Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге баулу
Мақсаты
Тәрбиелік бағыт
- Оқушылардың сана-сезімін Отанды сүю рухында тәрбиелеу.
- Халқымыздың прогресшіл дәстүрлерін құрметтеуге баулу.
- Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу мәдениетін қалыптастыру.
Танымдық бағыт
- Мемлекеттік Тудың тарихи мән-мағынасы мен қызметін таныстыру.
- Әнұранның қоғамдағы орны мен салтанатты рәсімдердегі маңызын түсіндіру.
- Елге адал қызмет етуге, жауапкершілікке үндеу.
Гимн туралы түсіндіру
1-жүргізушінің сөзі
Әрбір егеменді елдің өзіне тән мемлекеттік рәміздері бар: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны. Қазақстан Республикасында тұратын әрбір адам мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, Әнұранды құрметтеуге міндетті.
Әнұран күн сайын мемлекеттік телерадио бағдарламалары басталғанда және аяқталғанда орындалады. Оның әуені көңілді толқытып, жүрекке қуат береді, егемен елімізге деген мақтаныш сезімін күшейтеді.
Әнұранның әсерлі үні салтанатты жиналыстар мен мәжілістерде, сондай-ақ еліміз үшін аса маңызды оқиғаларда асқақтай шырқалады. Шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу және шығарып салу рәсімдерінде де мемлекеттік Әнұран арқылы құрмет көрсетіледі.
Мемлекеттік Әнұран көпшілік алдында орындалғанда, оны түрегеп тұрып тыңдау — елге деген зор құрмет. Әнұран мәтінін жаттап, салтанатты жағдайларда қосылып айту — әр азаматтың парызы.
2-жүргізушінің сөзі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын өзгерту мәселесі Парламентте қаралып, бір ауыздан қабылданды. Бұрынғы нұсқаның орнына композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған «Менің Қазақстаным» әні алынды; мәтініне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев енгізген түзетулер бекітілді.
«Менің Қазақстаным» әні жазылған кезде Ш. Қалдаяқов 26 жаста, ал Ж. Нәжімеденов 21 жаста болған. Халқымыз бұл әнді зор сүйіспеншілікпен орындап, өз қалауын білдірді.
Жаңа Әнұран ресми түрде 2006 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде алғаш рет орындалды.
Мемлекеттік Әнұран бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етеді. Ол жастарды қайсарлыққа, төзімділікке, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға шақырады.
Оқушылардың ой-толғаулары
Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түрікті байрағынан таныған.
Өз ақын, өз әнші халықта,
Кім айта алар болмаған деп Әнұран?!
Енді бүгін өлген туым тірілді,
Әнұраным жалғап қалды.
Босағада қалып келген Елтаңбам,
Баяғыша төріме кеп ілінген.
Барша халық таныған,
Шырқалғанда Әнұран —
Шаттық кернер жүректі,
Біздің үміт, тілекті.
Жеңіс туын көтерген,
Жарыстарда сан қилы,
Жетіп бізге шет елден,
Көкке Әнұран шалқиды.
Шәмші атаның сазды үні,
Жігер беріп қайратты,
Бәрімізді мәз қылып,
Жаңғыртады аймақты.
Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасырған.
Несіне оны жасырам,
Әнұраным бүгінгі —
Баға жетпес асыл ән.
6–9-оқушылардың пайымы
Әнұран — тәуелсіз жас мемлекетімізді бүкіл әлемге танытқан, алтын сөзге айналған құндылық. Онда бауырмалдық пен бірлік идеясы айқын көрініс тауып, Қазақстанның көпұлтты халқы үшін ортақ алтын бесік екені дәріптеледі.
Оқушылар ойынша, ата дәстүр мен ана тілін келер ұрпаққа аманат етіп, тарих қазынасын молайту — жарқын болашаққа бастайды.
Н.Ә. Назарбаевтың сөзі жиі еске алынды: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек».
Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтып, жүрегінің түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы тиіс. Бұл — туған ел алдындағы перзенттік борыш.
Қорытынды үндеу
Мұғалімнің сөзі
Құрметті оқушылар! «Елім, жерім, Отаным!» деп соққан жүрек болса, мемлекеттік рәміздерімізді әрдайым құрметтеп, қастерлейік. Рәміздерімізді биік ұстайық!