашылығын тарихи-әлеуметтік контекстпен байланыстыра түсіндіреді: әр ақын — өз дәуірінің перзенті. Шәкәрім күрделі тарихи кезеңде өмір сүріп, елдің экономикалық, рухани, мәдени ауыртпалығын көзімен көріп, көңілімен таразылады. Сондықтан ол заман шындығын және әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді тануда да, көтеруде де айрықша шеберлік танытты.
Әдеби мұрасының кеңдігі
Шәкәрім әдебиеттің әртүрлі жанрында қалам тербеді. Лирикалық өлеңдері тілдік өрнегімен көркем, мазмұны терең.
Поэмалары
Ұлы Абай дәстүрін үлгі ете отырып, «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Нартайлақ–Айсұлу» поэмаларын жазды.
Прозадағы орны
ХХ ғасыр басындағы ұлттық прозаның орнығып, ілгерілеуіне ықпал етті. «Әділ–Мария» романы көркемдік мазмұны жағынан бай.
Аударма және әлем әдебиеті
Пушкиннің «Дубровскийі» мен «Боранын», Толстой әңгімелерін, Хафиз жырларын қазақ оқырманына танытуға еңбек сіңірді. Сондай-ақ «Ләйлі–Мәжнүн» сюжетін дастанға айналдырды.
Шәкәрім мұрасының тағы бір маңызды саласы — тарихи және философиялық трактат үлгісіндегі еңбектері. Өлеңдерінде ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін көтереді. Ақын шығармаларының тақырыптық ауқымы өте кең.
III. Рефлексия
14 минут
5 минуттық эссе
5 минут
Оқушылар Шәкәрім туралы түсінгенін жинақтап, қысқа эссе жазады.
«Автор орындығы» стратегиясы
3 минут
1–2 оқушы эссесін оқиды. Тыңдаушылар 1 пікір және 1 сұрақ қояды.
«Қозғал–тоқта» стратегиясы
6 минут
Оқушылар 1, 2 деп саналу арқылы екі топқа бөлініп, шеңберге тұрады. «Шәкәрім туралы не білдім?» сұрағы бойынша ой бөліседі.
Сабақ соңында оқушылар «Қылқалам ұшындағы данышпан бейнесі» көрмесіне қайта оралып, суреттерге қайта көз жүгіртеді.
Қорытынды сұрақ: Енді қандай ойлар туындады?
IV. Үй тапсырмасы
Тапсырма тарату
Кезекші «пошташы» рөлінде оқушыларға үй тапсырмасын таратады: «Қалқаман–Мамыр» поэмасын оқу.